Гаврош Тенардье – «Аласталғандар» романының ойдан шығарылған кейіпкері. Оның жарқын бейнесі романда суреттелген революциялық оқиғалармен астасып жатыр. Ол қаршадайынан әке-шешенің қамқорлығын, отбасының жылуын көрместен тағдыр тәлкегіне ұшырап, панасыз қаңғыбастың күйін кешеді. Ақылды, тапқыр, қайсар мінезді жеткіншек қанша теперіш көрсе де, еш мойымайды. Қалада көтеріліс басталғанда Гаврош әділеттің жақтаушысы ретінде қанаушылыққа қарсы күреске шығып, құрбан болады. Алайда бірнеше революцияның куәсі болған В. Гюгоның (1802–1885) әйгілі шығармасы арқылы оның аяулы бейнесі әлем халықтарының жүрегінен өшпес орын алды.