Рухани жаңғыру 2023

Айдос Тлемисов: жоспардан тыс қабылдау

22 мамыр күні Өскемен қаласының А.Байтұрсынов атындағы №20 орта мектебі мен Қ. Нұрғалиев атындағы №43 мектеп- лицейдің 9-шы сыныптан кейін медицина саласын таңдаған оқушыларымен Рухани Жаңғыру бағдарламасы аясында кәсіби бағыт-бағдар беру мақсатында Абай облысының мүгедектерді абилитациялау және оңалту орталығының директоры, 1 санатты травматолог-ортопед, PhD дәрежелі дәрігер, профессор, ТМД елдері арасындағы «100 жаңа тұлға – 2022» I Халықаралық кітап басылымының лауреаты Тлемисов Айдос Советқанұлының қатысуымен «Айдос Тлемисов: жоспардан тыс қабылдау» атты кездесу өтті.

Шара барысында оқырмандар қонағымызға өздерін толғандырған, қызықтырған сұрақтарына толық қанды жауап алды. Кеш қонағы травматологиялық аурулар жайлы, оның неден пайда болатыны, қандай емі бар екендігі туралы толық мәлімет берді.

Сондай-ақ болашақ ізбасарларына медициналық қызметтің қыр-сырын түсіндірді. Өзінің оқыған кітаптары жайлы айта келе «Абай жолын» міндетті түрде оқып шығуларын өтінді. Шара өте қызықты да тартымды өтті.

 

«Жергілікті туризм» экскурсиялық сабағы

Өлкенің тарихы – сол өлкеде ғұмыр кешіп жатқан әрбір адамның білуге міндетті дүниесі. Әр өңірдің өзіне ғана тән ерекшеліктері, бояу-болмысы, табиғат ғажайыптары, тұлғалары, шежіре тарихы болатыны хақ. Өлкенің арғы-бергі тарихын, оның тұлғаларын қала мектептерінің оқушыларына, Өскемен қаласының жастарына таныту, дәріптеу – кітапханашылардың басты міндеттерінің бірі. Осы орайда кітапхана қызметкерлері «Құмаш Нұрғалиев атындағы №43 орта мектебі» КММ-нің 7-сынып оқушыларымен бірге «Жергілікті туризм» экскурсиялық сабағы аясында қаламыздың көрнекі жерлерін аралауға шықты. Қала тұрғындарының қызыға демалатын орындарының бірі «Жастар» саябағын аралата отырып, қатысушыларға сан ғасырлық тарихы бар Өскемен қаласы мен Ертіс, Үлбі өзендері туралы тың мағлұматтарға берілді. Сондай-ақ гид-қызметкер оқушыларға Ахмер, Меновное ауылдарының ежелгі тарихи топонимикалық-ономастикалық атаулары жайында тарихи деректер мен соңғы зерттеу нәтижелерін баяндады.

Шараның негізгі мақсаты – шығыстың табиғаты, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі жайлы, Өскемен қаласының және ондағы кейбір елді мекендердің тарихи, ономастикалық атаулары туралы қала мектептерінің оқушыларына түсіндіру, саналарына тоқыту. Соңғы үлгідегі заманауи технологияны пайдаланып, қала ішінде экскурсия жүргізіп, оқушылар мен ұстаздарына, кітапхана қызметкерлеріне бұрын-соңды естімеген тың деректерді алға тартып, өлкенің шынайы тарихының бетін ашып көрсету. Шара соңында балалар өздері туып-өскен қаласы туралы бірқатар ақпаратқа қанығып, көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алып, риза болып қайтты. Мұндай танымдық шаралар алдағы уақытта өз жалғасын табады.

 

 

Share