Бүгін кітапханада қонақта – белгілі суретші, кәсіби графикалық дизайнер және иллюстратор – Дәурен Тасболатов болды. Оның жұмыстары қазақстандықтардың жеке коллекцияларында және халықаралық көрме алаңдарында қойылған.
Кездесу барысында суретші шығармашылық жолының қалай басталғандығын, сурет салуға деген құштарлық оның бала кезгі арманы екенін айта келе, қазіргі таңда ол қазақ халқының тарихына арналған суреттерді салып жүргенін және ол шабытты өзі оқыған тарихи кітаптардан алғанын әсіреле әңгімеледі.
Кездесуге қатысушылар назарына бірнеше картиналар ұсынылды. Солардың бірі – «Семей: Шәкәрім. Абай. Әуезов» (2023ж). Бұл композиция қазақ халқының тарихындағы маңызды сәттерді: қуғын-сүргіннен бастап Семей ядролық полигонының қасіретіне дейін бейнелейді.
Сондай-ақ суретші бірнеше стильден тұратын «Көшпенділердің мифологиялық санасы» атты арт-панно туралы айтты. Паннода қазақтың ата-баба рухы – көшпенділердің салт-дәстүрлері, жазу-сызу, ырым-тыйымдар, рәсімдер және т.б. бейнеленген.
Кездесу соңында кітапхана қонағына шығысқазақстандық белгілі өлкетанушы А.Әубәкіровтың «Письма в никуда» кітабы сыйға тартылды.