Бүгін – Көрісу күні

Бүгін – Көрісу күні

Бүгін – Көрісу күні. Бұл күнді Амал мерекесі деп те айтады. Халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді.

Көрісу күнін Наурыз мейрамының бастауы деп айтуға болады.

Көрісу дәстүрінің тарихына үңілсек, ертеректе жапан далада қыс айларында мал баққан көпшенді халық бір-бірімен көрісе алмай, бір-бірін тек көктем келгенде Наурыз мейрамына қарай көре алған екен. Сол уақыттан бері көрісу дәстүр ретінде сақталып қалған. Шығыс елдерінің кезіндегі күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал деп отырғанымыз Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. «Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады» деген ұғым қалыптасқан. “Наурыз” сөзі “жаңа күн” дегенді білдіреді. Ертеде қазақ бұл күнді “наурыз” демей “амал” деген. Бұл сөздердің айырмашылығы жоқ деуге болады. Ал бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келіп отыр.

Осы атаулы күнге орай кітапхана қызметкерлері «Көрісу күнін» ұйымдастырды. Мерекелік шара барысында мектеп оқушыларына бұл күннің маңызы мен мәнін ұғындыратын арнайы көрініс көрсетіліп, ақпараттық-танымдық мағлұматы мол кітап көрмесі қойылды.

Сонымен қатар көшпенді қазақ жұртының тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпынан хабар беретін әр түрлі тұрмыстық заттар көрмесі де балалардың қызығушылығын арттырды. Әрбір заттың атқаратын қызметі туралы іждаһатпен сұраған мектеп оқушылары мұражай қызметкерлерінен тұщымды жауап алып, өз білімдерін толықтырды.

Сондай-ақ Көрісу күніне орай кітапхана қызметкерлері қазақтың ұлттық тағамдары туралы мол мағлұмат беру мақсатында бауырсақ пісірудің қыр-сырын көрсетіп, балаларға дәм татқызды.

Мерекелік шара соңында оқушыларға ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеу мақсатында ұлттық ойындар, атап айтсақ, «арқан тартыс», «асық ату», «бес тас» ойындары ұйымдастырылды.

Share