Кітапханадағы бүгінгі кездесуіміз «Өнер палитрасы» атты үйірмелердің шығармашылығына арналды. Жыл көлемінде балаларға арнап жүргізілген «Сыйқырлы бояулар», «Керім- ай», «Тоғызқұмалақ», «Дженга», «Әсем-ай», «Волшебный клубок» үйірмелері өз жұмыстарын қорытындылап, қатысушылардың шеберліктерін көрсету мақсатында ерекше көрмелер ұйымдастырды.
Шара барысында «Керім- ай» би үйірмесі қатысушылары көңілді қазақ биін билеп, «Волшебный клубок» тоқыма үйірмесі қол сөмке, қуыршақ, бас киімдер тоқыса, «Әсем-ай» қолөнер бұйымдар үйірмесі қазақи нақышта алқа, сақина, білезік жасап жыл көлемінде жасаған басқада бұйымдарын таныстырды. Сондай- ақ «Сыйқырлы бояулар» сурет үйірмесі қатысушылары әдемі әрі жылдам сурет салып, өздерінің шеберліктерін көрсетсе, ұлттық ойын «Тоғызқұмалақ» қатысушылары өткен жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, еліміздің абыройын көтергенін мақтанышпен бөлісті. «Дженга» үйірмесі ойынның ережелері мен стратегиялары туралы көрерменге кеңінен таныстырды.Балалармен «Ойлан тап», «Бірге қайталаймыз» атты қызықты ойындар ойнатылып, «Оқуда озат боламын» және «Тәуелсіз қазақтың қызымын» әні шырқалды. Бұл шара үйірмелер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, шығармашылық ізденістерге жаңа серпін берді.








