Тіл – болмыстың үйі.
М. Хайдеггер
Бастау
Жаңа, екінші мыңжылдықтың үшінші жазында ауылымызда ұлан-асыр той өтеді екен деген хабар тарады. Атақты жерлесіміз, түрколог-ғалым Сәрсен Аманжоловтың туғанына жүз жыл толған екен. Біздің мектеп те, көше де сол кісінің атында. Тіпті, Өскемендегі білдей бір университетке есімі аталмақ. Айтулы мерекеге орай қара күзде еліміздің түкпір-түкпірінен әйгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, сан түрлі өнер иелері ауылымызда қонақ болады. Қуанышымыз қойнымызға сыймап еді. Қазанның ортасынан ауа ауыл сыртындағы жазықта аламан бәйге өтетін жердің нобайы анықталып, әр тұсқа белгі қойылды. Кішігірім концерт өтетін алаңқай белгіленіп, екі жерге алтыбақан орнатылды. Еркін, қазақша күрестен, гір көтеруден, түйіндеп айтқанда, ер жігіттің бағы мен күші сыналатын қаншама сайыс өтпек. Мектептің артындағы кең алаңға жапырлап киіз үйлер тігілді. Тоғыздамыз, дайындықтың қарқынды жүргенін өз көзімізбен көрдік. Бізді мектептің алдында хормен өлең айтасыңдар деп сабақтан соң алып қалады. Анамыз бастауыш сынып мұғалімі еді, күнде таңертең ерте кетіп, кешке қайтатын болды. Мектепте үлкен жиын өтпек, Алтай Аманжолов бастаған ғалымдар келеді. Біздің мектепте!
Тойды көретін де күн болады екен. Әрең шыдадық. Өте көп адам келді. Өлеңмен қарсы алған біздерге: «Бәрекелді, жарайсыңдар» деп қояды. Алтай Аманжоловтың көзілдірігі жарқырап, мектепті аралады, кабинеттерге кіріп көрді. Жүзінен разылық байқадым. Жиын өткен шақта, барлығы сыртқа беттеді. Домбыра ұстаған қыз-жігіттер өз кезегінде тамылжытып күй шертті, шырқап ән айтты. Тегіс мәз болдық. «Шіркін, концерт деген осы-ау!». Қонақтар аламан бәйгені тамашалады, сайыстарды көрді, киіз үйлерге түсті. Мен балаларға арналған киіз үйден шығып, жабдықтардан сығалап, кіші атам – Мүсілім Құмарбекұлын (жазушы, облыстық «Дидар» газетінің тілшісі) іздеп жүргенім есімде қалыпты.
Кейін ойладым. Атақты жерлесіміздің сіңірген еңбегі қандай? Қысқаша өмірбаянынан басқа не білеміз? Қандай мәселелерді көтерді? Бастысы – шешімі қандай?
Негізгі бөлім
Сәрсен Аманжолов өз еңбектерінде, ең алдымен, туған халқының шығу тегін ғылыми түрде байыптап алуға тырысқаны байқалады. Өйткені патшалық Ресей дәуірінде де, Қазан төңкерісінен кейінгі Совет Одағы кезеңінде де қазақ елінің тарихы барынша бұрмаланып, батпаққа батып жатқан кезі еді. Марқұм Қабдеш ақсақалдың сөзі бар: «Жалған тарихшыларды халық жауы ретінде атып тастау керек» деген, бірақ, сол замандағы шовинист, әсіре жалған тарихшылардың тасы өрге домалап тұрған, «қарағай басын шортан шалған» заман…
Сәрсен бала кезінен жыр-қиссаға әуес болған, бірде 85 жастағы найман Темірбай қарттың аузынан Кетбұға жырау Шыңғыс ханға Жошы өлімін естірткен әйгілі жырды жазып алған екен. Кейіннен бұл жырды 1884 жылы басылып шыққан дегдар Тизенгаузеннің «Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды» (Алтын Орда тарихына қатысты мәліметтер жинағы) еңбегінен тапқан. Сәрсеннің жас ғалым ретінде халқының тарихи жадына сенгені, көзге күңгірт, ойға танық ежелгі хикаялардың көбін риясыз шындыққа балағаны анық.
Орта Азия мемлекеттік университетінде академик В.В. Бартольд, профессор С. Е. Малов сияқты ғалымдардан дәріс тыңдау бақыты бұйырған Сәрсеннің ғылымға деген құштарлығы ерте байқалады. Бір емес, екі ашаршылықты қабат көрген, елінің мұқтаж, зағип хәлін жан дүниесімен анық сезінген ол білім арқылы халқына қызмет қылуға ұмтылады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың ісін жалғастырмаққа ниет еткен ол 29 жасында жазған «Қазақ тілінің грамматикасы» атты еңбегі Алматыдағы мемлекеттік баспадан шығады. Сонымен қатар ол тұңғыш қазақ тілі программаларын да жасайды. Тек бастауыш, орта мектептерге ғана емес, жоғары оқу орындарында да қазақ тілі программаларын жасаған. Бұл программалардың құндылығы – ана тілін оқыту жөніндегі методикалық нұсқаулар берілген тұңғыш еңбек еді.
Ғалымды алаңдатқан атышулы мәселелердің бірі – терминология мәселесі болатын. Өйткені математика, физика, химия, геометрия, астрономия, география, т.б. пәндерде термин сөздер өте көп кездеседі. Тіл мен әдебиет институтының жанындағы терминология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген шағында терминологиялық сөздіктерді дайындау жұмыстарын қолға алады.
1941 жылы Сәрсен Аманжолов өзінің орфографиялық сөздігін шығарады. Дер кезінде шыққан бұл сөздік орыс алфавиті негізінде қабылданған жаңа алфавитіміз бен орфографиялық ережелерді қазақ оқырмандарының жылдам игеріп алуына, қазақ әдеби тілі жазу нормасының жақсарып, жетіле түсуіне айтарлықтай әсер еткен болатын.
Екінші Дүниежүзілік соғыс басталғанда өз еркімен майданға аттанған Сәрсен Аманжолов Совет әскерінің жоғарғы Саяси Басқармасында қызмет етті. «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы орыстан басқа ұлттардың жауынгерлер арасындағы саяси-тәжірибесі туралы» атты көлемді еңбек жазды. Соғыс біткен соң Мәскеудегі ең бай саналатын Ленин атындағы кітапханада докторлық диссертациясына дайындық жұмыстарына кірісті, көптеген мәліметтер жинады. Түркітілдес халықтар тарихына терең бойлап, Махмұд Қашқари, Рәшид ад-Дин, Әбілғазы Баһадүр-хан, Жүсіп Баласағұн, Марко Поло, В.В. Радлов, Шоқан Уәлиханов еңбектерінің толымды нұсқаларымен танысады.
«Вопросы диалектологии и истории казахского языка» (Диалектология Һәм қазақ тілі тарихы мәселелері) атты көлемді еңбегінде автор ана тілі тарихы мен диалектологияның негізгі сұрақтарына жауап іздейді. Ол үшін, әрине, сан қырлы, қатпарлы тарихқа үңіліп, төңкеріске дейінгі, кейінгі тарихи-әдеби құжаттарды, кітаптарды зерделеп шығу керек. Қазақтың ұлан-ғайыр жерін шарлап шығу үшін экспедиция ұйымдастырып, көненің көзі, асылдың сынығы болған, қастерлі сөз мәйегін жадына түйген адамдардың айтқандарын жазып алу керек. Адам, қаржы мәселесіне байланысты жоспарланған кейбір экспедиция сәтсіздікке ұшыраса да, мойымаған ғалым қазақ тіліндегі негізгі үш түрлі диалектіні анықтайды: солтүстік-шығыс, оңтүстік және батыс диалектілері. Әрбір диалектінің айтылуы әр түрлі, оларды зерттеу үшін көп қажыр-қайрат қажет, сондықтан бұл кітабында Сәрсен Аманжолов қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының барлық мәселесі шешілмегенін, кейбір сұрақтардың жаңа қойылып, жауабын күрмеуге алғашқы қадамдары жасалғанын түсіндіреді. Себебі, ғылым – ең алдымен дәлдікті сүйеді. Нәтижесінде жасандылық болмайды, салқынқанды, дербес, немқұрайды. Ешкімге бағынбайды, жеке, дара. Уақыты келгенде, ғылым – өзгереді, өзгермейтін – ілім ғана.
1948 жылы «Қазақ диалектологиясының негізгі мәселелері» атты докторлық диссертациясын қорғаған Сәрсен Аманжоловқа профессор атағы берілді. Аталмыш докторлық диссертация туралы КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Н.К. Дмитриев: «С. Аманжоловтың еңбегі қазақ тіл біліміндегі үлкен оқиға болып табылады, өйткені ол – Қазақ диалектологиясы саласындағы тұңғыш терең ғылыми зерттеу. Диссертанттың үлкен еңбегі – қазіргі совет тіл білімі тұрғысынан орасан көп материалдармен қазіргі қазақ тілінде диалект жоқ деген жалған, ғылымға қатысы жоқ деген зиянды пікірге соққы берді. С. Аманжоловтың еңбегі тек қазақ тілшілері үшін ғана емес, сонымен қатар түркологтар үшін де бағалы» деп жазған. Ғалымның қажырлы еңбегін әділ бағалаған жүрекжарды лепес, дер едік.
Ғылым алдындағы жауапкершілікті ар, халық алдындағы жауапкершіліктей түсінген Сәрсен Аманжолов қазақ тіл білімінің дамуына зор үлес қосқан ғалым. Ұлт мәдениетін зерттеушілердің алдыңғы қатарында. Өз дәуірінің мүмкіншіліктерін сарқа пайдаланған ол Н. Рычков, А. Левшин, В.В. Вельяминов-Зернов, Г. Потанин, Н. Аристов, Г. Е. Грумм-Гржимайло еңбектерін зерделеп оқиды. Туған халқының жанкешті, жауынгерлік тарихына үңілген оның қамырықты жүрегін өткенге сағыныш шырмаған болар. Себебі профессорды аса қызықтырған мәселенің бірі – Қазақстан жеріндегі тау-тастарға жазылған көне жазулар, ру таңбалары еді. Жоғарыда аталып өткен еңбегінде қазақтың ру, тайпа таңбаларына жан-жақты зерттеу жүргізіп, VI-VIII ғасырларда Орхон-Енисей нұсқасы деп аталатын көне жазулардың біразы дулаттардікі болуы мүмкін деген болжам жасап, нақты мәліметтермен дәлелдеді.
Екі ашаршылықтан өткен, қанды репрессиядан, бейнелеп айтқанда, «қаулаған өрттен де бір түп көдедей аман қалған», соғыстың бар азабын көрген, бірақ еңбектен танбаған профессор Сәрсен Аманжоловтың ғылыми қызметі лайықты бағаланып, 1954 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды.
Сәрсен Аманжоловтың әкелік қамқорлығын көріп, Алматыдағы үйінде тұрып оқыған, кемеңгер ұстаз тұтқан – ақын, журналист Тұрғазы Нұқайұлы еді. Қазіргі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне ғалымның атын беруге Тұрғазы ағамыз тікелей мұрындық болды.
Ес білгеннен тоқтаусыз кемелдікке құлаш сермеген Сәрсен Аманжолов әманда тіл тазалығы үшін күресті. Әдеби тілдің қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Өз көзқарастарына біреу келісер, біреу келіспес, алайда, заман ыңғайына орай кітаптарына жаңа толықтырулар, түсініктемелер енгізді, мүлт кеткен жерін қапысыз таныған жанның пікіріне келісіп отырды. Өйткені ғылым – ілім емес, әрдайым өзгереді, жаңарады.
Күрмеу
Бірде, ХХ ғасырдағы ең маңызды философтардың бірі, феноменологиялық, экзистенциалистік философияның өкілі Мартин Хайдеггер студенттерге арналған дәрісін былай бастаған екен: «Аристотель туды, өмір сүрді, өлді, енді оның философиясына көшеміз»..
Бұл кішігірім эссе-мақаламызда жерлес ғалымның негізгі еңбектерін қысқаша ғана баяндап өттік. Тілтанушы емеспіз, түрколог емеспіз, бірақ, барлық мұрасын зерттеу және архивтегі материалдарын жарыққа шығару – алдағы күндер үлесінде екені анық.
Замандастарының айтуынша, Сәрсен Аманжолов, ең алдымен, ізгі ниетті, мейірбан жүректі адам болған екен. Және бет-жүзіңе қарамай тура айтатын шыншыл. Найман, Терістаңбалының мінезі ме, деп ойлаймын.
Кейде, Шымқораның тау-тасын әлі күнге дейін кезіп жүргендей елестейді маған.
Кейін Мүсілім атадан Сәрсен Аманжоловтың жүз жылдық тойы жайлы сұрадым. Үнсіз отырып: «Серік ( Ғабдоллаұлы, ақын) жанымда еді..» деді.
P.S. Қадірлі оқырман, егер де ғалым Сәрсен Аманжоловтың еңбектерін оқығыңыз келсе, Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына келіңіз.
Көпшілік жұмыстар орталығының кітапханашысы Әділ Әуезхан