Наурыз мейрамын қарсы алу, мерекелеу халық арасында 14 наурыз – Көрісу күнінен басталады. Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін, бір-бірімен қауышатын мерекесі ғана емес, сондай-ақ, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін күн. Өйткені, Көрісу салты бір күнмен ғана шектеліп қалмай, Наурыз айының соңына дейін жалғаса береді.
Бүгін айтулы мереке кітапханамызда ерекше көңіл-күймен басталды, кітапхана қызметкерлері бір-бірін Амал мерекесімен құттықтап, ұлттық тағам – бауырсақтан ауыз тигізіп, жаңа жылға тек жақсылық, сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, тұрақты оқырмандарымыз – ШҚО білім басқармасы Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейі» КММ-ның 6 сынып оқушылары кітапханамызға қонаққа келіп, «Жаңа серпін, жаңа леп» мерекелік шарасына қатысты.
Оқушылар арнайы жасалған дастарқаннан дәм татып, дастарқан басында ата мен әжеден қазақ халқының ұлттық мейрамдары, салт-дәстүрлері, ұлттық тағамдары жайлы ақпарат тыңдай отырып, әртүрлі ойындар ойнап, өз пікірлерімен де бөлісті. Атасының батасын алып, мол мағлұматқа қанық болған оқырмандарға шара соңында кітапхана қорындағы Наурыз мейрамы мен ұлттық құндылықтар жайлы «Наурыз – бірліктің бастауы» атты мега-көрме таныстырылды.