Бейбітшілік өмірде батырлыққа орын бар. Иә, бейбіт елде ғұмыр кешіп жатқанымызбен, күнделікті өмірде адам жанын ажалдан арашалап, тосыннан келетін тілсіз жаудан сақтап қалған қызметкерлердің ерлігі ерен. Сондай жандардың бірегейі бүгін кітапхана төрінде құрметті қонақ болып қайтты.
Келелі кездесудің кейіпкерлері өткен жылы Жаңа Согра ауданында болған өрт кезінде батырлық пен жанқиярлық танынтқан, бүгінгі күннің батыры 5518 әскери бөлімінің клуб бастығы аға лейтенант Мейіржан Бақытұлы және қатардағы жауынгер Дяченко Никита. Сұхбат барысында құтқарушылардың Жаңа Согра аумағындағы алапат өртте көрсеткен ерлік істері туралы айтылып, әскери қызметкер болудағы қатал тәртіп пен еңбекқорлық тақырыптары сөз болды. Сондай-ақ студент жастар мен кеш меймандарына «Дәлдік пен мергендік!», «Спорт және сурет», «Смайликтер сөйлейді» қызықты ойындары ойнатылып, мамандықты дұрыс таңдау, мейірім мен қамқорлық турасында бірқатар әңгіме өрбіді. Жылы жүздесудің ең әсерлі сәті қатардағы жауынгер Дяченко Никита өзінің қазақ тілінде еркін сөйлейтінін, қазақтың қасиетті домбырасында шебер ойнайтынын мақтанышпен жеткізіп, «Адай», «Ерке сылқым» күйлерін төгілте орындады. Кештің көркін кіргізген Никитаға көрермендер тарапынан зор қошемет көрсетілді. Мейіржан Бақытұлы өзі түлеп ұшқан әскери оқу орыны жайлы кеңінен баяндап, студенттерге толыққанды ақпараттар беріп өтті. Кездесу соңында қадірменді қонақтарымыз кітапхана әкімшілігі тарапынан алғыс хатпен марапатталды. Қатардағы жауынгер Дяченко Никитаға Мырзагелді Кемелдің екі томдық шығармалар жинағы арнайы сыйға тартылды.