Тұрысбек Сәукетаев 1950 жылы 14 қарашада Алтай өлкесінде дүниеге келген. 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектебін бітіріп, сол жылы Алматы Халық шаруашылығы институтына оқуға түседі. 1970 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетіне оқуға түседі. 1975-1989 жылдары Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында аударма фильмдер бірлестігінде 16 жыл бойы еңбек еткен. 1989 жылдан бері «Жұлдыз» журналында әртүрлі басшылық қызметтер атқарады. 1997-2014 жж. «Хабар» Агенттігінде кинофильмдер аудару бөлімінің бас редакторы болды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі Т.Сәукетаев шығармашылық жолын өлеңмен бастаған. Алғашқы «Ұстаз» атты өлеңі 1965 жылы Күршім ауданының «Коммунистік еңбек» газетінде жарияланған. Көптеген әңгіме-повестер: «Сүткенже», «Айлы түн еді», «Қайыңдар, аппақ қайыңдар», «Көлеңкелер патшалығы», «Айқараңғысы», «Желқайық», «Эпилог», «Қызылбалақтың қазасы», «Мен – жындымын» романдарының авторы. Жазушы аударма саласында да өнімді еңбек етіп келеді. Екі жүзден астам киносценарий, Ги де Мопассанның, Амброз Бирстің новеллалары, Голдо Мейердің «Менің өмірім» кітаптарын аударған.
Т. Сәукетаев – «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері. «Жалын» журналының әдеби байқауы, «Қазақ хандығы – 550» байқауының жүлдегері. 2017 жылы «Мен – жындымын» романы «Жылдың үздік кітабы» болып танылды. 2022 жылы «Желқайық» романы үшін Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалымен марапатталған.