Досқанаұлы Ырғызбай әулие 1787 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы Қапанбұлақ станциясының маңындағы Қарақия тауында дүниеге келген.
Орта жүзге белгілі халық емшісі, әулие, көріпкел. Найман ішіндегі Мәмбетқұл (Қыржы) руынан шыққан. Ырғызбай жасынан шипалы шөптерді пайдалана отырып, талайдың дертін жазып емдеген. Ол аурулардың тамырын ұстап, алақанына, тырнағына, бет-әлпетіне қарап аурудың түрін ажыратып, шипалы тамыр-шөптерден дәрі-дәрмекті өзі дайындаған. Сондай-ақ қолмен сылап-сипау арқылы да ем-дом жасаған және көріпкелдік қасиеті де үлкен болған. Ол алыстан қиналып келе жатқан науқасты күні бұрын болжаған, сырқаттарды ақысыз-пұлсыз емдеп, ауқаттылардың берген дүниесін, пұлын жетім-жесірлерге, кедей-кепшіктерге үлестірген. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Ырғызбай белгілі би Құнанбай Өскенбайұлын емдеп, асқынған ауру – шешек дертінен жазған. Әулиелігі сол келе жатқан адам қандай дертпен келе жатқанын біліп, дәрісін даярлап отыратын болған. Атақты айтыс дүлдүлі, ақын Түбекті де емдеп, жараларынан жазған деген дерек бар. Ырғызбайдың баласы Кенжалы би, немересі Әбсейіт болыс болған. Ұрпақтарының қатысуымен 1990 ж. Ырғызбай басына күмбезді мазар тұрғызылып, әр түрлі рәсімдерді өткізуге арналған арнайы орын салынды. Ырғызбай әулиенің жатқан жері киелі орын болып есептеліп, қазірде көп адам басына барып тағзым етеді. Өмір бойы халықтың алғысын арқалаған абыз Ырғызбай 63 жасында 1850 жылы Күмісті бастауында өмірден өтеді. Өлерін сезіп алдын-ала дайындалған абыз балаларына «Мені осы Барқытбелге жерлеңдер, зират көтермеңдер, ұрпақтарым көтереді» – деп өсиет айтқан. Кейіннен Күмісті жайлауындағы әулие зираты ұмыт бола бастайды. Сол жерді мекендеген Шыныбай есімді адам: «Үйдің қасында бір төмпешік бар еді. Өріске ұзамаған қозы-лақ сол төмпешікте ойнақтап жүретін. Бір күні түсіме ақ сақалды қария кіріп» Әй, Шыныбай, мен сенің Ырғызбай деген атаң боламын. Менің басымда мал ойнақтап бітті, зиратымды көтер, саған Алла тағала береді» – деп аян берді» – деп еске алады. Қолы қысқа болса да Шыныбай мазар көтеруді қолға алып, күзге дейін бітіреді. Әулиенің басына сандықша да қояды. Осыдан кейін Шыныбайдың шаруасы дөңгеленіп, ұрпақтары өсіп, бақуатты өмір сүрген екен. Ал әулиенің бүгінгі тұрған мазарын Ақсуаттың Кіндікті ауылында тұратын ұрпақтары 1956 жылы тұрғызған. Кейін тәуәп етіп келгендерге арналған тас үй салынған екен. Сырқатына дауа, ауруына ем іздегендермен қатар, жолын ашып, мал басын көбеюін тілейтіндер де бар екен. Тіпті індетке ұшыраған малды Әулиенің басына түнетсе, айығып кетеді деген де сөз бар. 2014 жылы Ырғызбай ата кесенесі кешен ретінде толық жөндеуден өтті. Келушілер саны жыл сайын көбеюде. Заман талабына орай зиярат етушілерге жағдай жасау қажет болды. Күрделі жөндеу нәтижесінде жай ғана мазар емес, басында кітапхана мен мұражайы, асханасы мен қонақ үйі бар үлкен руханият орталығына айналды. Мазардың қасынан төрт мұнаралы мешіт бой көтерді. «Дала даналары кітапханасында» сирек кездесетін үш мыңға жуық әдебиет жинақталған. Соңғы екі ғасырда шыққан әдебиет пен тіл, ғылыми медицина жайлы кітаптар бар. Ал «Аманат» мұражайында дала халқының тұрмыс-тіршілігін сипаттаумен қатар Ырғызбай әулиенің тұтынған заттары-жәдігерлер сақталған. «Аллаға сиын, әулиеден медет сұра» – деген халық даналығы. Сырқатқа ем, көңілге үміт, тәнге қуат беретін Ырғызбай әулиенің мазар-кешені бүгінде Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы мәдениет бөлімінің иелігінде.