Балалар және жасөспірімдер кітаптарының апталығы салтанатты түрде ашылды

Балалар және жасөспірімдер кітаптарының апталығы салтанатты түрде ашылды

Кітапханамызда Балалар және жасөспірімдер кітаптарының апталығы салтанатты түрде ашылды. Апталық бағдарламасы оқудың беделін көтеруге бағытталған қызықты шараларды қамтиды.
Мерекелік кешке келген кішкентай бүлдіршіндерді Алдар көсе көңілді әуенмен қарсы алып, биылғы жылда мерейтойы аталып өтілетін балалар әдебиетінің алып тұлғаларының шығармашылық мұрасына арналған кітап көрмесімен таныстырды.
Ал «Кітаптар мен шытырман оқиғалар әлемі» мерекелік қойылымының кейіпкерлері балалармен түрлі ойындар ойнап, кітап оқудың маңыздылығын түсіндірді. Қатысушылар «Көңілді кейіпкерлер», «Мен бәрін білемін», «Бауырсақтың әлпеті» ойындарына белсене қатысты. Ғылымға қызығушылығы бар бүлдіршіндерге «Жанартау жанданды» тәжірибелік ойыны ерекше көңіл-күй сыйлады. Мерекенің соңында бір жыл көлемінде ең көп кітап оқыған кітапқұмар оқырмандардың қорытындысы шығарылып, марапатталды. Шараның құрметті қонағы балалар ақыны Кәмшат Нұғыманова оқырмандарды атаулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған осындай шаралар апта бойына жалғасын табады.
Кішкентай достар, өздеріңді кітапханамызда асыға күтеміз!
Share