Бүгін кітапханамызда оқырмандарды қазақтың материалдық емес мәдени мұрасымен таныстыратын «Дәстүр және мәдениет» этно-көрмесі ашылды. Ашылу салтанатына балалар, олардың ата-аналары және ата-әжелері жиналды. Қазақы киіз үй ішінде өткен бұл шара ұлттық киіммен келген қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Киіз үйде қатысушыларға арнап халқымыздың қонақжайлылығын көрсетіп, байлық пен берекенің белгісіне айналған дастарқан жайылды. Қатырма – ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдардың ең негізгілерінің бірі, дайындалу мәзірі де көне. Жасы үлкен әжелеріміздің бірі кішкентай қонақтарға қатырманы ұсынып, өз ізгі тілегін білдірді.
Мерекелік кештің келесі бөлігінде көрермендер ертеден келе жатқан қазақтың дәстүрлі-музыкалық орындау шеберлігінің озық үлгісіне айналған ерекше өнер – домбырада ойналатын ортеке-қуыршақ биімен танысты. Әртүрлі күйлерден попурри орындаған күйші Ахметова Нұрбану Қанатқызы оқырмандарға таутеке биі туралы қызықты мәліметтер айтып, сұрақтарына жауап берді. Ұлттық ойындарды ұлықтау мақсатында ата-әжелер балаларға асық ойынының түрлерін көрсетіп, олардың қызығушылығын оятты.
Бүгінгі өткізілген іс-шараға белсене қатысып, тәрбиеленушілері мен ата-аналар арасындағы үйлесімділігін ұйымдастыра білгені үшін «Мирас» балабақша-бөбекжайының тәрбиешісі Мусаханова Алма Увалиевнағв алғысымыз шексіз.
Өткізілген шара кітапханамызда ары қарай да жалғасын табады. Осындай ұлттық маңызы бар мерекелік басқосу арқылы біз ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді жас ұрпақ бойына сіңіріп, ертеден келе жатқан мәдени мұраларымыздың сын-сипатын бұзбай, сол қалпында ұсынуға мүмкіндік аламыз.