Шілікті алқабы (Шығыс Қазақстан облысы)

Шілікті қорымы Зайсан ауданы, Шілікті ауылынан оңтүстік батысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан. Ұзындығы – 80, ені – 30 шақырым осы кең жазықты оңтүстігінде Тарбағатай, шығысында Сауыр-Сайқан, солтүстігінде Маңырақ таулары қоршап жатыр. Шілікті ерте сақтар заманындағы элитарлық ескерткіштердің бірегейі. Бұл шынымен Патша алқабы, себебі, мұнда 200-ден астам қатар-қатар үлкен қорғандар орналасқан. Табиғаттың үйлесімді әсерінің және адамның ғасырлар бойы қызметінің салдарынан пайда болған тарихи-мәдени ландшафт аймақтың басты құндылығы болып табылады. 1960 жылы археолог С.С. Черников №5 қорғанды қазып ашты, мұнда 524 алтын зат табылды. «Ұшып келе жатқан бұғы» түріндегі қапсырмалар, бүркіттер, балықтар, қабан бейнелерінің мүлтіксіздігі және мәнерлілігі таң қалдырады.  
Таңқаларлық ашылымдарды қазақстандық археолог А.Т. Төлеубаев жалғастырады. 2003 жылы көлемді және орналасу ерекшелігімен белгілі №1 қорғанды қазып ашқан кезде көптеген заттар табылған. Биіктігі сегіз метр үйме астынан балқарағай бөренелерінен салынған қабір табылды. Қорғанның тоналғаны анықталған. Табылған адамның бас сүйегі бойынша антропологтар патша тұлғасының сыртқы келбетін бұрынғы қалпына келтірді. 

4333 алтын бұйым табылды: барыс, бүркіт, бұғы, бөлтірік, арқар түрінде жасалған қапсырмалар. Ежелгі көшпенділер өнерінің төлтума жауһары – екі бұғыдан жасалған геральдикалық композициясы бар қапсырма.       
2016 жылы бұл ескерткіш «ШҚО-да археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытудың 2016-2018 жылдарға арналған бағдарламасы» атты облыс әкімдігінің жобасына енгізілген. Қазба жұмыстары №16 қорғанда жалғастырылды. Қорғанда табылған балқарағай мазарының тоналғаны белгілі болды. Оның әртүрлі бөліктерінде табақ алтыннан жасалған 2000-нан астам әшекейлер – бұғы, бүркіт-грифон, мысық жыртқыш түріндегі қапсырмалар, геометриялық түрінде киімге тігілген жапсырмалар. Ең маңыздысы – қабір үстіндегі жерлеу құрылыс сәулетін, құрылыс технологиясын жүйелеп тексеруге мүмкіндік болған. Материалдар біздің дәуірге дейін VII-VI ғасырларға жатады.            
Ескерткіштің бірегейлігі: Шіліктінің алтын әшекейлері сақтар өнерінде ең алғашқысы. Сақ басқарушысы маңызды мерекелер кезінде алтын қапсырмалармен безендірілген киім киген. Бұл мерекелік костюмді ғалымдар бұрынғы қалпына келтірген. Тек Қазақстанда емес, бүкіл Еуразиялық кеңістікте бірегей «Алтын адам» табылды.

Материалдар ерте сақ дәуірінің б.э.VIII –VII ғасырды қамтиды. Шілікті қорғанынан табылған жәдігерлер біздің эрамызға дейінгі бірінші мыңжылдықтардың орта кезеңін қамтып, мәдени –тарихи процестерді қайта қарауға әсерін тигізетін соңғы жылдардағы таңғажайып қазбалар қатарына жатады.

Share