Адамзаттың алтын бесігі – Алтайда туып, атажұртында түлеген ақын Ілия Кәрімқызымен кітапханамызда келелі кездесу өтті. Ақын кеш барысында сағыныш исі бұрқыраған сырлы өлеңдерінің өзегіне айналған туған жері, өскен ортасы, балалық шағы жайлы толғана әңгімеледі. Кештің қадірлі қонағы ҚР Жазушылар одағының ШҚО филиалының төрағасы Қаңтарбаев Әлібек Қалиұлы бастаған өлкеміздегі әдебиет майталмандары кеш иесінің шығармашылық әлемі жайлы кеңінен толғап, өз ізгі тілегін жеткізді. Шараға Ақсуаттан арнайы келген әнші Ерболат Құмарұлы ақынның сөзіне жазылған «Алтайға барғым келіп жүр» әнін әуелете орындады. «Шабыт» студенттер театрының қатысушылары Ілия Кәрімқызының сырлы сөз бен мөлдір сезімге толы лирикалық өлеңдерін оқып, кештің көркін аша түсті.