1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Өскемен қаласы «Шәкәрім атындағы №1 мектебінің» 7-8 сынып оқушылары «Бабалар аманаты» шарасына қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға 1 наурыз «Алғыс айту» мерекесінің пайда болу тарихын түсіндіру. Кешегі қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген өзге этнос өкілдеріне кең құшағын жайып, бауырына тартты. Халқымыздың жоғарғы рухани қасиеттеріне тәнті болған өзге ұлт өкілдері түрі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір бауырлас жұртқа айналды. Солардың бірі жазушы, сыншы, аудармашы, публицист, әдебиет зерттеушісі және қоғам қайраткері Герольд Бельгердің өмірі мен шығармашылығына арналды. Қиын қыстау кезінде өздеріне қамқор болған қазақ елінің барлық жомарттығын, қонақжайлық қасиеттерін барынша сезініп, мен де қазақтың бір ұлымын дегеннен танбай өткен тамаша тұлға туралы ақпараттар берілді. Сондай-ақ оқушылар кітап көрмесінде ұсынылған жазушының және Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» кітаптарымен танысты.
Шара соңында қатысушылар «Мақалды жалғастыр» танымдық ойынына қатысып, еліміздің бірлігіне, татулыққа арналған мақалдарды айтып өз пікірлерін білдірді.