Ұлы Отан Ұлы Отан соғысының аңызға айналған қолбасшысы, талантты жазушы, Қазақстанның Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының тұлғасы әрдайым үлкен қызығушылық тудырады. Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 9-сынып оқушылары «Ұшқан ұя» кітабының желісі бойынша ұйымдастырылған «Қаһарман ұлы қазақтың» квестіне белсене қатысты.
Квест сәтті өту үшін қатысушыларға шығарманы терең білу, ойдың шапшаңдығы мен икемділігі, команда болып үйлесімді жұмыс істеу қажет болды. Оқушылар алдын ала Б. Момышұлының автобиографиялық повесін оқыды. Шара басталғанда үш командаға бөлінді. Әр станцияда олар тапсырмаларды сенімді орындады: «Қаһарман қаламгер» бөлімінде жазушының өміріне қатысты жылдар мен оқиғаларды сәйкестендірді. «Ұлт дәстүрі» кезеңінде қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты үзінділерді тауып, олардың мәнін түсіндірді. «Ұшқан ұя ізімен» бөлімінде шығарма кейіпкерлерін талдап, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Соңында қорытынды жасалып, пікірлер айтылды. «Ұшқан ұя» туындысы ең әуелі отбасыға алғыс айтуды, тарихты құрметтеуді және халқымыздың рухани құндылықтарын сақтауды үйретеді.




