Халықтың рухани мұратына қызмет еткен тұлғалар аз емес. Данышпан қазақ халқы ақынға кенде болған жоқ. Поэзия әлеміне көз салсақ, қазақ халқының арман-мұраты, шаттығы мен қайғысы ең алдымен ақын жүрегіне жиналған, ақын өлеңдеріне арқау болған. Сондықтан халқымыздың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің өрнегі мол жырларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын арттыру, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру – біздің басты міндетіміз.
Кітапханамызда қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін тынбай еңбек етіп жүрген қаламгерлер – ақын, жазушы, әдеби сарапшы Сұраған Рахметұлы, ақын, журналист, өнер зерттеушісі Ықылас Ожай, ақын, журналист Талапбек Тынысбекұлымен оқырмандар кездесті. Өскемен қаласының зиялы қауым өкілдеріне және оқырмандарға өз шығармашылықтары жайлы әңгімелеп, сауалдарға жауап берді. Кеш барысында өлеңсүйер қауым ақындардың өлеңдерін жатқа оқып, Халық әртістері, ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің студенті қазақ күйлерін тамылжытып шертті. Сондай-ақ, ақын Қалқаман Сарин және қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков Алтайға ат артып келген ақындарға жылы лебіздерін білдірді. Ақын С.Рахметұлы кітапханаға арнайы сыйға әкелген кітаптарын табыстады.