Жастарға

ТАМЫЗ 2024

Назым Слямқызы Абилханова
«МҰЗТАУ – Музам менің»

Құрметті оқырман!
Назым Слямованың «Мұзтау – Музам менің» повесін оқи отырып автормен бірге Мұзтау шыңына сапар шегесіз.
Мұзтау жәй шың емес, арман шыңы, ұлылардың рухы мекен ететін шың. Мұзтау – дүниежүзіндегі ғарышпен байланысатын жеті нүктенің бірі. Қасиетті шың тек рухы мықты адамдарға ғана көрінеді екен. Автордың тілі көркем, әрі жеңіл. Кітапты қолыңа алсаң болды, Мұзтаудың тылсымы өзіне тартқаны сондай, повесті оқып шыққаныңызды байқамай қаласыз. Повесті оқып шыққан соң өз туған жеріңізге деген сезіміңіз сізді де қасиетті ауылыңызға жетелейді, туған жерге тағзым жасау үшін асығасыз. Туған жерден бата алу үшін жүрегіңізді тазалау керек екенін түсінесіз.
Қазақтың қайсар қызы Мұзтауға барар жолын айқын суреттейді. Повесте кейіпкердің Мұзтауға жасаған саяхаты көз алдына сол қалпында елестеп отырады. Жанды деталдар сүйінтеді. Оқырман мұның бәрін өз басынан кешіп отырғандай қабылдайды. Повестің негізгі кейіпкері – Мұзтау және Назым. Автор Мұзтауға саяхатын кәдімгі одессея қылып мөлдіретіп жазған, іші тұнған жан сыры. Повесть барша қалыбымен туған жерді риясыз сүюге, қастерлеуге үйретеді. Бұл повесті оқыған соң Қазақстанның керемет жерлері көптігіне түйсінесіз. Туған табиғатты қорғауды, ұлықтауды түйсінесіз.
Отандық туризмді дамытуға, өлкетану саласына Назым Слямқызы «Мұзтау – Музам менің» атты көркем повесімен шынайы үлес қосты деп білеміз. Балалар кітапханасына келіп, жерлесіміз Назым Слямованың «Қош бол қиындық», «Өз өзін жеңу майданы» атты тағы басқа да шығармаларын алып оқуларыңызға болады.


МАУСЫМ 2024

Зарина  Хантөре . ӘЛІ  ДЕ  КЕШ  ЕМЕС.

  

Автор  әйелдер мен қыз-келіншектер араында  кең танымал психолог  қазақ тіліндегі медитатор.  Өзінің  45 минуттан тұратын  «Тазалану. Өзін – өзі тану» атты дискісімен  көптің  сый-құрметіне  бөленіп  жүрген  тәжірибелі маман. Кітап авторы  өзінің өмір жолында  көптеген қиыншылықтар көрген. Оның психолог  мамандығын  таңдауының  сыры осында.  Бүгінде  оны  көпшілік психолог  деп қана емес, «сырласым, құрбым, жанашырым» деп біледі. Автордың «Әлі де кеш емес»  атты кітабы, аты  айтып  тұрғандай       өзіңе апарар жол, өзіңді тану және өзгерудің әлі де кеш еместігін  айтқысы келеді. Тұщымды ойлар, тиімді  аффирмациялар, пайдалы ақыл-кеңестер, түрлі тағдырлар  қызықты әңгімелер  әдемі өрілген бұл кітап  автордың ең алғашқы еңбегі. Ал басты ерекшелігі –  шынайылығы, яғни автордың «адамдарға  көмектессем  ғой» деген  ниетінің  риясыздығын аңғару қиын емес.

Автордың ұстанымы – Теңізде қайық  ұзаққа бармайды. Жағалаудағы  толқынның өзі оған қиамет. Теңізде кеме ғана  төзімді. Дауылдарға төтеп беретін де солар. Ашық аспан, мөлдір де тұнық  жолды табу  қиын емес оларға.  Дәл солай, өмір атты  теңізде төзімді  болғымыз келсе, кеме болып жүзгіміз келсе, кемелдену керекпіз. Кемелдену үшін  бойымызға бар игіні жию үшін  өзгеру керекпіз.  Ал өзгеруге  әлі де кеш емес. Бірге  өзгерейік.

Мен кейде адам мен өмірді  альпинист пен шыңға теңеймін. Ұлы биікке өрмелеп бара жатқан  альпинист… Керек – жарағын  беліне байлап алып, қыран ұшса қанаты талатын  мұзартты бағындырмақ.

 Нақ осылай  жақсы өмірді аңсайды екенбіз, оған жетудің жолы соншалықты қиын емес. Бастысы – айқын мақсат, асқақ арман, биік рух болса жетіп жатыр. Қандай қиыншылық болсын мейлі, ертеңгі өміріңіздің жарқын болатынына  сеніңіз!

Кітап психологиялық  көмекке зәру  жандарға  таптырмайтын  құрал.

Сондай-ақ біздің кітапханадан «Отбасылық дағдарыс психологиясы», «Әйелмін мен тербетемін әлемді» сияқты  кітаптарды  алып  оқуға кеңес беремін.

СӘУІР 2024

Сымбат Аралбаева «Әйел қырық шырақты»

Жалпы қоғамда «Шығыс әйелінің тағдыры – отбасы ошақ қасында» деген ой қалыптасқан. Бірақ, уақыт еншісі  кез келген нәрсені өзгертуі бек мүмкін. Яғни, сол ошақ қасындағы нәзікжандылар да табысты бизнисвумен бола алады. Осындай «сиқырлы өзгерістің» айқын үлгісі, мықты кәсіпкер – Сымбат Аралбева – бес баланың анасы.

Бұл кітап, көпбалалы ананың үлкен кәсіпке келу жолындағы сан түрлі тәжірибесін баяндайды.

Жазушының ұстанымы: – «Табысқа жетудің басты құпиясы – ІСКЕ кірісу, айқын мақсат қойып, өзіне деген сенімділікпен соған қарай әрекет ету»!

Жетістікке жеткің келеме, ендеше еңбек ет! Өзге адамдардың жетістігінен шабыттан! Қиялыңыздағы арман-мақсат ше? Оған қол жеткізгіңіз келе ме? Онда автордың кеңестері Сізге өз арманыңыздағы өмірді құруға көмектеседі. Арнайы нұсқаулықтар да бар. Ал шағын әңгімелердің шынайы тарихы оқырманның көңілінен шығатыны анық.

Бизнес бастасам деген жастарға осы кітапты оқып, тәжірибе алуларына кеңес беремін.


НАУРЫЗ 2024

Жадыра  Шамұратова «Айтылмаған сыр»

Басылым  беттерінде  жарияланған  туындыларымен  ерте танылған  Жадыра  Шамұратованың   алғашқы  прозалық  туындысы.

Жинақта  адамдар  бойындағы   парасаттылық  пен адамгершілікке   үндейтін  шығармалардың  оқиғалары  көркем  тілмен  бейнеленіп, шиеленісті  өрбіп  отырады.

«Айтылмаған  сыр  хикаятында» – Семейдегі  ядролық   сынақтың  -зардабынан  бір  ауылда қаншама  баланың   кемтар  боп  туылуы, ауыл  адамдарының  қиын  жағдайы  баяндалады.

«Бей уақта  ашылған  құпия»  хикаятында  паталого анатом  дәрігер  жігіттің  туған  анам  деп жүргені, өз анасы емес,  анасының  әпкесі деп жүрген  өз анасы боп шығады. Туған анасы  атақты актриса  болған  ол  өлген соң, соның жазған күнделігі  қолына тиеді, сол күнделіктегі жазылған адам  актрисаның  туған  ұлы  өзі   екенін біледі.

 «Қара қазан» –  тозған ауылда қалған  қасиетті қара қазанның да қадірі қалмағанын  баяндайды.

«Сағыныш» – қартайған кемпірдің  соғыста жоқшылықтан  балалар үйіне өткізген сіңілісін  іздеуі  туралы  баяндалды.

Кітап  көпшілік  оқырманға  тұңғыш рет ұсынылып отыр. Оқуға  кеңес  береміз. Кітапханамызға келіп  жаңа кітаптар  топтамасымен танысуларыңызға  болады.


АҚПАН 2024

Айып  Нүсіпоқасұлы, Әкімбай  Жапарұлы  “Ағаш  бесіктен жер  бесікке дейін”

Бірінші  кітабында  Қазақ салт-дәстүрі және  оның ғылыми негіздері. Қазақтың  салт–дәстүрі, әдет-ғұрыптары, ойын сауықтары, халықтық  дәстүр  тәрбиесі  туралы  арнайы   айтылады. Кітап оқырманның ұлт мәдениетінің нәрімен  сусындап, адами  асыл  қасиеттер  үлгісін санасына  сіңіруіне  септігін  тигізеді  ғой  деп ойлаймыз.  Бұл  тәрбие ұрпақтардың  отбасын  сүю,  ата-анасын  қадірлеу, ұқыпты, үнемшіл  болу, мейір – шапағатты болу, от басына ел-жұртына, туған халқы мен Отанына пайдалы  адам болу  саналылығын  жоғарылатады. Артына жақсы ұрпақ  қалтырып, адамзат қоғамының  өсіп-өркендеуіне  үлес  қосу, сондай-ақ, отбасы мен  ұрпақтар  алдындағы жауапкершілік  сезімін  жоғарылатады. Аналарды құрметтеп, балаларды аялау және оларға қамқорлық жасау санасын жоғарылатады.

Екінші кітабында  Халықтық  дәстүр тәрбиесі. Ұрпақ тәрбиесіндегі  ежелден қалыптасқан халқымыздың  жақсы  дәстүрлері  мен тағлымдары  айтылады. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам   мұрагерлерін тәрбиелеу  ісі, олай болса, бұл кітаптың  болашақ үрпақты тәрбиелеуде  маңызының зор  екеніне ешкім күман келтірмейді.

Халықтық  дәстүр тәрбиесін алған  әрбір адамзаттың  адамгершілігі асқақ, білімі терең, көз аясы кең болады. Өнер білімді бәрінен жоғары  қояды. Сүйіспеншілік пен кегі айқын, обал–сауап, ақ-қара, адал-арам  түсінігі  терең   болып, ержеткенде  білімі мол, ақыл  парасаты  жоғары  Отанына  халқына   атақ-даңқ әперетін  үлгілі, өнегелі азамат болып жетіледі. Пенделік ұсақтық  пен былық-шылықтардан  бойларын  аулақ ұстайтын саналы, адал, пәк, арлы болып  есейеді. Қорытып  айтқанда, қазақ халқы  туыстық  қарым қатынас  тәрбиесін де өзге тәрбиелер секілді  мұқият, егжей-тегжейлі жүргізіп, ұрпақтардың адамдық өмірді адамгершілік жол-жосығын, салт-дәстүр негізінде  мән-мағыналы, тату-тәтті, береке-бірлікте өткізіп, әдеп-иба, ар-ұят, кісілік, кішілік  істерінде  өзгелерге үлгі – өнеге болуға баулып  отырған.

Үшінші кітабында «Ырым салт-жорамалдар Ата-бабадан  әулетке  мұра  болып  ауысып, рудан – руға , ұрпақтан – ұрпаққа  жететін  қазақтың  ырым-салттары туралы айтылады.  Бұл халықтың  сыртқы бейнесі  болып  табылады. Онсыз  халық  бет  әлпетсіз  бейне, болымсыз  тас  мүсін  болып  қалар еді. Қазақ дәстүрінде  қонақ күтіп, кісі сыйлау – барша қазақ ұрпақтарының міндетті түрде алатын үлкен тәлім тәрбиесінің бірі. Халқымыздың осындай  қонақшыл қасиеті қоғамдық  қарым-қатынасты  кеңейтіп, адамдарды  ізгілікке, татулыққа, достыққа, береке бірлікке жетелейді.

 

 

Төртінші  кітабында  «Қыз  сыны  жігіт сыны» негізінен қыз ұлды тәрбиелеу, отбасы  тәрбиесі   туралы айтылады. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Үйлену, өз алдына  отау тігіп, түтін түтету ғасырдан – ғасырға жалғасып келе жатқан тарихи  салт, құбылыс. Сондықтан қазақ халқы  бұл  құбылысқа ежелден үлкен мән берген.

Бұл тәрбие қыздарды  арлы болып, адамгершілігін  биік ұстауға, өнерлі іскер  болып, ар-абыройын таза ұстауға  баулиды.

 Қазақ халқының  қыздарды жастайынан  оң босағаға отырғызуының үлкен ғылыми негізі бар. Ол қыздардың дербес өмір сүру  қабілетін жоғарылатады, болашақ отауды қалай  ұстап, қалай басқаруды, шаруашылық  істерін қалай реттеп, қалай жөнге салуды үйретеді. Еңбекқорлыққа  іскерлікке тәрбиелеп, болашақ ана, отау иесі болуға бейімдейді. Сондай-ақ болашақ отбасы  мен ұрпағы  алдындағы  жауапкершілік сезімін арттырады

Ұлдарды  еңбекке тәрбиелеудің  ғылыми мән – мағынасы  өте терең. Ол балаларды еңбекшілдікке ержүректікке, іскерлікке, шеберлікке баулып, жалқаулық пен жатып ішерліктен аулақ болуға, еңбекті, өнерді қадірлеп, қос қолдарымен  бақыт-байлық жаратуға жебейді. Сөйтіп балалардың денесін шыңдауға  әрі сау денелі, ақаусыз азамат болып, жетілулеріне тамаша негіз  қалайды.

Бесінші кітабында «Бата  тілектер», «Той мерекелер», «Ажал – өлім туралы». Қазақтың ежелгі салт-дәстүрінің бірі  –  бата –тілек  білдіруі туралы  айтылады. Қазақ халқы  «Баталы құл  арымас», «Көп  тілегі – көл»  деген ой пікірді уағыздап, кейінгі ұрпағына  ықылас  білдіріп, ақ ниетпен бата беріп, тілек  тілеуді  дәстүрге  айналдырған. Сондай-ақ   «Той – мерекелер», «Ажал – өлім туралы» да бөлімдер бар. Бұл тақырыптар да  мазмұнына қарай  оқырман қауымға ой салары сөзсіз.

Қазақ бата тілектерінің  өзіндік мән – мағынасы мен жол-жосығы бар, талғам-таразысы бар.  Ол кез келген жерде, келсе-келмес, айтыла  бермейді. Қайта  ол   үлкен  той – мерекелер мен маңызды  бас  қосуларда, игі  бастамалар  көтеріп, ұлы істерді  бастарда  айтылады.  Қазақта батаның түрлері өте көп.  Бірақ солардың барлығы көркем  де көсем, өткір де шешен  сөздермен шебер өріліп айтылып, адамдар көкірегіне  жатталып, жүректерінен  өшпестей  орын  алатындықтан, оның бауру қуаты мен  тәрбиелік рөлі өте жоғары болады.

Бұл жеке-жеке кітапшаларда  қазақтың  салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ойын-сауықтары, халықтық тәрбиесі туралы   жан-жақты мағлұмат берілген.  Кітап оқырманның ұлт мәдениетінің нәрімен сусындап, адами асыл қасиеттер үлгісін  санасына сіңіруіне  мол септігін  тигізері сөзсіз.

Кітап  көпшілік  оқырманға  арналады. Оқырмандарға тұңғыш рет  ұсынылып отыр. Кітапханамызға   келіп, жаңа кітаптар топтамасы мен танысуларыңызға болады. Сіздер үшін кітапхана  есігі  ашық.


ҚАҢТАР 2024

Досжан  Сәуле «Ауылдан шыққан миллионер»

Жазушы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» хикаятында еңбектің қадірін, жастайынан нарықтың талабын біліп өскен Жомарттың жетістіктері шынайы оқиғалармен өрбіген.

«Апасының панасы», «Мектеп табалдырығын аттағанда», «Кітап оқып – адам болу», «Ұстазға ғашық болу», «Ауылдағы саудагер», «Дүкендегі елес», «Адамға керегі – арман екен», «Анасы Аллаға тапсырғанда», «Дәулетке жол», «Бизнес – CONSTANT» – Кітап осындай бірнеше бөлімдермен жалғасады.

Ол туғанда әкесі бірден метіркесіне «Жомарт» – деп жазғызып әкелді. Дүние-ай, арманға кім жеткен дейсің! Жомарт беске толғанда әкесі қой төлдетіп жүріп, бірде қарасуыққа қалып, құрткеселге шалдықты. Аңдыған жау алмай қояма, арада жыл өтпей-ақ әкесі сол кеселден көз жұмды. Ерінен айырылып, аңырап қалған анасы колхоздың малын үкіметке тапсырып, көп ішінде күн көрейін деп,жалғыз үйлі қыстақтан ауылға көшіп келген.Ферма бастығына жалынып жүріп, колхоздың қарауылдығына орналасты.

Жомарт ұстазы Боранбай Жүсіпбекұлының сенімімен әкесінің үмітін ақтап,он жылдың ішінде елдегі бай да жомарт азамат болып, өз тағдырының қожасына айналып қана қоймай,жоқ-жітікке көмектесетін,талапты жастарға қол ұшын беруді міндетім деп санаған нағыз атымтай жомартқа айналды. Алматы мен елордадағы «Жомарт» азық-түлік дүкендер желісінің құрылтайшысы Жомарт Жолдыбайұлының жүріп өткен жолдары қазағымның әр баласына үлгі болсын, кеуделерінде жаны барда ұлтқа қызмет етсін,мақсатына жетсін деген ұлы арманмен осы хикаят жазылған.  Автор осы шығармасы арқылы қазақтың бизнес бастауға ниетті жастарына жол көрсетеді. «Бай  болсам!» – деп армандаған балаға рухани  тәлім береді.    Автордың өзі армандағандай, әр қазақтың баласы бай болып, мақсатына жетуге тиісті.Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – солар!

Кітап жасөспірімдерге және жалпы  оқырмандарға арналған.


11.12.2023
Айтқаным Ахметбекова “Мейірбан жүрек”
Бүгінгі «Тамаша адамдар өмірі» сериясы бар ғұмырын жетімдерді жебеуге арнаған бала бағбаны, «Үміт» балалар үйінің директоры Майра Баймұқанқызы Бейсеқановаға арналады.
« … Соншалықты балажан, айналасындағы адамдарға мейірімді, қайырымды, қолға алған ісін тындырмай қоймайтын мақсаткер, намысқой, жаны жайсаң, өзім деген кісіге өзегін беретін жомарт, қайрат-жігері, ақылы бір басына жетерлік жанның сырт көзге бұл фәниде арманы жоқ сияқты. Жұмысы өрге өрлеп тұр. Ол басқаратын Өскемендегі «Үміт» балалар үйінің атағы қала, облыс асып, республикаға кеңінен танымал. Бар ғұмырын балаларға арнаған Майра Баймұқанқызы жылағанды жұбатып, жетім көрсе жебеп, ондаған, тіпті жүздеген «тастандылардың» тағдырын өз мойнына алып, панасызға пана, жанашыр, қамқор Ана бола білген жан. «Мен өмірімді балаларсыз елестете алмаймын. Олар үшін ғұмырымды беруге әзірмін», – дейді Майра. Бұл тектен-текке айтыла салған сөз емес. Ол тағдырдың ащысын да, тұщысын да татты. Талай-талай қиындықтармен бетпе-бет келді. Бірақ балаға деген шексіз махаббат жолындағы тосқауылдың бәрінен мықты болды. Сөйтіп, «Үміт» балалар үйін аяғынан тік қойды. Майра Баймұқанқызының жасап жатқан жасампаз ісі, ұлағатты ұстаздық іс-тәжірибесі «балалар патшалығы» атанған үміттіктер жайлы аз жазылған жоқ. Талайлар тамсана, таңырқана жазды. Иә, «Үмітті» ертегілер еліне айналдырған Майраның еңбегі жазуға тұрарлық еңбек. Республикалық алыс-жақын шетел теледидарларынан үміттіктер жайлы, олардың басшысы Майра Бейсеқанова хақында талай деректі хабарлар түсірілді.
Майра Баймұқанқызы қаншама қиындық көрді, жан-азабын тартты. Бірақ соның ешқайсысына да құламады, сүрінбеді. Өзі ойлайды, мұны құлатпаған, сүріндірмеген – өзі жебеген жетімдердің тілеуі, олардың Майра аналарына деген перзенттік шексіз махаббаттары…».
Айтқаным Ахметбекованың «Мейірбан жүрек» кітабынан үзінді
6.12.2023
Мұхтар Анарбек “Періште махаббат” 

« … Қонақ үйдің директоры Танаш Қасымов аяғын алаңсыз басып, жол-жөнекей ескі әдетімен шырт-шырт түкіріп, жұмысқа келе жатқан еді. Ол іштей өз-өзіне дән риза болатын. Неге десеңіз, қонақ үйге директор болу үшін қаншама адам таласқа түсті. Солардың ішінен тек Танаштың кандидатурасы ғана озып шықты. «Бәлем, менсінбей жүргендерді енді көрейін», – деп қойды ол іштей.
Қонақ үйге кіре берген директордың ойын кезекші әйелдің даусы бөліп жіберді.
– Танаш Касымович, 713 – бөлмедегі әйел есігін ашпай жатыр.
– Неге?
– Білмеймін, Есігін тақылдатсақ ашпайды. – Кезекші әйел екі иығын көтерді.
– Өзі бөлменің ішінде бар ма екен?
– Кеше бар болатын.
Танаш Қасымович пен кезекші әйел жетінші қабатқа шықты. Ұзын дәліздің түкпіріндегі бөлме есігін әдепкіде жаймен қақты. Ешқандай дыбыс болмаған соң қатырақ тақылдатты. Бірақ, 713-бөлменің есігі ашылмады. Амалы құрыған директор жұмысшылардың көмегімен құлыпты ашып, кезекші әйелмен ішке кірген еді. Кенет, кезекші әйелдің әлденеден қатты қорқып, шошына айқайлаған даусы бүкіл дәлізге естілді. Демнің арасында есік алдына басқа бөлмедегілер жиналып қалды.
– Не болды? Кім бұл айқайлаған? – Жиналғандар дабыр-дұбыр етісіп, бөлмеге ентелей түсуде. Алдыңғы жақта тұрған бұйрабас жігіттің:
– Бір әйелді өлтіріп кетіпті! – деп сыбырлап айтқан сөзі лезде барлығының құлағына жетіп үлгерді. Дабыр-дұбыр су сепкендей басылып қалған еді, директордың «милиция шақырыңдар» деген даусы оларды қайтадан қозғалысқа салды.
Қонақ үйдегі бұл оқиға қырық құбылып, лезде бүкіл қалаға тарады. Танаш Қасымов та жайдары күлкісінен айрылып, беймаза күйге түсті. Ал, әйелдің жұмбақ өлімінің құпиясы бұл күнде ашылмады.
Арада бір аптаға жуық уақыт өткен-ді. Танаш Қасымов таңертең телефон шырылынан оянды. Тұтқаны көтергені сол еді, арғы жағындағы кезекші әйелдің асығып-аптығып сөйлеген даусы естілді.
– Танаш Қасымович, тағы да өлтіріп кетіпті!
– Кімді? – Директордың даусы қатаң шықты.
– 713 – бөлмеге қонған екінші әйелді.
– Не дейді? Милиция шақырдыңдар ма?
– Иә, қазір келіп қалатын шығар.
– Бөлмеге ешкімді кіргізбеңдер. Мен қазір … – Директор орнынан атып тұрып, жылдам киіне бастады.
… Қылмыскердің бұл жолы да ізі табылмады. Бұдан кейін майор Каналов осы бөлмеге өзі түнеп шығуға бел байлайды. Оған Танаш Касымов та қосылады.
… Түнгі екі жарымға таянған мезгілде терезеден ай сәулесі түскенде, кенет, әлдекім бүйірінен түрткендей болды. Жалт бұрылған Танаштың қатты айқайлауға ғана шамасы келіп, еденге шалқасынан құлап түсті. Ұйықтап жатқан майор селк етіп басын көтерді де, бір ырғып, жақындап қалған қылмыскерді екі рет атты. Бірақ, аузын қара шүберекпен тұмшалап алған адам оң қолындағы пышағын көтерген қалпы қимылсыз тұрып алды. Майор Каналов осы сәтті пайдаланып, бар даусымен айқай салды:
– Қозғалма орныңнан! Таста қаруыңды! – Қылмыскер оның әміріне селт етпеді.
– Таста деймін! – Майор Каналов артына қарай шегіншектеп барып, жарық жақты. Электр шамының жанғаны сол, қылмыскер қабырғаға сіңіп, көрінбей кетті. Каналов түкке түсінбеген күйі, сол орнында тұрып қалды. Сөйтті де, өзі әлгінде ғана қылмыскер тұрған қабырғаны мұқият қарай бастады. Әлден уақытта: «Түсінікті, жұмбақ шешілді» деп, күбірлей берді.
Танаш Қасымов ауруханада есін жиды. Оның қалын білуге келген майор Каналовтан Танаш бірден:
– Ұстадыңдар ма? – деген даусы тез шықты.
– Иә, ұсталды. Ол қабырғаға салынған қарапайым сурет екен.
– Не дейді?
– Иә, сурет деймін. Есіңде ме, қонақ үйдің жетінші, сегізінші қабаттарын «зектер» соғып еді ғой. Солар 713 – бөлменің қабырғасына фосфор ұнтағымен сурет салыпты. Ал, түнгі екі жарымда бөлмеге ай сәулесі түседі. Міне, осы кезде қабырғадағы қылмыскерге де «жан» бітеді. Бар құпия осы.
– Оңбағандар! – Танаш Қасымов жұдырығын түйіп, жанында тұрған орындықты бір қойды».
Қымбатты оқырман, егер сізге «Түнгі бейне» әңгімесі ұнаған болса «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен берілген талғампаз жазушы Мұхтар Анарбектің «Періште махаббат» кітабын оқуға кеңес береміз! 

 29.11.2023       

Сәуле  Досжан  «Менің жалғыз  серігім»

Бүл  кітап белгілі ақын Сәуле Досжанның «Менің жалғыз серігім»  жыр әлеміндегі  үшінші кітабы.

Бірнеше жыр мүшайраларының жүлдегері  Сәуле Досжанның  бұл жаңа жинағында  Тәуелсіз Қазақстан  мен Астананы, ардақты жарын, сырлас достары мен замандастарын тебірене жырлайды. Сәуле Досжанның өлеңдерін тақырып аясына, тынысына орай,  «мынау сүйіспеншілік  жыры», «мынау туған жер туралы» деп елеп-екшеуге, жіктеп-жіліктеуге болмайды. Басынан  аяғына дейін бір тыныспен оқылатын жалғыз-ақ өлең секілді.

Ол өлең ақынның тыныс-тіршілігі туралы.

 Екінші сөзбен айтсақ ақынның өмір-айнаға түскен жүрек лүпілі. Ақын өлеңдерінің күре тамыры неде десек, адамдардан жақсылық іздеу, жақсы мінездерді жарқ еткізіп жырға қосу, жалпы адамдарды мейірімге, ізгілікке жетелеу, шуаққа шомылдыру.

Ақын өлеңдері дүниенің  жақсылығына қуанып, жақсы болуға ұмтылып, жақсылық жасауға құлшынып соққан жүрек лүпілі секілді, мейірім жолы, шуағы ағыл-тегіл, шаршаған, өмірден  түңілген  кісіге айтатын  әдемі әуелі әңгіме секілді. Шүкіршілігі мол, Тәубаға шақырады. Көңілі орнында кісінің жолы болғыш. Қайтсе де, замандас, көңілінің орнында болуын тілейік дегенге жіпсіз жетелейді.

Ақын лирикасы осы күнгі заманында бірде сүрініп, бірде тұрып, бірде жеңіп, бірде жеңіліп өмірдің шаппай бер бәйгесіне түсіп жүрген кейіпкерімізді әр қырынан көрсетуімен құнды.

Қуатты сөзі басым.

Айтар ойы бұлынғыр, сағым секілді емес, қолға ұстатып, көзге  елестетіп берердей келісті ырғақ, ритм, ұйқас, лебіз, үзіліп айтардай шындық сөз, сұлу сыр баурап, билеп алады. Сондықтан автор үшін мына тіршілік күресі, өмір керуені – ғажайып поэзия. Таңдайдан дәмі кетпес керемет күндер. Әр күнімізді  керемет болмаса да керемет етуге талпынайықшы, кереметті қолдан жасайықшы деген ізгі ниет қана. Осы ерекшелігін қадап айтсақ мына өлеңдер – құм арасынан шыға келген оймақтай оазис болып елестейді, тынысты кеңейтеді, өмірге іңкар ете түседі, өмір сүрсем дегізеді.

Поэзия дегеннің екінші аты – өмір дәмі емеспе. Шын ақындар жаратқан иенің жердегі көзі. Ендеше шын ақынның шебер жырларын оқып, өмір дәмін сезіне түсейік, оқырман қауым.

Кітап жалпы оқырманға  арналады. Қымбатты  оқырман  өлеңдер мен поэмалар – жыр сүйер қауым сіздер үшін кітапханамыздың есігі ашық.

 «Жыр тәж», «Арман қала» жыр жинақтары,  «Үшінші есіктің құпиясы», «Жатқа туған бала», «Үлкен үйдегі үрей», «Құдіретті  қалам иесі» прозалық кітаптары мен – «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Маймақ қаз» мультфильмі жарыққа шыққан.

 

28.11.2023
Кемел Адам
Креативті ойлай қабілетін жетілдіру жолдары
1, Сүйікті ісіңізді істеңіз (Хобби)
Адам өзінің сүйікті ісін істеп, уақыттың қалай өткенін байқамаған кезде керемет креативті ойлар туады. Сондықтан идея қажет болып, жұмысыңыз бір орында тұралап тұрса, бас қатырып отыра бермей, жаныңызға ләззат, жүрегіңізге шаттық сыйлайтын іспен айналысыңыз. Оны хобби десек те болады.
2. Тынығыңыз.
Еңбекте қандай береке болса, демалыста да сондай пайда бар. Кейде жақсы ойлар ештеңе ойламай тынығып жүрген сәтте келеді. Бәлкім, сізге қажет керемет креативті ой ел-жер аралап жүргеніңізде немесе қызара батқан күнге қарап отырғанда келіп қалар. Сондықтан креатив жетпесе, бар істі ысырып, тынығып алған абзал.
3. Жаяу жүріңіз.
Стэнфорд университеті өз зерттеуінде көп жаяу жүретін адамдардың қиялы ұшқыр, ойы тапқыр болатынын анықтады.
4. Ақылдасыңыз.
Ақылдасуда пайда бар. Бір мәселені түрлі жастағы, түрлі ойдағы адамдармен ақылға салсаңыз, өз ойыңызға келмейтін шешімдерді біле аласыз.
5. Кітап оқыңыз.
Креатив идеяның қайнар көзі кітап екені бәріне аян. Әр кітап түрлі тағдыр мен бір өмірден хабар береді. Сондықтан сан алуан тақырыптағы, әртүрлі авторлардың кітаптарын оқыңыз.
6. Саяхаттаңыз.
Байырғының ғұламалары мен өнертапқыштарының саяхатшы боп, жаһанды кезуі бекер емес. Саяхаттаған адам өзгеше ойлау мен басқаша қараудан шыққан талай дүниелерді тамашалайды. Түрлі мәдениет пен дәстүрге куә болады. Сондықтан креатив ой жинаймын деген адам жиһанкез боп, ел көріп, жер аралап тұрғаны жақсы.
7. Көрмелерге барыңыз.
Креативке қол жеткізудің ең қысқа жолы – қөлөнер немесе сурет көрмелерін аралау.
8. Театрға барыңыз
Спектакль бізге уақытты кері айналдырып, адам жанына үңілуге мүмкіндік береді. Сол оқиғалардың арасында өзіміз жүргендей әсер аламыз. Кейіпкердің қуанышына шаттанып, қайғысына мұңайып, рухани байимыз. Көкжиегіміз кеңейеді. Сондықтан театрдың босағасын жиі аттағаныңыз абзал.
9. Классикалық әуендерді тыңдаңыз.
Классикалық музыка мидың дамуы мен шығармашылықтың өрлеуіне әсер ететінін ғылым дәлелдеген. Қазақтың күйін тыңдаңыз. «Күй» деп аты айтып тұрғандай, астарындағы айтылмақ ойды, көңіл-күйді табуға тырысыңыз.
10. Өзгерістен қорықпа, жаңашылдыққа құмар бол.
Осыған дейін айтылған тоғыз кеңесті жарамсыз етуі мүмкін бір сезім бар. Ол – қорқыныш. Кез-келген креатив шешім эксперимент болып саналады. Ал эксперименттің нәтижесі қашанда белгісіз. Сондықтан адам баласы өзгеше дүние жасағысы келеді, бірақ өзгерістің артындағы белгісіздіктен қорқады.
Қорыта айтқанда, креатив деген – жаңашылдық, ал бұрынғы әрекетті қайталай беріп басқа нәтиже күту – ақымақтық. Сондықтан адам баласы ми мен түпсанада пайда болған алғашқы таңдауға әрдайым күмәнмен қарауы керек. Қандай да бір шешім қабылдарда «Бұл нәрсені басқаша қалай кемел жасай аламыз?» деген сұрақты өзіңізге үш қайтара қойыңыз. Сонда шыққан үшінші жауап креативті болады.
Құрметті оқырман, Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» кітабын оқи отырып, кемел адам дегеніміз: рухани бай, мінезі көркем, білімі терең, байсалды, айналасымен қарым-қатынасы жақсы, дені сау тұлғаны айтатынына куә боламыз. Кітапта креативті ойлау қабілетінен басқа: сауатты тамақтану, денсаулық, ұлы мақсат, биік мұрат, қарым-қатынас қағидалары, қаржылық сауат жөнінде мағлұматтар берілген.

22.11.2023

Болат Бодаубайдың «Таңғаламын өмірдің ғажабына» атты кітабынан үзінді. Сыр-сұхбатқа толы бұл романда ұлт мұраты жолында ғұмыр бойы жан аямай қызмет етіп келе жатқан Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың күреске, ғибратқа толы өмір жолы баяндалады. Берілген үзінді Мырзатай ағаның балалық кезінен бір көрінісі.
« … Алдында айтып кеттім ғой, көктемде ауылға долылар, сығандар келетін деп. Солардың ішінде шашы жалба-жұлба кемпір болатын, қазақша білетін, сол бал ашады екен. Соған бәрі бал аштырады. Оны анам айтады: «Саған айы-күнім жетіп отырған едім. Қарасам, жұрттың бәрі барып, бал аштырып жатыр екен, әдіре қалғыр, мен де барайыншы деп бір тушамды жетелеп барып, өзгелермен бірге мен де бал аштырдым» дейді. Кемпір: «Ұл туасың, оң аяғының нышаны болады, елге өте белгілі адам болады, көп жасайды, еліне қадірлі болады» – депті. Кішкентай ауыл ғой, бәрі тыңдап тұрған ғой сонда. «Ой, бұл кемпір не біледі, сандырақтай береді, аяғында нышаны болады дейді, қайдан біледі оны» дегендер болыпты. Әлгі долы айтқандай, апам ұл туыпты. Мен шыр етіп дүниеге келгенде елдің бәрі толғатқан апамды ұмытып кетіп, менің оң аяғыма қарапты. «Астафыралла! Мына баланың расында да оң аяғында алты бармағы бар екен», – деп таңғалысыпты бәрі.
Ана бір жылдары «осыны алдыртып-ақ тастайыншы» деп оқталдым. Бірақ шешуші сәтте айнып кеттім. Алланың әуелден жаратқаны, маған салған белгісі. Нышанасы. Туғанда осылай тудым. Менімен бірге жасасып келе жатыр. Алла жаратқан нәрсеге қысастық жасамайын дедім. Қайдан білейін, менің қорушым да сол шығар.
Ауылда балалардың әдеті еді ғой, бірін-бірі ұратын. Мені бір бала маңдайымнан шерткен емес. Өйткені үлкендердің бәрі: «Тимеңдер Мырзатайға! Ол нышаналы!» – деп зар илейтін. Шынын айтайын, жақсылы-жаманды қазір жасымыз біраз жерге келді ғой, қастандық жасағанның ешқайсысы оңған емес. Мысалдары өте көп-ақ. Оның неге екенін білмеймін.
Автор: Бұл да бір қызық жағдай екен. Қазақтар, әдетте, жақсы адамдар жайында оларды «ақ, аққа құдай жақ» деп жатады ғой. Ақты, адалды періштелер де қолдап жүреді деседі. Шамасы, осылар жай ғана айтыла салған сөз болмаса керек.
Мырзатай: Әбдіжәміл ағамыз «осынша жасқа келемін, осынша құрмет көремін деп ойлаған емес едім» деген еді.

Мен де ол кезде болашағымды болжай алғаным жоқ, әрине. Мен де, жалпы сол кездегі біздің ұрпақ, бүгінгі күннің биігінен қарасақ, ауыр күндерді, қиын тағдырды бастан кешіріппіз. Жетімшілікті, жетпеушілікті, кемшілікті көп көрдік. Бірақ аман-есен осы заманға жеттік. Ата-бабамыз армандап жете алмаған тәуелсіздікке жеттік. Тәуелсіздікті қолмен орнықтырып, сол арманды тәуелсіздікке аянбай қызмет еткен кісілердің бірі болдық. Менің үлкен бақытым осы ғой деп ойлаймын…».

3.11.2023

«Тамаша адамдар өмірі»  сериясының қараша айындағы саны «Қазақтың Қанипасы» атанған аяулы ұстаз, Қазақстан мұғалімдері ішінде бірінші болып КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған, ҚР еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Бітібаеваға арналып отыр. Бұл туындыда марқұм Қанипа Бітібаеваның әкесі жайлы естелігінен үзінді ұсынамыз:

 «… – Әкем өле-өлгенше мені ерекше ардақтап, аялап кетті. Тоғыз қыз бен бір ұл сүйген әкем ерекше бала жанды болатын. Балаларына ұрысқан шешеме өкпелеп, дұрыс шай ішпей қоятын.

«Қан майданнан аман оралдым, осылардың жарығы шығар мені өлімнен алып қалған. Балаларымды ұрсумен емес, ақылмен тәрбиеле. Байлығым да, бақытым да осы – құлындарым», – деп әрқайсымыздың маңдайымыздан иіскеуші еді. Ал мені алабөтен сыйлау себебі «әжесінің сарысы» екендігім. Ата-анасын құдайдай сыйлайтын әкем солардың «сарқыты» деп, менің бетіме жел тигізбей өсірді. Мен ғана емес, үйдегі барлық бала еркін өстік. «Қызға қырық үйден тыю» деген пәлені басымыздан өткізбедік. Әкем «әр қызымды елдің он ұлына айырбастамаймын» деп, біздерге рух беріп, көтермелеп отырушы еді. «Алдарыңда ағаларың жоқ, бір-біріңді оқытасың, бір-біріңе көмек жасайсың», – деп, жастайымыздан құлағымызға сіңіре беретін.

«Қанипа, сен мұғалім боласың, содан соң мына шиеттей бауырларыңды оқытып адам етесің», – дегенді екі күннің бірінде айтушы еді. Өзінің бұл фәниден ерте кететінін сезді ме, әйтеуір бала кезімнен отбасының бар ауыртпалығын маған артатын. Бала көңіл нені түсінсін, ол кезде маған бәрі оңай, бәрі жеңіл сияқты көрінетін.

«Аға, мұғалім болған соң бәрін өзім оқытамын», – деп мен де лепіріп сөйлеп кетуші едім. Шынында да солай болды. Жиырма үш жасымнан күні бүгінге дейін бір үлкен отбасының бар тауқыметін тартып келе жатырмын десем бір өтірігі жоқ. Әкем қайтыс болған жетпісінші жылдан бастап, әкесі жоқ демесін, қатардан осылар қалмасын деп бауырларыма аузымдағыны жырып беріп, қолымдағыны бүкпей, қамқорлық жасап келем.

Алпыс үшінші жылы аудан орталығы Ақжарда он бірінші сыныпты бітірдім. Сол кездің «модасы» бойынша түгелдей өндіріске қалдық. Мен бәрібір сол жылы оқуға бара алмас едім. Шешемнің үнемі сырқаттануы, әкемнің де соғыс салған жараларының асқынуы, бауырларымның да ақүрпек, сары уыз балапандай жағдайлары алысқа самғатпас еді. Бір жыл ауылда механизатор болдым. Тапқан табысымды әкеме әкеп беруші едім. Жартысын менің оқуыма жинап жүрдік. Сөйтіп, келесі жазда Алматыға барып оқуға жағдай келмей, Семейге аттандым. Институтқа түстім. Демалысқа ауылға барған сайын, стипендиямнан жырмалап, сіңлілеріме көйлек-көншек, ойыншық апаратынмын. Үйден бір тиын ақша сұрамайтынмын. Ерекше бір сағынышпен ата-ана бауырларымды есіме түсіретінмін. Жиі-жиі ауырып қалатын анамды, от жағып, күл шығарып жүретін әкемді, әрі көйлегін ұқыпты әрі сақтықпен киетін бауырларымды көз алдыма елестетіп, қатты толқушы едім. Алпыс сегізінші жыл оқуды бітіретін соңғы жылым еді. «Кім қайда барады» деген мәселелер шешіліп жатқан. Курстас достарым да, өзім де ішімнен аспирантураға барсам деп ойладым, бірақ үй жағдайы еске түскенде, жағаға қайырылған қайықтай дымым құрып қалады.

Ата-анаммен ақылдасуға мамыр айында үйге келдім. Әкем үйді жаңалап, көтеріп жатыр екен. Сол бір көрініс күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Үй төбесінде тұрған әкем мені көріп, еңкілдеп жылап жіберді. Қолқабыс етер ержеткен ер баласының жоқтығы, жалғыздықтың арқасына әбден батқаны айтпаса да түсінікті еді. Жан жүрегім езіліп тұрса да, көзімнен жас шығармай, тастай қатып қалдым. Тек қана бетінен сүйіп: «Ойбай-ау, жылағаны несі, мен институтты беске бітіремін, сендерді асыраймын, балалар оқиды, бәріне институт бітіртемін», – дей бердім. Бұл берік байлауым, болашақтағы өмірімнің мақсаты мен мұраты еді. «Тәуба, құдай, тәуба, әншейін сені көріп, әке-шешем есіме түсіп кетіп еді», – дей берді әкем жалғыз көзін сүрткілеп… ».

С. Әбішева, Г. Құдайбергенова «Қазақтың Қанипасы» кітабынан үзінді.

 

1.11.2023

Қайрат Сабырбаев  «Дүлдүлдер дүбірі»

Ақын  Қайрат Зекенұлының  «Дүлдүлдер  дүбірі» атты өлеңдер жинағы  талғам мен таным негіздерін сипаттайтын тұшымды ойлардан тұрады. Оның  өмірге көзқарасы, махаббат пен достықты  бағалауы, тірлік түйткілдерін тануы, кітапқа енген шығармаларынан шынайы көрініс тапқан.

Авторды өзгелерден даралап тұратын ерекшелік – дүлділдер дүбірін құлақ түбіне әкелер жылқы тақырыбының  мейілінше сәтті сомдалуы. «Ақжал мен көкжал» поэмасы табиғи заңдылықтың жалпыға елеусіз сәттерін ашып суреттеуімен бағалы. Төрт түліктің  төресіне қатысты  тың сюжеттерге толы топтамалар  оқырман үшін өз алдына бір олжа боларлықтай.

Кітаптың тілі көпшілік ұғымына  жеңіл әрі жатық болып  келеді.

Кітап бірнеше бөлімнен тұрады.

Кітаптың  соңы мағналы да қажетті  тұздық сөздермен  аяқталады.

Сайгүлікті сағынып, бәйгеге қосқан  тұлпарын  еске түсіріп, арғымақ атаулыға жақын  жандарға осы кітаптың ән-жыр шумақтарын  оқуға кеңес беремін.

 

19.10.2023

          Сәуле Досжан “Жалғыздың жарасы”

« … Менің анамды көрдіңіз бе? Ол қорғансыз болатын. Одан әкем мені тартып алып, қаңғытып жіберіпті. Қазақстанда деп естіп іздеп келемін  – деді бозбала.

Олар Түркиядан ұшып келе жатты. Жанындағы әкесі бір кездегі қатыгездігінен Құдайдың қаһарына ұшыаған ба, арбаға таңылыпты….

Ұшақтан түсе олар мейманханаға кетті. Телефон алмасып, мен күтіп алған балаларыммен үйге кеттім.

Ертесіне жұмысқа келіп әріптестеріме айттым, анасын іздеп жүрген ұлдың мақсатын. Олар «Хабар» арнасына барып  «Қайдасың, бауырымды?» жүргізетін Қымбат Досжанды тауып ал –  деп жөн сілтеді. Сондай-ақ «Айқын» газетінің редакторы Нұртөре Жүсіпке де мәселенің мән-жайын түсіндірді. Ертеңіне «Анасын іздеген азамат» деген тақырыбы айқайлаған мақала газетте жарқ етті. Ортасында ана мен баланың суреттері басылды. Содан көңіліміз күпті. Бір сүйінші хабар күтудеміз. Өзім жоғалған ұлымды тауып алатындай толғатып жүрмін.

Сенесіз бе, сенбейсіз бе, ертесіне бір әйел хабарласты. Ол Толғанай Берсінбаевамен бірге оқыған екен. Тағы бір әйел хабарласып, Толғанайды танитынын, оның әйелі өлген, үш баласы бар қойшыға тұрмысқа шығып, қазір Хан Тәңірінің жайлауында қой бағып, тау асып кеткендігін айтты. Естігенімді әкелі-балалаы екеуіне жеткізгенімде ұлы Ертуар:

  • Сорлы анам! – деп жылап жіберді. Кінәлі әке ұлының бетіне қарай алмай, жер шұқыды…

Ол жайлауға жету үшін белі мықты деген машина керек екен.

  • Не проблема? – деді әңгімені тыңдап отырған Ертуар. Жағдайды түсінген соң:
  • Тікұшақпен неге бармаймыз? – дейді.
  • Біздің елде тікұшақпен жай адамдар ұшпайды. Оны төтенше жағдайда не медициналық көмекке пайдаланады. Тау-тасқа еркін шығатын «джип» деген мықты көлік бар, соны тапсақ жарар еді, – дейміз біз.
  • Тікүшақты жалдауға болмай ма?!, – дейді ғой байдың баласы. Біз көзіміз бақырайып бір-бірімізге қараймыз.

Журналистерді араластырып жүріп Ертуардың қыруар ақшасына жалданатын тікұшақ таптық.

Сонымен, «Хабардың» продюсері, журналист пен операторы бар, Ертуар екеуміз болып, ұшқышпен алты адам көкке көтерілдік.

Жасыл жайлаудың жазығына қонған тікұшақты шопандар қоршап алды.

Біз хикаямызды айтып болғанша ана мен бала бір-біріне жолай алмай тұрды. Бірі – анасы, бірі – баласы екенін білгендегі табысқандарын көрудің өзі бізге оңай болмады. Хан Тәңірінің бауырындағы хан жайлауында 30 жыл екеуі екі мемлекетте жүрген ана мен бала жылай құшақтасқанда – тау тебіреніп, жер қозғалғандай. Көрген жан тебіреніп, сол маңда Күн тұтылды деуге де болатын еді. Толғанайдың ер жетіп қалған төрт ұлы әкелерімен бірге қолды-аяққа тұрмай қызмет істеп жүрді, біреуі ет жайған, екіншісі дастарқанға бас-көз  болып, үшіншісі қонақтарды күтіп шапқылайды. Көздерінен от жанады. «Таудың жігіттері осындай болады!», – деп ұшқышымыз соларға қызыға қарайды. Операторлар әр сәтті қалт жібермей түсіріп жатыр…

Толғанай ақ орамалы желбіреп, көк көйлегі көлбеңдеп, қуаныштан жүрегі алып-ұшып, барын дастарқанына төгіп, бабына келген бал қымызын сапырып-сапырып ұсынуда қонақтарына.

Малды өріске шығарар алдында тойшы қауым анасын іздеп Анадолыдан келген ұлмен қимай қоштасып, тікұшаққа аттың үстінде отырып қол бұлғап тұрды…».

Қымбатты оқырман, әңгіменің толық нұсқасымен танысқыңыз келсе, кітапханаға келіп, Сауле Досжанның «Жалғыздың жарасы» атты кітабын оқуға кеңес береміз.

9.10.2023

Сәуле Досжан «Мыңжылдық махаббат»

 «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлем тербетеді» дейді. Бұл сөз дәл осы кісіге арналғандай. Ол – ақын, асыл ана, қарапайым қазақтың қызы. Жазушы, қазақтың сөнбес сәулесіне айналған Дүкенбай Досжанның асыл жары.    «Мыңжылдық махаббат» жинағына бірнеше хикаят пен әңгімелері топтастырылған. Әрбірінің көтерген өзекті мәселесі бар. Әйел жанының нәзік иірімдерін түгендейді. Көрген қорлық, қиындық, қиянатты сипаттайды. Махаббатты жырлайтын әдемі хикаяты да ғашықтардың басынан кешкен өзгеше хәлін көрсетеді. Терең сағыныш, егілу, елжіреуді оқып отырып бастан кешкендей күйде отырасың. Махаббат айтуға оңай болғанмен, бастан өткерудің ғажабы мен азабы теңдей екенін түйсіндіретін шығарма. Бүгінгінің оқырманы өз заманының махаббатын сезінеді. Күнде көшеде көретін таныс жандардың сезіміне куә болады. Басында ғашықтығы бар жандар оқыса, тіпті әсерлі болмақ. Кей ғашықтар өмірдің бастауында адаспай табысса, кей мұңлық басынан талай тағдырды өткеріп барып сезімнің қадірін түсіне бастайды. Кітаптағы заманауи дүниетаным ашық көрсетілген. Бүгінмен өмір сүру, қол жетпес арманды бағалау, сезімді бар кезінде қадірлеу анық суреттелген. Махаббат – ол мәңгілік тақырып. Оны қастерлеу әр адамның өресіне тәуелді. Біреу жыл өтпей жүректегі сезімін өшіріп алады, біреу өмір-бақи алақанына салып өтеді, ал кей адам кеш кездестіреді… Махаббат туралы шығарма оқығыңыз келсе кітапты алып оқуға асығыңыз!

6.10.2023

        Ғаббас Қабышев. «Марқасқа»   
«Тамаша адамдар өмірі» сериясының қазан айындағы саны қайталанбас дарын, жерлес жазушы Марат Қабанбайұлына арналып отыр. Осы орайда жазушының жары Сәуле апайдың естелігінен үзінді ұсынамыз:
« … Мінезі қызық еді, Ол әуелден-ақ отбасында демократия орнатты. Қызуқандылықпен бір ауырлау сөз айтып қойса, кеште төрт көзіміз түгел отырғанымызда үлкен басымен ағаттығын мойындап, кешірім сұрайтын. Балаларынан да, менен де солай етуді талап ететін. «Шындық, әділдік үшін әкелеріңді де аямаңдар» деп отыратын. Сондықтан болар, балалары оған реніштері бола қалғанда тайсалмай айтатын. Ондай кездер өте сирек болды. Мәкең бәрімізді аялайтын. Ол дүние-мүлікке қызықпай өтті. «Менің екі байлығым бар, – деп отыратын. – Бірінші байлығым – балаларым, екіншісі – шығармаларым.
Мараттың бір әдеті, өзі жазушы бола тұра үйге кітап жинамайтын. Түрлі кітаптарын керек еткен туған-туыстарына, дос-жолдастарына, бір келген жас журналист-жазушыларға беретін. «Кітаптың міндеті – адамның көзін ашу, білімін көтеру, рухани ләззат сыйлау. Ол үйде шаң басып қамалып тұрмауы керек», – дейтін.
Тәуелсіздікке қол жеткенде Мараттай қуанғандар сирек шығар. «Енді ешкімнен сескенбей, тартынбай еркін жазатын болдым», деп балаша шаттанғаны әлі есімде. Сөйтіп, «Кентавр» романын бастап кеткен. Амал не, аяқталмай қалды. Көбінесе түнде жазатын. Таң алдында екі сағат көз шырымын алып жазу үстеліне ұмтылатын.
Ол қонақшыл болмады. Кімнің болсын беталды сөйлейтіндерді жаратпайтын және сол жерде оның қате пікірлерін дәлелдейтін. Ақиқатты арзандатпауды талап ететін мінезі ғой. Өзімізге де іріктеп шақыратын. Біреуге ұнауға, көлгірсуге жаны қас еді. Үйге қонаққа ешқашан ешбір шенеунікті шақырған емес.
Ал сыйлас-сырлас достары келіп қалса, қуана құрақ ұшатын… Бір мінезі: өзінің туған күнін тойлатпайтын. 50 жылдық мерейтойын да елеусіз қалдырды. «Халық қиын тұрмыс кешіп жатқанда, менің «елуге келдім!» деп шіренуім – көргенсіздік болады», – деді. Ал балаларының туған күнін құр жібермеуші еді…».
(Құрастырушы және редакторы Ғаббас Қабышев. «Марқасқа» кітабынан үзінді).

  

Минайхан Салтанат «Жеңілмейтін махаббат»

 Бұл кітапта Минайхан Салтанаттың 2012-2015 жылдары студенттік шағында жазылған шығармалары шоғырланған. Отанға деген сағыныш, ата-ананың махаббаты, екі жастың адал сезімдерімен қатар ауылдың сағынышқа толы естеліктері көркем суреттеледі. Қазіргі құбылмалы заманның артықшылықтары мен кемшіл тұстары ауыр трагедиялық сюжеттер арқылы берілсе, махаббат тақырыбында адалдық пен үлкен сыйластықты ту етеді.   

Кітапқа әңгімелер мен қатар бірнеше хикаяттар, пьеса, өлеңдері кірген. Соның ішіндегі қатты әсер еткен әңгімесі «Қарындастар»  деп аталады. Осы әңгімесін Салтанат «Бөтен» деген тақырыппен пьеса жанрында да енгізген. Шығарма әке-шешесінен ерте айырылып,  жетім қалған Арман мен қарындасы Шамшырақтың қатал тағдыры жайлы. Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 5-6 жасар шамасындағы Арманды Американдық отбасы асырап алады.  

Теңіздің арғы беті Американың Нью-Йорк қаласына келіп, етек-жеңін жиған жиырма жасына дейін Арман талай таңдарды сағыныш сапарының үзілмес жолына арнайтын. Бір күні сол тартып тұрар туған жерге жетеріне сенеді. Жете алмай жүрген жоқ. Әке мен шеше болған ана екеуін ерте тастап кету кешірілмейтін арамдық көрінеді де тұрады. Бірақ … өскен сайын бір күш ауыздық бермей келеді. Асырап алған әке-шешесі жаман адамдар деуге әсте болмас. Бетінен қағып көрмепті. Бар кінәлары өз қазағынан асырап алар әке жүрек, ана мейір табылмаған соң ерегескендей тамырын үзіп, жұлып алып кеткендері болмаса…

Арманның онан кейігі тағдыры жайлы білгіңіз келсе, кітапты алып оқыңыз.

Камал Әлпейісованың «Қайтсек ұрпақ өседі өрелі боп…» кітабында ешқашан ескірмейтін мәселелер туралы ой-толғамдары берілген екен.

«Көрермен мәдениеті» деген мақаласын алып қарасақ:

«… Қызмет бабымен Арқа жеріне қоныс аударғанына біршама уақыт өтсе де, бұл жақтың алай-дүлей ақ боранына, етек-жеңіңді жұлқылаған желіне үйрене алмай, жасыл желекке малынған гүл қаланы, елін-жұртын сағынып, әсіресе оның өнер ордалары туралы тамсанып жиі айтатын алматылық құрбымды қуантайын деп концертке шақырдым. Ол шынымен-ақ қатты қуанды. Айтқан уақытында Конгресс-холлдың алдына алып-ұшып жеткен құрбым «Жұмысбасты болып, көптен ешқайда шыға алмай жүр едім, бір демалатын болдық қой, жүр ішке кіріп орналаса берейік» деп мені асықтырды.

Ішке кіру оңай болмады. Есік ашылысымен алдындағы иін тірескен халық бір-бірін баса көктеп, алға ұмтылды. Және бір қызығы – бәрінің де қолдарында билеттері бар. Іштегі орын санаулы, кіретіндердің саны шектеулі болса сөз басқа, қолдарында билеттері бола тұрып, неге сонша жанталасады? Әрі-бері итерісіп жүргенде бір апа кебісін түсіріп алыпты, енді жұрттың аяғының астынан соны іздеп әлек. « Мына жұрт өлтіреді ме, қайтеді-әй?» деп жан-жағына шошына қарайды кейуана.

Ұмар-жұмар болып есікке ұмтылғандарды сырттай бақылап тұрсаң, оларды жұмыс күнінің аяғында жақсы бір концерт тыңдап, демалуға келгендер емес, пышақ үстінен үлестіріліп жатқан әлдебір тапшы, зәру заттың кезегінде күнұзақ тұрып, төзімі таусылған, жүйкесі тозған адамдар ма деп қалғандайсың…

Концерт белгіленген уақыттан әжептәуір кешігіп басталды. Қасымызда 5-6 жасар баласы бар жас әйел отырған. Сәлден кейін сол бала «А когда начнется? А долго еще будем ждать?» деп қыңқылдай бастады. «Скоро, скоро» деп шешесі жұбатып қояды. Бірақ онысына тыныштанар бала жоқ сияқты. Қыңқылдап жылай бастады. Анасы алдаусыратып сөмкесінен бір уыс кәмпит алып беріп, әзер қойғызды. «Ойпырмай, осы біз қай концертті тамашаларымызды білмей басымыз қататын шығармыз» деп сыбырлады маған құрбым.

Шынымен де солай болып шықты. Тәтті кәмпитке тойып алған бала сәлден кейін шөлдеп су сұрады. Анасы сәл шыдауын өтініп, үгіттеп көріп еді, бала тіпті өрекпіп кетті. Жер тебініп жылайтын әдеті болса керек, алдыңғы орындықтың арқалығын қос аяқпен тепкілей бастады. Алдағылар бұрылып, ала көздерімен қараса да, «тыныш отыр» деп ескерту жасаса да бала шыбын шаққан құрлы көрер емес. Ал шешесі… Бәлкім, баласының сыры өзіне мәлім болғандығынан болар, ол ара-тұра «перестань», «заткнись» деп қойып, сахнадан көзін алмай отыра берді! Қаншама жұрттың мазасын алып отырғандары ойына кіріп-шықпайтын тәрізді… Керісінше, балаға ескерту жасаған адамдарға жиырыла қарап, «оставьте нас в покое» деді ысылдай сөйлеп.

Құрбымның айтқаны дәл келді, біз сол күні көрсек деп ынтығып келген өнер шеберлерінің емес, өз дегенінен қайтпайтын қыңыр, тәрбиесіз бала мен оның көпшілік орындардағы мінез-құлық мәдениетінен жұрдай шешесінің «концертін» көріп қайттық.

… Мәскеуде басылып шыққан «Мінез-құлық мәдениеті» атты сөздік-энциклопедияда «Қарым-қатынас жасау және мінез-құлық мәдениеті адамның тәрбиелік және білімділік деңгейін айқындайды. Адамның қаншалықты тәрбиелі екендігін оның көшедегі, қоғамдық орындардағы немесе ұжымдағы мінез-құлқына қарап-ақ байқауға болады» деп жазылыпты. Ал таяуда ғана өзімізде шығатын орыс тілді газеттен: «Тәрбиені бесіктен бастау керек деседі. Меніңше, тәрбиені бесікті тербеткен анадан бастаған жөн» деген пікірді оқыдым. Оқыдым да ойланып қалдым. Шындығында да, егер біздер, ересек адамдар (жоғарыда мысалға келтірілген әйел сияқты) өзіміз тәрбиелі, мәдениетті болмасақ, балаларға, жастарға не үйрете аламыз?

Камал Әлпейісованың бала тәрбиесі, тұлғаның қалыптасуы, ұлттық құндылықтарды сақтау сияқты мақалаларымен таныс болғыңыз келсе, біздің кітапхана есігі әрдайым ашық.

Оқырмандар назарына жерлесіміз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жанаргүл Мұқатайдың «Жанарымдағы әлем» атты кітабын ұсынамыз. Кітап төрт бөлімнен тұрады: журналистік жолсапарлар, атамекен, сырға толы сұхбаттар, көңіл пернесі.

«Көңіл пернесі» бөлімінде «Құран дәметкен аруақ» (тылсым дүние) әңгімесі назар аударарлық екен.

«…Кішігірім кәсібі бар ағайын інімнің ұлы кенеттен науқастанып, бір ай төсек тартып жатып қалды. Алдымен Алла, екінші ата-баба аруағы қолдап, бір айдан соң беті бері қарады – деп бастады әңгімесін ескі танысым.

  • Бес апта ес-түссіз жатқан ағайынымның сол ұлы ауырып жатқан кезде түс көріп, түсінде бір үлкен асқа барыпты. Есіктен төрге дейін құжынаған халық. Бәрі ет жеп, қымыз ішіп, мәре-сәре болып жатыр дейді. Бір ақбас шашты қарт қана көпке қосылмай, дастархан басына бара алмай, оңаша тұрған екен. Ас тарқап, ел кеткенше қария бір орнынан тапжылмайды.
  • «Ата, неге мұнда тұрсыз? Ел тарқайтын болды ғой, жүріңіз бірге дастархан басына барайық?!» – депті әлгі ақсақалға інімнің ұлы, сонда қарт: «Балам, білесің бе, тамақ жеп, дастарханға барғандар балалары хатым түсіргендер, жұма сайын жеті шелпек пісіріп, аруақтарға бағыштағандар, ұрпағы Алланың мейіріміне бөленгендер, елге садақа беріп, жоқ-жітікке көмектескендер. Менің бес ұлым бар болғанымен, мен осы дүниеге өткен он жылдан бері біреуі де мұны істеген жоқ. Менің дастарханға отыра алмай, жадап-жүдеп, жалғыз тұруымның себебі сонда. Сен бес ұлымды білесің, ауылға қайт, ауылға барғанда ұлдарыма айт» депті мұңайып.
  • Мынауыңыз мол ғибраты бар тамаша мысал әңгіме екен!
  • Жоқ, бұл мысал емес, аңызға бергісіз әңгіме. Содан ұл көрген түсін әкесіне айтқан. Ұлының баяндаған түсіне құлақ асқан әкесі ауылда тұрып жатқан бес ұлы бар отбасын тауып, оларға әкелеріне хатым түсіру керектігін айтқанда, кіші ұл желкесін қасып, «Әкеме хатым түсіріп көрген жоқпыз, аға, өйткені үйде малым жоқ, бірақ айтқаныңыз болсын, базардан ет сатып алып, түсірейін» деп уәдесін беріп, жұма күні ауылдың үлкендерін шақырып, құран оқып, әкесіне хатым түсіріпті. Хатымға келген ағайынымыз болса жұмыссыз жігітті шаруаға икемдеп, қолдап, алдына екі-үш ұсақ мал, бір ірі қара да салып берді. Аруақ қарап жатпай, жалқаулыққа салынып, кедейшілікте жүрген бала-шағасын осылай қолдапты. Әлдеқашан өмірден өткен қарияның аруағы ақылды, текті, таза жүретін әлгі жігіттің түсіне кіріп, иманы берік оның отбасы арқылы ұлына көмек ұйымдастырғандай. Аруақтардың бар екеніне, осылай құран дәмететініне және қолдайтынына мен сенемін, – деді ол әңгімесін аяқтап.

       Сайын Мұратбеков «Қылау»

Балалық пейіл, аңғал да кіршіксіз көңілді анық байқататын «Қылау» әңгімесі қазақ балалар әдебиетіндегі шоқтығы биік шығармалардың бірі. Жазушы шағын әңгіме арқылы ауыл тынысын, адамдардың өзара қарым-қатынасын, қарапайым ауыл баласының ойын, қиялын дәл беріп, достыққа беріктігі мен намысқойлығын көрсетіп, кіршіксіз тазалығын пейзажбен шебер үйлестіре білген.

Әңгіме шырт ұйқының құшағындағы баласын қақаған күннің суығында Тастөбеге барып шананы алып келуді тапсырған әке бұйрығынан басталады.

Кішкентай балақай ұйқысын қимай әкесіне ренжіп әрең тұрады. Жолда алдынан зираттар кездеседі. Сол кезде өлім, өмірдің тәттілігі туралы ойлайды. Өз ойынан өзі шошып, басқа дүниеге көңілін бөлмек болып келе жатқанда межелі жерге де жетеді. Жапан далада жалғыз келе жатқан қызға көзі түсіп, жол-жөнекей  апарып тастайтынын айтады. Қыз келісіп, жолда екеуі танысады. Кенет алдарынан қасқыр кезігеді, бірақ қорыққанын білдірмей әңгімелерін жалғастыруға тырысады. Межелі жерге жеткізіп салғаннан кейін балаға «Неге үйіне дейін апарып салмадым?» деген ой келеді. Аман екеніне көз жеткізу үшін қызды қайтып іздей бастайды. Бірақ қасқырдан басқа ешкім көрінбейді.

Сайын Мұратбековтың «Қылау» әңгімесі оқырманды біраз уайымға салып, оқиға кейіпкерлері Сатай мен Рабиға арасындағы қарым-қатынас өрбейді. Соғыс жылдарынан кейінгі тұрмыс-тіршілік суреттелген. 

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін әңгіменің кез келген оқырманды баурап алары сөзсіз.

Әбілқайыр Қанат. «Көршінің қызы»

Қазақтың сөз өнеріне өзіндік үнімен келген Қанат Әбілқайырдың бұл жинағына соңғы жылдарда жазылған хикаяттары мен бір топ әңгімелері енгізілген. Хикаяттағы барлық кейіпкер өмірде болған, бастан өткен оқиғалар. Шығарманың негізгі өзегі- алғашқы махаббат. Автор бір сұхбатында «Бәріміз де бала болдық. Ең алғаш 14-15 жасымызда қызға ғашық болдық. Кеңестік кезеңде мұндай шынайы махаббаттың өзін «ұятсыздық» ретінде бағалап келді. Ал мен үшін балалық шақтағы сезім – сезімдердің ең ұлысы. Мұны көршінің қызына ғашық болған 14 жасар Талап арқылы жеткізгім келді. Біздің балалық шағымыз тоқырау жылдарына дөп келді ғой. Сол кезде Еркін деген досымыз токқа түсіп, көз жұмған еді. Мен ол баланың атын да, шынайы болмысын да өзгертпей бердім. Тек Еркін ғана емес, шығармамдағы барлық кейіпкер өз аттарымен жүр.»- дейді. «Көршінің қызы» – Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінен бірінші орынды алды. Қанат әдебиетсүйер қауымға «Текес теріс ағады» атты прозалық жинағымен белгілі. Ал «Көршінің қызы» қазақ балалар әдебиеті үшін жазған тырнақалды туындыларының бірі.  Қазылардың көңілінен шыққан шығарма, оқырманның көзайымы бола ма? Бұл сұрақтың жауабын кінәмшіл, шыншыл оқырманның еншісіне қалдырдық.

Оқып көріңіз. Мархабат!

Жәлелұлы Омар «Жақсы»

 Белгілі абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлының отбасы тақырыбына келгенде айтары көп. “Отан – отбасынан басталады” деген  идеяны насихаттап жүрген абайтанушы халыққа пайдалы болуды көздейді.

Қазіргі қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі, қазақ ұғымындағы әйелдің жақсысы мен жаманы және әйел затына қатысты ұғымдар талқыланады. Кітап «Қазақ әйелі»,  «Жақсы» феномені» және  «Сұхбаттар» атты  үш бөлімнен тұрады.

Қазақ әйелi туралы сөз қозғау әрi оңай, әрi қиын. Оңай болатын себебi – әйел бiздiң анамыз, әйел бiздiң әпке-қарындасымыз. Ақын ағамыз айтқандай, бiр әйелдiң құшағында туамыз, бiр әйелдiң құшағында өлемiз. Жастайымыздан көрiп өстiк, түйсiнiп, көңiлге түйiп өстiк. Тоғыз ай, он күн толғатып, «тар құрсағын кеңiтiп, тас емшегiн жiбiтiп» әйел бiзге өмiр сыйлады. Сондықтан оңай, көңiлiмiзде бәрi сайрап тұр. Қиын болатын себебi – әйел табиғаты тылсым, сырын iшiне бүккен қара жердей.

Шынымен де – әйел кiм? Оның iшiнде қазақ әйелi кiм? Өзiнiң ешкiмге ұқсамайтындығымен, не батысқа, не шығысқа жатпайтындығымен былайғы жұртқа түсiнiксiздеу болып көрiнетiн қазақ әйелiнiң феноменi неде? Бұл сұраққа жауап іздесеңіз Омар Жәлелұлының «Жақсы» кітабын алып оқуыңызға болады.

 

Ұзақбай Доспанбетов «Қанды жол»

Қазақтың белгілі жазушысы Ұзақбай Доспанбетовтің «Қанды жол» атты романында қазақ тарихындағы ең бір қайғылы, қаралы кезең – жиырмасыншы ғасырдың 1928-1931 жылдарындағы ашаршылық, кәнпеске, ел-жұрттың Қытайға, басқа да шетелдерге ауа көшуі, ОГПУ солдаттары ұйымдастырған қанды қырғындар – бәрі нақтылы болған ащы шындықтар негізінде суреттелген. Романның бас кейіпкері – Жетісу, Қоғалы өңірінің тумасы Ұлы жүз, Қызыл-қаңлы руынан шыққан Құндақбай Төлендіұлы өзінің көзсіз ерлігі, мергендігі, оқ дарымастығы, басқа да қасиеттері арқасында осы жайлардың бастан-аяқ басы-қасында болған.

1937-1938 жылдардағы қызыл қырғын қазақтың сол қызыл өкіметке жан-тәнімен берілген, оқыған тамаша ұлдарын (ішінде Ораз Жандосов та бар) күйедей сыпырып әкеткені, қара қазаққа деген аяусыздық  Құндақпай Төлендіұлының одан зорғыға да көзін ашты.

Жаратылысы мүлдем бөлек, бір қауызға қанша тықпаласаң да сыймайтын аса күрделі, бастан кешкендері одан да шым-шытырық жанның  Қытай жеріндегі тірлігі аңыз бен ақиқаттың мидай араласқан қоспасынан тұрады.

Шығарманың тілі көркем, шытырман оқиғаларға толы. Әдебиет сүйер қауымның қызыға оқитыны даусыз.

 

 

Нұрдәулет Ақыш. «Тау ішіндегі тауқымет»

 Танымал жазушының бұл жинағына жас оқырмандарға арналған шытырман оқиғалы  шығармалары еніп отыр.  Хикаяттардың қай-қайсысы да жетектеп әкететін тосын оқиғаларға толы.

 Автордың айтуынша, бұл жинаққа кірген повестердің кейбірі балалық шақта басынан кешкен оқиғаларға байланысты жазылыпты. Реалистік дүниелерді жазғанды жөн көретін қаламгер өз шығармашылығында да мейлінше болған оқиға желісін қолдануға тырысады. 

Ал, өскелең ұрпақты адалдыққа, батылдыққа, өмірді сүйе білуге үндейтін келесі шығармасы – «Тау ішіндегі тауқымет немесе Құз хикаясы». Бұл – қазақ прозасында бұрын-соңды көп қаузалмаған альпинизм жөнінде. Хикаятта ешқашан ешқандай қазақ шықпаған  Хантәңіріні бағындыру барысындағы экспедиция мүшелерінің өмір мен өлім арасындағы арпалысы оқырманды бей-жай қалдырмайды.

Қазіргі балалар прозасының тәуір үлгісі ретінде ұсынылып отырған бұл жинақ жас оқырмандарды қызықтыратыны сөзсіз.

 

 

Әзілбек Гүлден «Перімен түнеген түн»

Бүгін мен көзі ашық, көкірегі ояу, кітапты үнсіз ұстаз, кітапты асыл қазына көретін оқырман қауымы үшін жас жазушы Гүлден Әзілбектің «Перімен түнеген түн» деп аталатын әңгімелер жинағын ұсынамын. Бұл жинаққа жас қаламгердің алғашқы тырнақалды туындылары еніп отыр. Жазушы өмірден түйгендерін, бастан кешкен оқиғаларды әңгімелеп шыққан.

 Гүлденнің қай шығармасын алсаңыз да, айтайын деген ойын ашық және батыл түрде жеткізіп отырады. Әсіресе, «Қызыққа толы күндер-ай» атты өмірбаяндық эссесінде балалық шақтағы қызық пен қырсыққа толы сәттер риясыз суреттеліп, әрбір оқырманға өмірінің ең тәтті бір тұстары салған пәк, кіршіксіз кішкентай кездерін есіне еріксіз түсіріп, балалық балауса ғұмырға жетелей бастайды.

Жас қаламгердің әр шығармасы қайнаған өмірдің ортасынан алынған. Оның «Перімен түнеген түн» әңгімесінің өзі, шынайы оқиға желісімен жазылған ой саларлық ғажайып дүние екенін байқаймыз. Шығармада Ахмет атты кейіпкер бір жолы тылсым дүниемен тілдеседі. Ол үрейлі түнде қолында суық қаруы бар, алып дию адамдар арасында арпалысып жүреді. Ақыры түн қашып, таң шуағы төгіле бастағанда барып, есін жиған кейіпкердің кейінгі өмірінің күрт өзгеріп, ол адам жанын емдейтін ақ халатты абзал жанға айналған барысы тамаша образды суреттермен жеткізіледі. Міне, бұдан біз, жаратушының сүйген құлына берілетін үлкен хикметтердің бар екенін аңғарамыз.

Қаршадай қазақ қызының жүрек жарды жазған дүниелерін оқыған әрбір жан, өзіне тиісті рухани азығын алып, жақсы бағасын берері сөзсіз деген ойдамын.

Әмірхан Меңдекенің «Жалғыздық сені қайтейін…»

Кітапхана қоры Әмірхан Меңдекенің «Жалғыздық сені қайтейін…» атты кітабымен толықты. Танымал қаламгер, талантты әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әмірхан Меңдекенің «Жалғыздық сені қайтейін» атты бұл кітабына автордың ұлттық әдебиетіміздің жай-күйі» жөніндегі таңдаулы әдеби-сын мақалалары енгізілген.

Кітапта: «Мұхтар Мағауинды Қазақстанға қай бетімізбен шақырамыз?» атты көлемді мақала берілген.  Бұл мақалада біз қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағауинды шетелге кетірген не екенін,  «Ұлтсыздану ұраны», «Жармақ» кітаптары, «Талайсыз» әңгімелері  жайында білетін боламыз.

Ал енді, «Дос жылатып айтады» мақаласында Герольд Бельгердің 48 жыл бойы жазған күнделіктерінен үзінділер берілген.  (Герольд Бельгер. «Тень дней минувших». Дневники. 1961-2009 г.г. «Мереке» баспасы, Алматы, 2015 жыл). Герольд Бельгер өмірінің соңында өз күнделігін белгілі жазушы, баспагер Мереке Құлкеновке аманат еткен.

 Келесі, «Адасқақ» мақаласында Жүсіпбек Аймауытовтың «Әнші» әңгімесі берілген. Әңгіменің басты кейіпкері – Әмірхан. (Қайым Мұхаметхановтың айтуынша, әңгімедегі әнші Әмірханның прототипі – Әміре Қашаубаев).

«Әмірхандай әнді ешкім сала алмайды. Жай жүргенде Әмірханды ешкім де елемейді. Әмірхан ән салса, сонда кім екенін білесің. Ән салса, ол өзін өзі ұмытады, оның дауысы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол тәтті үнге, топқа бола жаратылған адам. Ән салса, рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге салады. Әмірхан кісі емес, әнге айналады». Бұл – Әмірханның ән салғандағы кейпі.

Не керек, Әмірхан – ғажайып биік адам. Бүгінгі тілмен айтқанда, үлкен өнер үшін жаратылған өнер иесі. Бірақ…

«Әмірханның әнге берілгендігі сонша, басқа шаруаға олақ-ақ. Қолынан түк келмейді. Аштан өлем-ау, көштен қалам-ау, ертең не күн көрем-ау деген уайым ойына да келмейді…».

Мақалада Жүсіпбек Аймауытовтың әнші Әмірханы – өнерді мейлінше адал әрі көзінің қарашығындай күзететін өнерпаз. Яғни, өзін де, өмірін де өнер жолына пида еткен жан екендігі жайлы айтылады.

Әмірхан Меңдекенің «Жалғыздық сені қайтейін…» кітабы ойлы оқырман үшін үлкен олжа. Қоғам күткен кітап. Оқыңыз, өкінбейсіз.

 

Айымбетов Мәди «Бопай ханым»

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде «Фолиант» баспасының «Алтын тамыр» сериясымен «Бопай ханым» тарихи туындысы жарық көрді. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың сүйікті жары, ел басқару ісіне араласқан қайраткер, дипломат Бопай ханым туралы тарихи романның авторы – қоғам қайраткері, жазушы Мәди Айымбетов.

Билік тізгінін бекем ұстап, басқа елдермен терезесі тең қарым-қатынас орнатып, балаларын ел басқару ісіне баули білген Бопай Сүйіндікқызының өмір жолына арналған туындыда қазақ халқын жаугершілік амалымен өзіне тәуелді етуге тырысқан орыс империясының билігіне қарсы тұрған хан ордасының әскери-саяси өмірі шебер суреттеледі. Басты кейіпкер Бопай ханымның бейнесі әр қырынан көрініс тауып, ел бірлігін сақтап қалу жолындағы арпалысы баяндалады.

Бас кейіпкер Бопай қазақтың бас ханының сүйікті жары болып қана қоймай сенімді серігі, хан әулетінің ұйыстырушысы, ел өміріне қатысты күрделі мәселелерде ақылман кеңесші болған. Орыс империясының жоғары билігіне оның есімі танымал болуы да сондықтан.

Сөз соңында айтарымыз, жазушы Мәди Айымбетов ағамыздың жаңадан жарық көрген «Бопай ханым» романы да қазақ тарихын түгендейтін, болашақ киногерлерге таптырмас тақырып болатындай, ал қалың оқырманның қолынан түспей қызығып оқитын шығармасы боларына бек сенімдіміз.

Мейрамтай Иманғали «Бақытты болуды үйреніп жүрмін»

Құрметті оқырман бүгін біз Мейрамтай Иманғалидың «Бақытты болуды үйреніп жүрмін» атты кітабын ұсынып отырмыз. Бұл Мейрамтайдың – алғашқы кітабы. Кітапта автордың әр жылдары жазылған шағын әңгімелері топтастырылған. Әңгімелердің дені Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде жарық көрген.

Жалпы, бұл кітапқа енген шығармалардың жанры «новелла» деуге келетіндей. Десек те біз «шағын әңгімелер» деуді дұрыс көрдік. Өйткені, бұлардың әрқайсысы тұтастай бір әңгіменің жүгін көтеріп тұр деуге болады. Ең бастысы – өмір бар, сезім бар, тағдыр бар. Оның үстіне технология дамыған қазіргі заманда оқырманның көлемді шығарманы оқуға уақыты да жоқ екенін автор ескерген секілді.

Мейрамтай кітабының атын «Бақытты болуды үйреніп жүрмін» деп атаған екен. Бұл өмірде кім бақытты болғысы келмейді, бәрі де соны аңсайды. Ал, бақытты болуға үйренуге де болады екен ғой? Қазіргі үлкен-кішіге ұнайтын жақсы тақырып.

Өмір туралы қарапайым шағын әңгімелерді оқығыңыз келсе, бұл кітап нағыз шынайы өмір туындысы.

 

Сәуле Досжан «Қасірет пен тағдыр»

Оқырманға ұсынылып отырған Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» атты романы халқымыздың басына қайғы салған Семей полигоны мен одан келген зардап  пен зауал жайлы. Жазушы шығармасында социалистік режим құрбандарына айналған Семей өңірі тұрғындарының қасіреті айтылады. Рас, Семей полигоны жабылса да, оның қазақ халқына тигізген зардабын әлі тартып келеміз. Жазушы кейіпкері Аяулымның тағдыры арқылы осы қасіретті оқырманға жеткізе білді. Полигон тақырыбына бару бұл – үлкен ерлік.  Бұл кітапта осы кезге дейін көп айтыла қоймаған, құпия болып келген біраз шындықтың беті ашылады. Кітапта қасіреті шынайы баяндалған талай тағдыр бар.

…Аяулымның оқушы күнінде олардың үйі бір бай отбасының үйімен көрші тұрады. Әлгілердің жалғыз ұлы арбамен жүретін мүгедек жан. Құдай аяқтан кем қылғаны болмаса, домбыра тартатын өнерлі бала.

Біздің кейіпкеріміз Аяулым сол балаға көмектесіп жүреді. Қасіреттің не екенін содан біліп өседі. Оның жанашырлығы бала махаббатқа ұласады. Алайда мектеп бітіргенде екеуі бір-бірінен көз жазып қалады. Аяулымды тағдыр қол-аяғы сау, атпалдай азаматпен жолықтырады. Бірақ ол, аты Әмір, ядролық сынақ кезінде сәуле алған. Оның дерті іштен кеміретін дерт еді… Осы қасіреттің бәрін көрген Аяулым тастай қатып пісіп жетіледі.

Аяулымның тағдыр жолындағы қасіреті мен махаббаты, ләззаты мен қуанышы Сізді де өз тұңғиығына батырады.

«Қасірет пен тағдыр» – қазақтың қаралы тағдырының жаңғырығы. Тәуелсіздікке қол жеткізген қайсар қазағымның ендігі болашағы жарқын болсын!» деп ағынан жарылады жазушы.

Жазушының қаламынан туған шығармалары кез келген жанға ой салары сөзсіз.

 Батыр Дәлелбек. «Тастандының тағдыры»

Бүгінде елімізде туған баласынан безген көкек аналар қатары артып барады. Балалық шақтың дәуренін емес, кермек дәмін тартып, анасының ыстық құшағы мен аялы алақанының жылуын сезіне алмай өсіп келе жатқан қаншама бала бар. Олар балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Перзентінің жанарын жәудіретіп кете барған, өзі тасбауыр ана атанғандардың жайы өзекке өкініш ұялатады. Қазақ ежелден жетімін жылатпаған, жесірін тентіретпеген халық. Алайда, өркениеті дамыған біздің елде жетімдер мен қарттар үйінің саны жылдан жылға артып келеді. Бұл қоғамның қасіреті, ащы да болса шындығы. Осындай жағдайға байланысты мына бір кітапқа тоқтала кетсем.

Белгілі жазушы Дәлелбек Батырдың «Тастандының тағдыры» атты романы қазіргі заманның өзекті мәселесі-тастанды бала проблемасын сөз етеді. Кітаптың басты кейіпкері Гулназира әкесінің қысымымен өз сәбиін тастанды етуге мәжбүр болады. Бақытсыз жағдайға тап болған студент қыздың өкініші бүкіл роман желісін құрайды. Сәбисіз ерлі-зайыптылар Төрегелді мен Гүлстанның тастанды баланы асырап алудағы әрекеттері де шығармада әсерлі көрініс береді.

  Қыз інгеннің бүлкілдей желіп, қос жанарынан жас парлай ағып, санасыз мақұлық болса да ботасын жоқтап, оның қайғы мен шерге оранған бейнесін көз алдына елестетті. Қыз көңілі тағы да босады. «Жоқ, мен көзімнің жасын көл қып өмір сүре алмаймын, алдымнан қандай кедергі кездессе де сәбиімді тауып алуға міндеттімін. Өйткені мен оның дүниеге әкелген анасымын. Нәрестені тірі жетім еткім келмейді. Әкем мені ол үшін көрмей кетпес. Баламның көз жасы мені жібермейді. Тастанды болуға оның ешқандай құқы жоқ. Әкесі алдап кетсе де, анасы мен бармын, құдайға шүкір. Дұшпанкөз не десе о десін! Онда менің шаруам жоқ. Маған бала, перзент керек. Ұлымның тағдыры көкемнің абырой-беделінен кем болып па? Тәуекел, бәрін де көріп алдым!».

  Гүлназира өзінің бірбеткей мінезіне салып, тастанды етуге мәжбүр болған баласын тауып алуға шынымен тәуекел еткен. Бірақ бәрі де кеш еді…

Ендеше қазақы дәстүрімізге жат дүниеден бойымызды аулақ ұстап, өмірде шалыс басатын қадамдарға жол бермеуге тырысайық. Сонда ғана бала күлкісі өз шаңырағынан естілері анық. “Бала өмірдің базары” деп тегін айтылмаса керек.

Оқиға жалғасы қызықтырса кітапты алып оқуларыңызға болады.

Көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаровтың кітаптары көбінесе Алтайдың әсем табиғаты жайында болып келеді. Ал енді оның «Әдебиет әлемінің әзілдері» кітабында біз қазақтың ақын-жазушылары мен ірі тұлғаларының ұлағатты сөздері мен әдемі әзілдері жайында танысатын боламыз. Аталмыш жинақтан үзінді келтірсек:

«…Әйгілі музыкатанушы, есімі әлемге танымал профессор Иосиф Исаакович Дубовский (1892-1969жж.) көзі тірі кезінде бірер жылға Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы консерваторияда дәріс беріпті. Бірде консерваторияның сол кездегі ректоры Құддыс Қожамияровқа жоғарғы жақтан «Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуовтерді оқуға қабылдап, нота үйретіңдер» деген мазмұндағы нұсқау түседі. Ректор халық таланттары нағыз мықтының өзінен дәріс алсын деген оймен, бұл мәселені Дубовскийге тапсырмақ болады. Сонда Иосиф Исаакович ректордың өтінішін сабырмен тыңдап болғаннан кейін:

  • Мен Шәмші, Әбілахат, Әсет секілді біртума таланттарды оқытуға өрем жетпейді, олар бұрынғыдай өз халқынан үйрене берсін. Егер оларды біз теорияның тар шаблонына салып, жұғысып кетсек – әндерінде аңқып тұрған ұлттық бояуды оңдырып аламыз, – деп, нағыз білімдар ақсүйекке жарасатын аталы сөзбен жауап беріпті.

Қымбатты оқырман, Әлібек Асқаровтың кітабы ұнаған болса, біздің кітапхана есігі сізге әрдайым ашық!

 

Жұмақанов Жекен. «Сабалақ»

 

Бұл хикаят – осыдан қырық жылдай бұрын көрнекті жазушы Жекен Жұмақановтың қаламынан туған шығарма. Тарихи әпсана. Күллі қазаққа белгілі атақты хан Абылайдың қалмақ-қазақ соғысы кезіндегі шиырлы да қиын тағдыры, ел қорғаудағы жеңісті өмірі туралы баяндалады. Шығарма бір оқығанда деректі шығарма сияқты көрінеді. Десек те, Абылай кейіпкердің тұлғасын көрсетуде нағыз талғампаз, шынайы әдеби шығарма десек ешкім қарсы болмас. Уақиғасы өте қызықты, оқырманды жетелеп отырады.

  Хикаят «Сабалақ» – Әбілмансұрдың қатыгез жауларынан қашып шығуынан басталады. Бірден оқиға Естек батыр мен болашақ ел билеушісі Абылайдың нағыз адами арақатынасымен ерекшеленеді. Естек Сабалақты сыйлай біледі, қарапайымдылығына қайран қалады. Келешекте елі үшін жан аямайтын, ел билеушісі болатынына да сенім артады. Тіпті Сабалақпен сырласып, екеуі қарулы қақтығыста қажетті айла-әдістерін де бір-біріне үйретеді. Шығармадан әрі қарай Әбілмансұрдың неге Сабалақ, одан кейін неліктен Абылай аталуы, болашақ жары Топаймен танысып, онымен тіл табысуы, жоңғар батыры Долаймен жекпе-жегі жайында оқуларыңызға болады.

Мира Шүйіншәлиева «Өкініш»

  Қазақта қазаны мен қаламын қатар ұстаған нәзік жандар аз емес. Өткір ой, шұрайлы шығармаларымен оқырманын қуантып жүрген Мира Шүйіншәлиева өңірдің әдеби өміріне үлесін қосып келеді. Әдеби көркем кітаптарымен кеңінен танылған талантты жазушының «Өкініш» атты кітабы қазіргі көркем прозаның алдыңғы қатарынан орын алады. «Өкініш» хикаятына мәңгілік тақырыптардың бірі – махаббат негіз болған. Біздің ұғымымыздағы махаббат Еңілік пен Кебек, Қалқаман мен Мамыр, Төлеген мен Жібек тәрізді бір-біріне қосыла алмай арманда кеткен ғашықтардың өшпейтін ыстық сезімдерімен, мәңгілік мұраттарымен өрбитін. Алайда, жазушы бұл туындысында өмірдегі махаббаттың жырлардағыдан өзгеше болатындығына көңіл аударған.

  Хикаяттың мазмұнын негізгі үш бөлім қамтиды. «Тоғысқан тағдырлар»,  «Махаббат машақаты», «Екіге айырылған жол» деп аттары айтып тұрғандай мұндағы оқиғалар да осы төңіректен табылып жатады. Кеңестік кезеңнің «анау ақ, мынау қара, яғни анау жағымды кейіпкер, мынау жағымсыз кейіпкер» деп үйренген оқырманына бұл повесть тосын көрінері күмәнсіз. Әйтпесе, сұлу да ақылды, білімді де қажырлы қыз Ақкүн «алпыс пен жетпістің арасында адасып» жүрген Аманның етегінен неге ұстайды? Өзі қатарлы жігіттер құрып қалған жоқ қой. Оны магнитше тартқан байлық па? Егде адамның орнықты мінезі ме? Шау тартқан жанның жас адамға деген ынтықтық жалыны ма? Ақкүн өзін қоршаған ортаның күйкі тірлігінен түңіліп, тыныш бір айлақ тапқысы келді ме? Кластасы үйлі-баранды Кенжебекпен көңіл қосуын қалай түсінуге болады? Қаптаған-қаумалаған сұрақтар! Бұл сұрақтарға жауап іздесеңіз, кітапты алып оқуыңызға болады.

Өкінбейік өмірде, Адаспайық өмірде!

Өріс Яшүкірқызы «Жіп тұзақ»
Кітапхана қоры  жаңадан тағы бір «Жіп тұзақ» атты детективті әңгімелер жинағымен толықтырылды. Авторы Өріс Яшүкірқызы – бұқаралық ақпарат құралдарының барлық саласында дерлік еңбек еткен ардагер журналист, қарымды шығармашылығымен, юмор-сатирасымен республикамызға танылған қаламгер. Кітаптың бір ерекшелігі – ауылдағы қазақ қыздары жасаған қылмыстар туралы екендігінде. Ауыл қызын табиғи сұлулық пен биязылықтың, әдептілік пен тәрбиеліліктің, нәзіктік пен тазалықтың символындай қабылдау санаға сіңіп, әбден қалыптасқандықтан, бұл фактіні қабылдаудың өзі қиын. Бірақ, шындық сондай. Шынайы өмірде өздерінің қалалық құрбыларына қарағанда әлдеқайда жуас, момын, қорғаншақ ауыл қыздарын қылмысқа итермелеген не? Намысына тиіп, арын таптаған қаракүш иесінен кек алу ма? Басына төнген қатерден қорғану ма? Әлде біреудің бақытын көре алмау ма?

    Кітап «Ашылмаған қылмыстар» және «Ашылған қылмыстар» деген 2 бөлімнен тұрады. «Жіп тұзақ» кітабының бір ерекшелігі Өріс Яшүкірқызы ешқандай қылмысты ойлап таппаған, бәрі өмірде болған оқиғалар негізінде әдеби көркемделіп, жазылған дүниелер. Сонысымен де қызық… әрі қорқынышты…

Егер кітап сізді қызықтырған болса, кітапханамызға келіңіз!

Езу тартайық, ағайын
«… Мен 40 жыл күлкіге көп орын тимейтін мекемелерде қызмет істедім.
Соның өзінде, оқта-текте, езу тартатын оқиғалар кездесіп тұрғанын ескеріп,
осы шағын еңбегімді оқушы таразысына тартып отырмын»
Автор.
Мұрат Қалматаевтың «Езу тартайық, ағайын» кітабынан «Көже неге суық?» әңгімесінен үзінді ұсынамыз:
Университетті бітіріп келіп, Көкпекті аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланғаныма екі-үш айдай ғана уақыт өткен. Бір күні Семейден облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы телефон шалып, Алматыдан Орталық комсомол комитетінен жұмысымызды тексеру мақсатында бір инструктор келе жатқанын хабарлады.
Алдын-ала келісім бойынша автобус аялдамасынан қонағымды қарсы алдым. Орталықтан келген адамды қарсы алып көрмеген басым неден бастауды білмей: «Үйге жүріңіз, шәй ішейік» – дедім.
– «Сені университетте осылай үйретіп пе еді? – деді өкіл, қабағын түйіп. Мен жұмыстарыңды тексерейін деп келдім, шәй ішіп, қонақ болайын деп келгем жоқ. Екі-үш күн ауданда боламын, басшылармен жолығамын. Жатар жерім – қонақ үйі, тамақтанар жерім – асхана болады. Ұқтың ба», – деп тексерушім маған бақырая бір қарап алды.
– Елге келген адамға құрмет көрсетіп, ас ұсынуды университет емес, анамнан үйреніп едім, – дедім мен де сөз реті келгенде.
Байқаймын, қонағым ыңғайсызданып қалғандай болды.
… Қонақ үйдің де жағдайы ұнамады Алматылық өкілге.
– Меню әкеліңіз, – деді асханаға кірісімен, – даяшы қызды шақырып.
– Меню деген бізде жоқ, – деді қызымыз. Только окрошка и котлета, что обязательно читать надо – деп официантка қабақ шытты емес пе, бар болғыр…
– Әп-сәтте окрошкамыз да келіп қалды.
– Көже неге суық? – деді инструктор ауызына бір қасықты апарар-апармастан.
Дәмін татып көріп едім, расында салқын екен, бірақ маған ұнап барады. Бұрын кім ішіп көрген бұл пәлені. Студенттің бар тамағы борщ пен нан еді ғой (көпшілігіміздің).
– Шақыр даяшы қызды! Директорды, аспазды да райкомға қоса шақыр!, – деді де қонағым тарелканы сиырып тастады да, «кеттік конторыңа» деп бұйырды. Асхана бастығына «Сіз, повар екеуіңіз жаңа жұмыс іздеңіздер» деп кесіп айтты кетіп бара жатып.
Райком комсомолға кіргеніміз сол еді, телефон шылдыр ете қалды. Тексеруші менің бөлмеме кіріп кеткен. Мен трубканы алсам, Обком комсомолдың бірінші хатшысы Базар Мухамеджанов екен.
– Қалай қарсы алдың ба «бастықты»? – деп күле сөйледі Базекең.
– Қарсы алғаны бар болсын, таң атқалы естігеніміз сынау-мінеу болып жатыр, – дедім де «окрошканың жырын» айттым.
– Ойбай-ау, окрошка дегеннің өзі суықтай берілетін тағам-ғой, сен білмеуші-ме едің? – деп бастық таң қалды.
– Берші трубканы инструкторға, – деді.
– Сіз қайта телефон шалыңыз, әйтпегенде мен Сізге шағынғандай боп қалармын дедім.
Екеуінің не сөйлескенін білмедім, әйтеуір, аздан соң уәкіл мені шақырып: « Мұрат, әлгі асхана бастығына «отбой» бере тұр, жұмыстарын пока істей берсін. Ал, сен үйдегі келінге айт түске бір ыстық тамақ дайындап қойсын. Кешке шұғыл түрде қайтуым керек» – деді емес пе қонағым…»
Құрметті оқырман, Мұрат Қалматаевтың кітаптарымен танысқыңыз келсе, кітапханамызға келіңіз!

Әзіліңді сағындық

Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова жазушы қырынан танылып жүргені баршаңызға аян. Және оның  өмірден озған асыл жары, белгілі жазушы Бақытжан Момышұлы көзі тірісінде әзілқой адам болғаны да белгілі.

Зейнеп апаның «Әзіліңді сағындық» атты кітабында осы жаны жайсаң жазушының табан астында тауып айтқан әзілдері назарларыңызға ұсынылып отыр. Соның бір-екеуіне көз жүгіртсек:

  • Фонограммамен ән айтатын әншілерге сахнаға гүл алып шығып, оны иіскетіп, бірақ бермей қайтып әкету керек, – дейтін Бәкең.
  • Төлеген мен Қыз Жібектің – Құман мен Меруерттің шаңырағында қонақта отырмыз. Сөз кезегін Бақытжанға бергенде қасында отырған Шер-аға – Шерхан Мұртаза:
  • Тікірейген шашыңнан айналайын! – деп інісінің басынан сипады. Сонда Бәкең сөзін тост сөйлеуден емес, басқа бір әңгімеден бастады:
  • Аға, жақында мен жан-тән туралы жазылған бір кітап оқыдым. Сонда айтады, адам өмірге келгенде, яғни туыла салып екі періште қасына келеді екен де баланың бүкіл алдағы өмір-тіршілігін, тағдырын кезек-кезек айтып береді екен. Бірақ қырқынан шыққан соң бала бәрін ұмытады екен. Ал мен ұмытпадым. Періштелер «әкең Бауыржан, әйелің Зейнеп болады» дегенде төбе шашым тік тұрды да, сол күйі жатпай қалды, – деді.

Бір жолы Бәкеңді тағы да әрең көндіріп аяқкиім сататын дүкенге бардық. Бірнешеуін киіп көрді, шақ келмеді. Арасында тұрқы ұнаған біреуі дұрыс секілді көрінгенімен, аяғын қысыңқырады. Оны естіген сатушы келіншек:

  • Бұл таза былғарыдан тігілген сапалы туфли. Бір апта қысады, содан кейін жөнделіп кетеді, – деп, қайтсе де затын өткізгісі келіп бәйек болды.
  • Олай болса бір апта өткен соң келейін, оған дейін кеңи берсін, – деп Бәкең есікке қарай беттеді.

Құрметті оқырман, Бақытжан Момышұлының басқа да әзіл-қалжың, шымшымаларымен таныс болғыңыз келсе «Әзіліңді сағындық» кітабын оқуға кеңес береміз.

               

     Момбек Әбдәкімұлы «Қараман қарақшы»

Жастарға арналған Момбек Әбдәкімұлының «Қараман қарақшы» хикаяты кітапхана қорын толықтыра түсті. Бұл кітапта 15 жасынан бастап қарақшы атанған Қараман қаһарман туралы айтылады.

Негізінде, Қараманды халық шартты түрде «қарақшы» деп атағанымен, оның атқарған істері ауыл тентектерінің ісіне мүлдем ұқсамайтын, тек қанішерлер мен баскесерлер ортасында әділдік орнатам деп күрескен, іс-әрекеті кең ауқымды қамтыған қаһарман болған.

Егерде сіз Робин Гуд туралы естіген болсаңыз, Қараман тура сол қазақтың Робин Гуды деп айтуымызға әбден болады.

Жамандыққа жаны қас Қараман, өмір бойы тек әділетсіздікпен күрескен. Бірақ өзінің кейбір кереғар істері мен жеке көзқарасы үшін совет өкіметінің түрмелерінде бірнеше мәрте отыруына тура келеді. Кітапты  оқыған жан, оның өкімет тарапынан батыр деп мойындалмағанымен, күллі Қазақстан, қала берді Орта Азия халықтарының сүйікті қаһарманы  әрі оларға жағымды тұлға болғанын аңғарады. Қалай десек те, Қараман күрделі тұлға. Оның істері жастарымыздың ұлттық жігерін жандандыруға, әділсіздіктің жолында аянбай күресуге үлгі болары анық.

Дейл Карнеги «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері»                                

Дейл Карнегидің бұл бестселлер кітабы 15 миллионнан астам данамен таралған екен. Соншама тиражбен таралатындай мұнда не жазылған деп ойлауыңыз әбден мүмкін.

Ендеше назар аударыңыз: кітапта адамдармен тіл табыса білудің негізгі қағидаттары, адамға ұнаудың алты амалы, ойыңызбен келісуге адамдарды қалай көндіруге, ренжітіп алмай адамдарды қалай өзгертуге болатыны айтылады.

Мәселен:

 Жұмысты мақтау мен шынайы көтермелеуден бастаңыз.

Адамдардың қателігін бетіне басудан аулақ болыңыз.

Біреуді сынамас бұрын, өз кемшілігің туралы айтып өт.

Бұйрық беруге асықпай, басқалардың ойын білуге тырысыңыз.

Адамның абыройын аяққа баспаңыз.

Адамның ірілі-ұсақты кез-келген жетістігін мақтап отырыңыз. Мақтаудан аянып қалмаңыз және ол шынайы болсын.

Адамның беделін көтеруге тырысыңыз. Сонда ол сеніміңізді ақтауға талпынады.

Қанаттандыра біліңіз. Қатені түзеудің еш қиындығы жоқ екенін көрсетіңіз.

Адамдарға өз қалауыңызды ықыласпен істетуге тырысыңыз.

Осындай құнды ақпараттар берілген қазақ тілінде жазылған Дейл Карнегидің бұл кітабын іздесеңіз, біздің кітапханаға келіңіз!

Бектемірова Нұрила. «Күн түнекті сейілтеді»

Жақында бір телевизиялық бағдарламада қазіргі жастардың кітап оқымайтындығы туралы пікірталас болып жатқанын көргенім бар еді. Сол кезде бір ғалым ағамыз: «Ия, қазіргі жастар кітап оқымайды, өйткені олар шынайы өмір туралы кітап іздейді. Яғни, қазір біз өмір сүріп жатқан қоғам туралы кітап жоқтың қасы, ал бұрынғы совет заманында жазылған кітаптар оларға мүлдем қызық емес» – деп өз ойын білдірген.

Ендеше, мархабат, дәл қазіргі өмір туралы кітап бар екен. Ол Нұрила Бектемірованың «Күн түнекті сейілтеді» кітабы.

Автордың барлық шығармаларының басты кейіпкерлері – жанымызда тіршілік етіп, қарым-қатынас жасап жүрген адамдар. Әрбір шығарманың мазмұнында оқыған адамды ойландыратын тәлім-тәрбиелік мәні бар түйін жатыр. Ұзақ өмір көшінде абайсызда адасқан кейіпкерлердің жан күйзелісінің куәсі болып, мінез-құлықтарына үңіліп, көп жағдайға қанық боласыз: «Қиянаттың көлеңкесі жоғалмайды», «Байдың қызы», «Опасыз дүние» хикаяттары.

Әсіресе, өмірде қаз-қалпында болған әңгімелері де шынайылығымен тәнті етеді: «Ауған солдаты», «Нан таптаған қыз», «Жаназасы шығарылмаған қазақ» т.б.

Егер кітап сізді қызықтырған болса, біздің кітапхана есігі сіздерге әрдайым ашық!

Елен Әлімжан «Анажар» 

Елен Әлімжанның «Анажар» кітабында қазіргі қоғамдағы күрмеуі қиын өзекті мәселелер бас кейіпкер Анажардың басынан кешкен тағдырымен байланыстыра баяндалады.

Кейіпкердің есімінің өзі назар аударарлықтай – Анажар. Ана және жар. Бір әйелдің қос міндеті.

… Анажар қалада дүниеге келгенімен, жеті жасына дейін малшылар ауылында әжесінің қолында өсті. Әжесі тәрбие-өнегесін бауырында өскен немересінің бойына сіңіре білді. Жаны таза, ақкөңіл Анажар мектеп табалдырығын қалада аттады.  Қала өміріне біртіндеп үйренді…

… Алайда не жетпегенін кім білсін, отыздың ортасына да келмей жатып бұл әйел дүниеден баз кешуді ұйғарыпты. Ұйғарды да, бүгін таң білінісімен, қалалық қабірханаға келіп, өз көрін өзі қаза бастады…

Анажардың өмірден түңіліп, мұндай әрекетке баруының себебін білгіңіз келе ме? Елен Әлімжанның осы кітабын оқысаңыз, көкейіңіздегі сұраққа жауап таба аласыз.

Тұрсын Жұртбай”Жансар”

Бұл жинақта жазушы өз тұсында өмір сүрген, кеше ғана өмірден өткен аға ұрпақтар мен замандастарының жан жылуын келер ұрпаққа жеткізуге ұмтылған.

Кітапта: Қаныш Сәтбаев, Шәкір Әбенов, Қайым Мұхамедханов, Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек, Оралхан Бөкей, Қабдеш Жұмаділов, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин және т. б. туралы эссе-естеліктер берілген.

Мәселен,  «Талант тағдыры» деп аталатын естелікте әнші Жәнібек Кәрменовтың Абайдың жан досы болған Ерболдың немересі Кәрменнің баласы екенін білуімізге болады. Қазақтың ән өнерінің аспанында дауысы қалған Жәнібек Кәрменовті қазіргі таңда білмейтін қазақ жоқ.

Абай өмір сүрген даланың тынысы, жусанның иісі, найзағайлы жайлаудың кемпірқосағы, боранының уілі, қағылез де зерек орта Жәнібектің де тағдырлы жолы мен талант мінезін қалыптастырды. Тағдыр оған Жүсіпбек Елебековтей ұстазды жолықтырды. Ол жиырма жасында ел таныған әншіге айналды. Өкінішке орай, заманның күйін күйттегісі келмеген тура мінезді талант он бес жылдай сахнадан шет жүрді. Бұл жылдары ол өлең, әңгіме, зерттеу мақалалар жазды. Оның артында үш томдық мұрасы қалды. Жәнібектің әншілік бақыты Ақселеу Сейдімбек екеуінің теледидардағы ән туралы әңгімелерінен соң қайта жанды. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның халық әндері кафедрасының меңгерушісі болды. Шетелдерге шығып, әлем сахнасының есігін енді аша бастаған дер шағында ән аспанында шарықтаған шабытты дауыс жол үстінде кенеттен үзілді. Соңында өлшеусіз ән мұрасы қалды.  

… Бір жолы ұлы актер Қалибек Қуанышбаевтың көңілін сұрай барған Жүсіпбек Елебеков Жәнібекті де ертіп алады. Қалибек ағаның жанында ауруханада Манарбек Ержанов та жатқан болатын. Сонда дерт меңдеп жүрген Манарбек Ержанов Жәнібектің дауысын тыңдағаннан кейін көзіне жас алып: «Жүсіпбек, сенде арман жоқ, артыңда атыңды өшірмейтін шәкіртің бар екен. Мені айтсаңшы, соңында жоқтаушысы жоқ,» – деп өкініпті.

… Ал өнерге жаны ғашық Дінмұхамед Қонаев  бір күні дастархан басында отырғанда: «Жүсеке, жақсыны жасырмас болар. Талантты шәкіртіңіз бар екен. Бізге де тыңдатпайсыз ба?» – деп, Жәнібекті сол үйге арнайы шақыртып алып тыңдап, оның өнеріне риза болыпты…

Құрметті оқырман, егер Тұрсын Жұртбайдың шығармалары сізді қызықтырған болса, біздің кітапханаға келіңіз!

Мыңбай Рәш “Жадымда қалған жайсандар”

Қазіргі қазақ сатирасының ақсақалы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «бір өзі, бір театр» атанған Мыңбай Рәш есімі ХХ ғасырдың елуінші жылдарынан бері қалың жұртшылыққа етене таныс.

Ол лирикалық, азаматтық өлеңмен бірге, көбінесе сатира жанрында еңбек етеді. Оның сықақтары, фельетондары мен мысалдары туысқан республикалар тілдеріне аударылған.
Биыл жерлесіміз Мыңбай Рәш ағамыз 90 жасқа толып отыр.

Жақында автордың 5 томдық «Шығармалар жинағы» жарық көрген болатын. Бүгін біз сіздерді осы шығармалардың 1 томымен таныстырмақшымыз.

Кітап «Жадымда қалған жайсаңдар» деп аталады. Бұл кітапта аты айтып тұрғандай еліміздің бетке ұстар азаматтары туралы, атап айтсақ: Әзілхан Нұршайықов, Бауыржан Момышұлы, Шәмшиябану Сәтпаева, Әди Шәріпов, Шакен Айманов және тағы басқалары туралы сөз болады.

Енді, осы асылдардың өмірінен бір үзік сыр оқысақ:

 «… Тағы бір қызықты айтып берейін, – деді Шәкен аға күлімсірей қарап. Оның маңдай терісі тарамдана, самай тұсынан жағына дейін жарыса жөнелген әжімдері тереңдей түсті.

Шәкен аға кабинетте отырған хатшы қызға «мыналарға телефон соғып, ертең сағат таңертеңгі онда Үкімет үйіне келсін деп хабарла», – деп тапсырады. Хатшы қыз айтқанын бұлжытпай орындайды. Ертеңіне Үкімет үйінің рұқсат қағазын беретін жеріне Қалибек, Құрманбек, Шара, Серке, Ғарифолла, Қанабек бастаған өнер қайраткерлері қаптап кетеді. Сағат онға он минут қалған шақта:

– Әу, мыналарың ертегі болып жүрмесін, рұқсат қағазын қашан береді, – деп таяғымен еденді бір нұқып қалды Серағаң сабырсызданып.

– Сіздерді ешкім шақырған жоқ, біреу жалған айтқан болар, – деді рұқсат қағазын беретін әйел.

– Ал керек болса! – деп әртістер қайран қалысты. Сонда барып манадан үнсіз тұрған халық әртісі Диордиев:

– Ха, ха, ха! Ішімізде кім жоқ, білесіңдер ме? Шәкен жоқ. Бұл соның ісі! Оның үстіне бүгін сәуірдің бірінші жұлдызы екенін ұмытпаңдар. Қане, тараңдар үйлеріңе, – дейді.

Әй, Шәкен-ай, әй, Алдаркөсем-ай, сенің-ақ қалжыңың таусылмайды әйтеуір, – деп, Серағаң да таяғының ұшымен еденді және бір сырт еткізіп: – Қой үйімізге қайтайық, хи-хи-хи, – деп көзінен жас шыққанша күліпті.

«Дүние шыр айналса…»

Назарларыңызға Заңғар Кәрімханның жақында ғана жарыққа шыққан «Дүние шыр айналса…» кітабын ұсынамыз.

Бұл кітапта журналист-зерттеуші, Алаштанушы Заңғар Кәрімханның туған жер, тарих, Алаш тақырыбындағы толғамдары мен белгілі руханият өкілдерімен әңгімелескен сырлы сұхбаттары топтастырылған. 

Сол сұхбаттардың біріне тоқталсақ: 

«Қазақстан» ұлттық арнасының Мәскеудегі тілшісі Нұртас Солтанұлымен болған сұхбатта – тілші қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы туралы құжаттың қолжазбасы табылғаны жөнінде айтады.

Қолжазбаны кім және қалай тапты? 

 Жаңадан жарық көріп отырған кітап «История Кенесары Касымова и Садык Кенесарина» деген атпен жарияланып отыр. Басылымды шығаруға қолдау көрсеткен: Қазақстанның Ресейдегі елшілігі және Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. Кітап авторы Ахмет Кенесариннің, әкесі мен ағасы туралы жазған қолжазбасы 1887 жылы жазылған. Сол кездегі өлкетанушы ғалым Евгений Смирнов Садық сұлтанға өзінің және әкесінің өмірбаяны туралы жазып қалдырсаңыз деген қолқа салады. Және, оны қалай жазудың үлгісін ұсынады. Смирновтың айтуынша, тегінде Садық сұлтан жаза білмегенге үқсайды. Сондықтан ол міндетті інісі Ахметке тапсырады. Ахмет ағасының айтуы бойынша және өзінің есінде қалғаны бойынша әкесі туралы құнды деректерді 64 бет етіп жазып шығады. Смирновтың қолына тиген бұл қолжазба 1889 жылы Ташкент қаласында кітап болып басылады. 

Қолжазба осылайша 1889 жылдан бері табылмай, тек араға 130 жылдай уақыт өткенде жария болып отыр. Бұл аралықта 1992 жылы «Жалын» баспасынан Смирновтың аудармасы қазақ тілінде басылып шығады. Осымен бұл кітап үшінші мәрте жарық көріп отыр. Қолжазба Ресейдің мемлекеттік тарих музейінде сақталып келген. 

Қайдан алынған, қалай жеткен, кім әкелген деген сауалдарға жауап жоқ. Кітаптан білуімізше, қолжазба Орталық Азияны зерттеуші Николай Гродековтың қорында сақталған. Ал бұл қор Петр Щукин дегеннің коллекциясы болып саналады екен. Ресейдің белгілі тарихшысы, түріктанушы Илья Зайцев ислам қолжазбалары жайында жоба ұйымдастырып, көрмеге қою үшін осы тектес құжаттарды қойып жүріп, ойда-жоқта Ахмет Кенесариннің қолжазбасын тауып алады. Өзі де тілді білетін, жазуды танитын Зайцев оқып көрсе, кезінде Смирнов жазған кітаптың қолжазбасы болып шығады. Бұл 2004 жылғы оқиға. Бірақ одан кейін ғалымның уақыты болмай, тек биыл ғана жариялауды мақсат етеді. Қазақ мәдениеті үшін қолжазбаның құнды екені даусыз. 

Енді қазақ оқырмандары үшін бұл қолжазбаның түпнұсқасымен жұмыс істеп, қазақ тілінде жариялау міндеті тұр. 

Міне, қымбатты оқырман, бұл қолжазбаның шығу тарихы осылай өрбіген екен. Егер кітаптың басқа тарауларынан хабардар болғыңыз келсе, Заңғар Кәрімханның «Дүние шыр айналса …» кітабын оқуға кеңес береміз.

«Сын түзелмей…»

Қайым Мұхамедханұлы, Қуандық Мәшһүр Жүсіпұлы, Ғарифолла Есім сынды ұстаздардан дәріс алған тіл-әдебиет маманы, сыншы, жерлесіміз Әмина Құрманғалиеваның «Сын түзелмей…» кітабы біздің қорға келіп түсті. 

Кітапта соңғы кезде әдебиет әлемін елең еткізген, тіпті сәл дүрлігіс тудырған – Әмина Құрманғалиқызының сын-сараптамалары берілген. 

Бір ғана «Айтыс, қайда барасың?» атты мақаласын алатын болсақ, автор қазіргі айтыстағы кемшіліктер туралы өз ойын былай білдіреді:

«… Мәселен, айтыстағы білім. Айтыс ақынына ең керек қасиеттің бірі – білімділік. Білімді ақын өзіне сенімді болады. Қанша желдей есіп отырғанымен, көрерменді иландырып, бас идіретін – ақылды, білімді сөз болады. Ақын нені білу керек? Ең әуелі халықтың көне тілін, ауыз әдебиетін, мақал-мәтел, қанатты сөзін, тарихын, бұрынғы-бүгінгі әдебиетін, әдебиет өкілдерін, шежіресін, этнографиясын, салт-дәстүрін, наным-сенімін білуі керек. Қазақстанның қай өңірінде айтысып отырса, сол өңірдің нені құрмет тұтатынын, нені шам көретінін, жаргоны мен диалектісін, тіпті руларына дейін білуі керек. Географиясы мен флора-фаунасына дейін білуі керек.Ақындық мінез туралы.

… айтыс ақынына ең қажет қасиет – салқынқандылық, майталмандық, кеңпейілдік, сөзге тоқтау, қарсыласыңды да бағалау.

Нағыз мінезді ақындар деп Арқа ақындарын атар едім. Қонысбай, Айбек, Аманжол, Әсия, Мұхамеджан, керекулік Серік Құсанбаев, Нұрмат, Жандарбек, Бекарысты атар едім. Нағыз салдық, серілік, бекзат-тектілік, сырбаздық, сабаздық болмыстарына біткен…» 

Құрметті оқырман, «Сын түзелмей…» кітабы өз қадірі мен сөз қадірін білетін оқырманға қажет болары сөзсіз. Ендеше, сиясы да кеуіп үлгермеген кітапты бірінші болып оқуға асығыңыз

«Абай туралы естеліктер»

«Абай туралы естеліктер» кітабы Абай өмір сүрген ортада күн кешкен, ақынмен аралас-құралас болған, көзін көрген адамдардың естеліктерінен тұрады. Кітаптың құрастырушылары: Б. Жүнісбеков, М. Қайрамбаева, Ш. Садықова, Н. Өмірбекова, М. Кенемолдин. 

Кәкітай Ысқақұлының естелігінен: « … 1885 жылы жаз ортасында Абай аулына Долгополов келді, ол адамның мамандығы адамның жаратылысын тексеру екен. Шыңғыс тауының сыртында көлденең Шаған деген өзеннің жағасында «Қоңыр әулие» деген үңгір тас бар, соған Долгополовты өзі ертіп апарды, қасына Мағауия екеумізді ертті. 

«Қоңыр әулие» жал болып өткен ақ тас екен, сол тастың оң жақ бетінде, тастың орта тұсында бір адам сиярлық жарық бар, одан ары қарай жүрсең, кеңдігі бес жүз қойдың орнындай, биігі он метрдей қараңғы үңгір, одан ары жүрсең көлемі одан да үлкен тағы қараңғы үңгір, үңгірдің ішінде терең көл бар, суы мөлдір, арғы шетіне көз жетпейді. 

Бір қалтарыста кереует сияқты тастың үстінде адам бейнелес қаратас жатыр, сол жатқан тасты надан ел «әулие» деп санап соған ақтық байлап, түнейді екен. 

Сол үңгірдің ішіндегі тасқа келгендер түгел аты-жөнімізді, келген мезгілімізді жазып кеттік…» Қарап отырсақ, қазіргі өзіміз барып жүрген «Қоңыр әулие» үңгірінде дана Абайдың да қолтаңбасы қалған екен. Қымбатты оқырман, Абай жайында көбірек білгіңіз келсе, «Абай туралы естеліктер» кітабын оқыңыз.

«Мың бір дауа»

Назарларыңызға Семейлік Сабыр емшінің «Мың бір дауа» кітабын ұсынамыз.

Сабыр Сейітқанұлы Сыбанжанов – елге танымал атақты тамыршы, емші болған. Ол келушілерді ине салу, магниттік терапия, отпен емдеу, шөппен қыздыру, нүктелік массаж бен гуашатерапия тәсілдерімен емдеді. Дәрігерлік білімін Шығыс медицинасымен ұштастырды. Талай науқасты аяғынан тік тұрғызды.

Кітапта автор ежелгі Қытай медицинасының тылсымдары мен тәмсілдері туралы жан-жақты әрі кеңінен сыр шертеді.

Мәселен, көп адамдар инемен емделеді. Ал, сіз ине алудың тәртібін білесіз бе?

Ине қою кезінде ай мен күн, жұлдыздар, төрт мезгіл мен табиғаттың барлық заңдары назарға алынады. Инені табиғаттағы барлық қуат тепе-теңдік жағдайында қою керек. Ыстық ауа райында адам денесінде қан жылдам ағып, қуат тәннің сыртқы қабатында болады. Ауа райы суық және бұлтты болғанда қан айналым жылдамдығы кемиді де, адам денесіндегі қуат тереңде жатады.

Қуатты таратқанда да, жинағанда да оған қолайлы сәтті таңдай біліп, сол мүмкіндікті жоғалтып алмау керек. «Толымдылық» кезінде қуатты тарату, «бостық» кезінде – жинау, қан тұрып қалғанда қан кетуін ұйымдастыру қажет. Мәселен, ине қиындықпен теріге кіретін болса – «толымдылық», еш қиындық тудырмаса, оп-оңай кіріп кетсе – «бостық».

Инені қоюға тиым салынатын жағдайлар:

– ай толуы кезінде қан мен қуат қозғалысының үдемелігі артады. Өте суық ауа райында және ай туғанда ине қоюдың қажеті жоқ.

– мастық кезінде, ашу үстінде, шектен тыс қажыған, шаршаған халде, тойып тамақтанғаннан соң, аштық жағдайында, қатты үрейленгенде, қатты шөлдегенде, ұзақ саяхаттан кейін. 

Кітапта сондай-ақ бабаларымыздан жеткен дәрілік өсімдіктермен емдеу тәсілдері, жан саулығы мен тән саулығын сақтау құпиялары сөз болады. 

Өкінішке орай, жуырда ғана Сабыр Сейітқанұлы өмірден озған болатын. Бірақ өзі өтсе де, артында еліне қызмет еткен еселі еңбегі қалды. 

Кітап, бірінші байлық – денсаулықты бағалай білетін оқырманға арналған. 

   

Share