ШЫҒЫСТЫҢ ЖАУҺАРЛАРЫ

ШЫҒЫСТЫҢ ЖАУҺАРЛАРЫ

 

Бірге күлейік

Кітапханамыз тек балаларға ғана емес, ересек оқырмандарға да қызмет жасайтынын естеріңізге сала кеткіміз келеді.
80-90 жылдары көрерменнің көзайымына айналған «Тамаша», «Бауыржан-шоу» әзіл-сықақ бағдарламалары аға буынның естерінде болар?
Ондағы әртістердің ойнаған скетчтері мен сахналық қойылымдарының басым көпшілігін марқұм Марат Сақатов жазғанын біреу білсе, біреу білмес.
Сатирик-драматургтың «Бірге күлейік» атты кітабы сол күйдіргі де күлдіргі қойылымдардың басын құрайды. Ендеше, не тұрыс? Кітапханамызға келіңіз. «Бірге күлейік!».

 

 

 

Шығыстың нарқасқасы.

 

Тағы бір таныстыратын кітабымыз «Шығыстың нарқасқасы» деп аталады. Бұл кітапта қазақ өнері мен мәдениетіне көп еңбек сіңірген сатирик жазушы, режиссер Марат Сақатов жайында сыр шертіледі. Сонымен қатар, талантты сатириктің қаламынан туындаған туындылар аталмыш кітаптың өзегін құрайды. Бұл кітаптарды кітапханаға жерлесіміз, режиссер, сатирик Марат Сақатовты еске алу кешіне келген облысымызға танымал әнші Ерболат Матабаев сыйлағанын атап өткіміз келеді.

 

 

«Шығыс өңірі – қазаққа Ақтамберді жырау мен Дулат ақынды, Ақтайлақ пен Кеңгірбай биді, ұлы Абай мен Шәкәрімді, кемеңгер Мұхтар Әуезовті және Қажығұмар Шабданұлы, Әзілхан Нұршайықов, Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Төлеужан Исмайлов, Нұрлан Мәукенұлы, Ұлықбек Есдәулет секілді көптеген тамаша сөз зергерлерін, Сәрсен Аманжолов, Зәки Ахметов, Сейіт Қасқабасов, Шерияздан Елеукенов, Кенжехан Матыжанов сияқты әдебиеттанушы ғұлама ғалымдарды берген қасиетті өлке. Алдыңғы аға буынның ізін басқан кейінгі толқын арасында да қабілет-қарымын дәлелдеп үлгерген талантты жастар баршылық. Ал олардың шығармашылық мұрасы – толайым қазақ жұртының ортақ олжасы, құнды қазынасы» деп жазды «Алтай-Ертіс» сериясымен шыққан «Абай шығармалары» кітабының алғы сөзінде Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев.

Кітапханамызда жақында ашылған өлкетану орталығы осы қаламгерлердің шығармаларын насихаттау барысында «Шығыс жауһарлары» рубрикасын назарларыңызға ұсынады.

 

Жұқажанов Т. «Өлеңдер жинағы»

 

Әдебиет әлемінің әзілдері

Көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаровтың кітаптары көбінесе Алтайдың әсем табиғаты жайында болып келеді. Ал енді оның «Әдебиет әлемінің әзілдері» кітабында біз қазақтың ақын-жазушылары мен ірі тұлғаларының ұлағатты сөздері мен әдемі әзілдері жайында танысатын боламыз. Аталмыш жинақтан үзінді келтірсек:

«…Әйгілі музыкатанушы, есімі әлемге танымал профессор Иосиф Исаакович Дубовский (1892-1969жж.) көзі тірі кезінде бірер жылға Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы консерваторияда дәріс беріпті. Бірде консерваторияның сол кездегі ректоры Құддыс Қожамияровқа жоғарғы жақтан «Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуовтерді оқуға қабылдап, нота үйретіңдер» деген мазмұндағы нұсқау түседі. Ректор халық таланттары нағыз мықтының өзінен дәріс алсын деген оймен, бұл мәселені Дубовскийге тапсырмақ болады. Сонда Иосиф Исаакович ректордың өтінішін сабырмен тыңдап болғаннан кейін:

  • Мен Шәмші, Әбілахат, Әсет секілді біртума таланттарды оқытуға өрем жетпейді, олар бұрынғыдай өз халқынан үйрене берсін. Егер оларды біз теорияның тар шаблонына салып, жұғысып кетсек – әндерінде аңқып тұрған ұлттық бояуды оңдырып аламыз, – деп, нағыз білімдар ақсүйекке жарасатын аталы сөзбен жауап беріпті.

Қымбатты оқырман, Әлібек Асқаровтың кітабы ұнаған болса, біздің кітапхана есігі сізге әрдайым ашық!

 

Ер қазақ

Жерлесіміз Дәулет Сейсенұлының «Ер қазақ» кітабында Алаштың ақырғы абызы, ұлтының ұлық перзенті, нағыз ғалым, жан-жақты дарын иесі Қайым Мұхамедханұлы туралы айтылады. Арабша «абыз» сөзі «сақтаушы, қорғаушы» және «құранды жатқа білуші» мағыналарын білдіреді екен. Қайым аға ұлтын жан-тәнімен сүйген, ұлт мәдениетін қызғыштай қорғап, сақтаған қайраткер болды.

Кітаптың алғашқы бөлімі Қайымның әкесі, Алаш арыстарының ардақтысы атанған айтулы халық ағартушысы, белгілі меценат Мұхамедхан жайында айтылып, Семейде ту тіккен Алаш­орда үкіметінің тарихымен жалғасады.

Кітаптың екінші бөлімінде автордың «Қайсар Қайым» деген атпен екі бөлім, үш көріністен тұратын драмалық туындысы оқырман назарына ұсынылған.

Қайым Мұхамедханов 25 жасында Абай музейінің директоры, ал 27 жасында қазақ елінің алғашқы әнұранының авторы атанды.

Шәкәрім туралы алғаш қалам тербеген де осы ағамыз болатын.

Ол өмірден озарының алдында ғалым Тұрсын Жұртбайға шығармаларын аманаттаған. Тұрсын аға жазушының артында қалған бай мұрасын жинақтап, нәтижесінде 10 томдық шығармалар жинағы «Алаш мұрасы» айдарымен «Алаш» және «Ел шежіре» баспаларынан жарық көрді. Қайым Мұхамедхановтың Семейде тұрған үйіне ескерткіш тақта, ал Абай кітапханасы алдына кеуде мүсіні орнатылды.

Қала орталығындағы Интернационал көшесі  Мұхамедхановтың атымен аталды.

Еліміздің белгілі қайраткерлері ғалым жайында:

Ахмет Байтұрсынов: «Бұл бала біздің есімімізді жаңғыртады»,

Роллан Сейсенбаев «Тектілер туралы реквием» кітабында: «Өзі де, сөзі де бөлек тұлға» деп, ал Тұрсын Жұртбай: «Қайым Мұхамедханов – Абайдың інісі, Алаштың ірісі» деп баға берген екен.

Өмірдің азабы мен мазағын да, жемісі мен жеңісін де бір басынан молынан кешкен Қайым сынды күрескер жанға 50-ге тарта ән мен жыр арналды.

Иә, ұлы мақсат жолында «Ер қазақ, қайсар Қайым атанған жан қандай құрметке болсын лайық  деп білеміз!»

Қымбатты оқырман, осы кітапты іздесеңіз, біздің кітапханамызға келіңіз!

 

Езу тартайық, ағайын

«… Мен 40 жыл күлкіге көп орын тимейтін мекемелерде қызмет істедім.
Соның өзінде, оқта-текте, езу тартатын оқиғалар кездесіп тұрғанын ескеріп,
осы шағын еңбегімді оқушы таразысына тартып отырмын»
Автор.
Мұрат Қалматаевтың «Езу тартайық, ағайын» кітабынан «Көже неге суық?» әңгімесінен үзінді ұсынамыз:
Университетті бітіріп келіп, Көкпекті аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланғаныма екі-үш айдай ғана уақыт өткен. Бір күні Семейден облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы телефон шалып, Алматыдан Орталық комсомол комитетінен жұмысымызды тексеру мақсатында бір инструктор келе жатқанын хабарлады.
Алдын-ала келісім бойынша автобус аялдамасынан қонағымды қарсы алдым. Орталықтан келген адамды қарсы алып көрмеген басым неден бастауды білмей: «Үйге жүріңіз, шәй ішейік» – дедім.
– «Сені университетте осылай үйретіп пе еді? – деді өкіл, қабағын түйіп. Мен жұмыстарыңды тексерейін деп келдім, шәй ішіп, қонақ болайын деп келгем жоқ. Екі-үш күн ауданда боламын, басшылармен жолығамын. Жатар жерім – қонақ үйі, тамақтанар жерім – асхана болады. Ұқтың ба», – деп тексерушім маған бақырая бір қарап алды.
– Елге келген адамға құрмет көрсетіп, ас ұсынуды университет емес, анамнан үйреніп едім, – дедім мен де сөз реті келгенде.
Байқаймын, қонағым ыңғайсызданып қалғандай болды.
… Қонақ үйдің де жағдайы ұнамады Алматылық өкілге.
– Меню әкеліңіз, – деді асханаға кірісімен, – даяшы қызды шақырып.
– Меню деген бізде жоқ, – деді қызымыз. Только окрошка и котлета, что обязательно читать надо – деп официантка қабақ шытты емес пе, бар болғыр…
– Әп-сәтте окрошкамыз да келіп қалды.
– Көже неге суық? – деді инструктор ауызына бір қасықты апарар-апармастан.
Дәмін татып көріп едім, расында салқын екен, бірақ маған ұнап барады. Бұрын кім ішіп көрген бұл пәлені. Студенттің бар тамағы борщ пен нан еді ғой (көпшілігіміздің).
– Шақыр даяшы қызды! Директорды, аспазды да райкомға қоса шақыр!, – деді де қонағым тарелканы сиырып тастады да, «кеттік конторыңа» деп бұйырды. Асхана бастығына «Сіз, повар екеуіңіз жаңа жұмыс іздеңіздер» деп кесіп айтты кетіп бара жатып.
Райком комсомолға кіргеніміз сол еді, телефон шылдыр ете қалды. Тексеруші менің бөлмеме кіріп кеткен. Мен трубканы алсам, Обком комсомолдың бірінші хатшысы Базар Мухамеджанов екен.
– Қалай қарсы алдың ба «бастықты»? – деп күле сөйледі Базекең.
– Қарсы алғаны бар болсын, таң атқалы естігеніміз сынау-мінеу болып жатыр, – дедім де «окрошканың жырын» айттым.
– Ойбай-ау, окрошка дегеннің өзі суықтай берілетін тағам-ғой, сен білмеуші-ме едің? – деп бастық таң қалды.
– Берші трубканы инструкторға, – деді.
– Сіз қайта телефон шалыңыз, әйтпегенде мен Сізге шағынғандай боп қалармын дедім.
Екеуінің не сөйлескенін білмедім, әйтеуір, аздан соң уәкіл мені шақырып: « Мұрат, әлгі асхана бастығына «отбой» бере тұр, жұмыстарын пока істей берсін. Ал, сен үйдегі келінге айт түске бір ыстық тамақ дайындап қойсын. Кешке шұғыл түрде қайтуым керек» – деді емес пе қонағым…»
Құрметті оқырман, Мұрат Қалматаевтың кітаптарымен танысқыңыз келсе, кітапханамызға келіңіз!
Share

Пікір үстеу