Кітапханада қазақтан шыққан алғашқы ұстаз, қазақтың ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған аудармашы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Даланың дара ұстазы» атты тарихи репортаж болып өтті.
Шара қатысушыларына Қостанай топырағында ұлтымыздың алғаш білім қоңырауын соққан Ы.Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық мұражайының қызметкері Досмағамбетова Шынар Сұлтанқызы тікелей байланысқа шығып, жазушының өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін мемориалдық мұражайды таныстырды. Сырттай саяхатқа республика көлеміндегі балалар мен жасөспірімдерге қызмет көрсететін кітапхана қызметкерлері мен оқырмандары, Өскемен қаласының А.Байтұрсынов атындағы №20 орта мектебінің ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Қатысушыларға мұражай қорындағы экспонаттар, диограммалар, кітаптардың алғашқы мұқабасы, Ы.Алтынсариннің жеке заттары, мектептерінің макеттері, фотосуреттер, естеліктер, шеберхана залы, зергерлік бұйымдардың бай коллекциясы – қыздар әшекейлері таныстырылды.
Ұлы ұстаздың құнды мұраларын насихаттауда қызмет етіп жатқан Ы.Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық мұражайының ұжымына еңбектеріңіз жана берсін демекпіз!
Ы.Алтынсарин халқының мәдени көркейіп өсуі үшін бойындағы бар күш-жігерін аянбай жұмсаған нағыз патриот. Өз бойындағы қуатын халық игілігіне арнаған адал жанды жазушы ретінде ұрпақтың есінде мәңгі қалады.