Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Өскемен қаласындағы Мызы көшесі, 16/2 мекенжайында орналасқан Студенттер үйінде «Кітапханадағы жатақханада» атты мерекелік шара өтті. Шараға Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының басшысы Самат Берікболұлы қатысып, оқырмандарға, кітапханашыларға жарқын бастамаларына жылы лебізін білдірді. Шара барысында жастар өздері оқыған кітаптары туралы ой бөлісіп, ән мен күйден, өлең-жырдан шашу шашылды. Сондай-ақ түрлі ойындар ойнатылды. Аталған Студенттер үйінде бірнеше жылдан бері тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқан «KITAPstyle» студиясы бар. Студия жатақханада тұратын жастар арасында кітап оқуды насихаттап, оқырман мәдениетін қалыптастыру бағытында өз жұмысын тиімді жүргізіп келеді. Осы игі істің нәтижесінде жыл бойы көп кітап оқып, мәдени шараларға белсенді қатысқан жастарға алғыс хаттар табысталды.










