Бұл кеш бұрынғы кештен өзгерек…
Иә, бүгін біз Әлібек ағамызды басқа қырынан таныдық. Ағамыз туралы деректі фильмді көргеннен кейін «Көзімді жұмсам да көрем сені» кітабына өмірден өткен жарына жазған хаттары арқау болғанын білдік.
54 жыл бұрын жазылған хаттардың сыры бізді қызықтырғаны сонша, біз Әлібек ағамен хабарласып, өзімен жүздесуді қалайтынымызды білдіргенде-ақ, бірден келісімін беріп, осы «Ұлылық пен адалдықтың символы» атты кездесуіміздің қадірлі қонағы болды.
Шара барысында Әлібек аға жары Гүлжанның хаттарды мұқият нөмірлеп сақтағанына таңданыс білдіре отырып, олардың қай мезгілде және қалай жазғанын тебірене әңгімеледі. Бірнеше хаттарды оқырмандардың сұрауы бойынша оқып та берді.
Осындай толғанысқа толы көңіл-күйінен біз сүйген жарының алып ұшқан ақ сезіміне толы хаттарын сақтамағанына өкінетіндігін баайқап қалдық.
Ол сондай-ақ жастарға махаббаттың не екендігін, ол жайдан-жай келмейтіндігін, оны өмір бойы аялап, қадірлеп, бір-біріне деген адал, пәк сезімдерін жоғалтпай қастерлеп өту керектігін, келе-келе махаббаттың сыйластыққа ұласатынын айтып берді.
Кездесу соңында жазушы шараға белсенді қатысқан жастарға «Көзімді жұмсам да көрем сені» кітабының бірнеше данасын сыйлады. Жастар да өз тарапынан Әлібек ағаға осындай тағылымы мол, рухани құндылыққа толы әңгімесіне алғыстарын айтып, ризашылықпен тарасты.






