Бүгін көктемнің жайма шуақ күнінде кітапхана төрінде балдай тәтті балдырғандар мерекелік шараға қатысып, қуанышқа кенеліп қайтты. Мерекелік думан балалар және жасөспірімдер кітап апталығының ашылуымен басталды. Шаттыққа бөленген бүлдіршіндер ертегі кейіпкерлерімен бірге ойнап, бірге билеп, тапқырлықтарымен білімдерін ортаға салды. Шара шымылдығы әсем әнмен ашылып, кітапханашының қызықты тапсырмаларына ұласты. Алғырлығымен көпшілікті тәнті еткен Всезнайка, ұтқырлығымен ойлы сауалдарын жолдаған Кітап патшайымы да кештің көркін кіргізді. Ал ертегі кейіпкері Жалмауыз кемпір кештің шырқын әбден бұзғысы келіп, кедергі жасаса, сұлу Күлшеқыз көмекке келіп, балалармен бірге көңілді би биледі. Түрлі қызықты ойындарды ойнатқан Бармақ батыр болса, бауырсақ әнін айтып, оқушылардың көңілін бір серпілтіп тастады. Мерекелік шара соңында айтыскер ақын Қуаныш Еркінұлы, және жас ақын Санжар Сұлтанғазы кітапханамыздың белсенді үздік оқырмандарын кітапхана әкімшілігінің атынан алғыс хатпен марапаттап, балаларды мерекемен құттықтады.