«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында  «Көркем әдебиеттегі егіз тұлға» атты әдеби вернисаж

«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында «Көркем әдебиеттегі егіз тұлға» атты әдеби вернисаж

ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында «Көркем әдебиеттегі егіз тұлға» атты әдеби вернисаж өтті.
Шарада көркем әдебиеттің қос үні – бірі проза, бірі поэзия әлемінің сұлулығын, таным-талғамын жеткізетін екі тұлға – Т.Әлімқұлов пен Ж.Нәжімеденов шығармалары таныстырылды. Шағын әңгіменің шебері Т.Әлімқұловтың Махамбет Өтемісұлының соңғы күнін көркем шындықпен суреттеген «Қараой» шығармасынан шағын сахналық қойылымды «Шабыт» студенттер театрының мүшелері ұсынды, Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйі орындалды.
Сонымен қатар 21 жасында еліміздің Әнұраны «Менің Қазақстаным» өлеңін жазған, қазақ поэзиясының аса дарынды қаламгері Ж.Нәжімеденовтың өлеңдері оқылып, талданды.
Оқырмандардың назарына ұсынылған «Әдебиет әлемінің қос жұлдызы» атты кітап көрмесі шараның мазмұнын толықтыра түсті. Көрмеден Т.Әлімқұловтың «Тұлпардың тағдыры», «Сапар», «Ақбоз ат», «Ел мен жер» шығармашылық мұралары таныстырылды. Ж.Нәжімеденовтың туындылары тек поэзия ғана емес, сондай-ақ халқымыздың жан дүниесін, тіршілігін, болмысын бейнелейтін «Ақшағылдар», «Кішкентай», «Атақ пен дақпырт» романдары туралы қызықты ақпараттар берілді.
Оқырмандар «қылқалам», «сөре-мәре» танымдық ойындарында өз білімдерін сынап, шығармаларды жаңаша көзқараспен тануға мүмкіндік алды.
Шара оқырмандарға «Бір ел – бір кітап» акциясының маңыздылығын түсінуге, қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлғалардың шығармашылығына қызығушылықтарын арттыруға ықпал етті. Ұлттың әдеби мұрасын жаңғыртуда, жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін оятуда ерекше орын алатыны сөзсіз.
Share