Кітапхана тарихы

Берекелі Шығыс Қазақстан жері таланттарға өте бай. Ол әлемге Абай Құнанбаев, Павел Васильев, Оралхан Бөкеев, Марат Қабанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Александр Волков, Мұхтар Әуезов, Анатолий Иванов, Ефим Пермитин, ағайынды Мүсілім мен Ришат Абдуллиндер, Леонид Агейкин, Эдуард Чубук, Николай Аштема сынды танымал әншілерді, музыканттарды, суретшілерді, ақындар мен жазушыларды  сыйлады.

Шығыс Қазақстанның кітапханалары біздің Республиканың және таяу шет елдердің кітапханалар қоғамдастығында жақсы танымал. Солардың бірі Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы болып табылады.

Оның тарихы 1939 жылдан басталады. Сол уақытта Өскемен қаласындағы А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада оқырман балаларға қызмет көрсететін  жеке ғимараттағы құрылымдық бөлімше ашылды. Кейіннен ол жеке кітапхана болып, 1959 жылға дейін «№ 1 қалалық балалар кітапханасы» ретінде жұмыс істеді.

1959 жылы ол «Облыстық балалар кітапханасы» статусына ие болды. 1964 жылы кітапханаға туғанына 60-жыл толған балалар жазушысы А.П.Гайдардың есімі берілді.

Кітапхананың құрылуы мен дамуына 1954 жылдан 1984 жылға дейін басшылық қызметте болған Галина Арсентьевна Ерофеева өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Онда кітап қоры 32290 дана болса, кітапхана штатында 15 адам болды.

1985 жылы кітапхана директоры Павлова Руфина Калистратовна болды, 1986 жылдан 1995 жылға дейін оны Смоляр Татьяна Александровна басқарды.

1995 жылдан 2016 жылға дейін кітапхананы оның дамуына үлкен үлес қосқан  Карчалова Кульзада Каратаевна басқарды. ШҚ ОБЖК-ның жұмыс тәжірибесі екі рет жинақталып, ҚР кітапханаларына таратылды.

Мемлекетіміздің егемендік алуымен байланысты қоғамдағы өзгерістер кітапхана қызметін ұйымдастыруда жаңа талаптар ұсынды. Сондықтан да 1996 жылы кітапханада қызмет көрсету бөлімі жанынан Үйірме және көпшілік жұмыстар секторы құрылды. Сектордың ұйымдастырылуымен өткізілген шаралардың сапасы мен саны өсті. Оқырмандар саны көбейді. Өлкетану кітапхана жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Осыған байланысты 1998 жылы ұлттық әдебиет және өлкетану секторы құрылды, ол 2000 жылы бөлім болды.

2000 жылы кітапхана үшін жаңа кезеңдер ашылды – кітапхана жеке тұрған екі қабатты ғимаратқа қол жеткізді, 540 шаршы метрді (тұрғын үйдің бірінші қабаты) 1758,8 шаршы метрге «ауыстырды».  Ол кезде кітапхана қоры 140000 сақтау бірлігінен асты.

Кітапхана көлемінің үлкеюіне байланысты жаңа мүмкіндіктер пайда болды: кітап қоры өсті, кітапхана штаты кеңейді, жаңа құрылымдық  бөлімшелер құрылды. 2001 жылы ғылыми әдістемелік жұмыстар секторы ұйымдастыру-әдістемелік бөлімі болып қайта құрылды, оның құрамына «Балаларға, жеткіншектер мен жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсету қызметі» мен «Әлеуметтік қызмет» енгізілді, ал Үйірме және көпшілік жұмыстар секторы Мәдени және бос уақытты ұйымдастыру бөлімі болды.

Оқырмандар контингентінің кеңеюімен байланысты 2003 жылы кітапхана «Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы» статусын алды, ол балалар мен жасөспірімдерге қызмет көрсететін ШҚО кітапханалары үшін ақпараттық-әдістемелік, кеңестік және үйлестіруші орталық болды. Балалар мен жасөспірімдер жүйесі құрамында – 13 кітапхана-филиал бар.

2004 жылдан бастап, «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы аясында кітап қорына республикалық баспалардан әлеуметтік маңызды әдебиеттердің тегін даналары түсе бастады. 2017 жылдан бастап, кітапхана қоры «Рухани жаңғыру» Мемлекеттік бағдарламасы аясындағы әдебиеттермен толықтырыла бастады.

Жуықта кітапханада реструктуризация өтті. Мұнда қазір қорды қалыптастыру орталығы, негізгі қорды сақтау орталығы, ақпараттық-библиографиялық орталық, инновациялық-әдістемелік орталық, ұлттық әдебиет және өлкетану орталығы, оқырмандарға қызмет көрсету орталығы, шетел әдебиеті орталығы, көпшілік жұмыстар орталығы, кітапханалық процестерді автоматтандыру орталығы жұмыс істейді.

Кітапханада қызметкерлердің кәсіби шеберлігін көтеру үшін барлық жағдай жасалған. Жыл сайын шығармашылық сайыстар өткізіледі, семинар-тренингтер, шеберлік сыныптары, интернет-конференциялар барысында  жұмыс тәжірибесімен алмасу іске асырылады. Ресей, Қырғызстан, Монғолия кітапханаларымен байланыс орнатылған. Кітапхана қызметі туралы ақпараттар облыстық, республикалық, халықаралық БАҚ-да жарияланып тұрады.

Кітапхана өмірі өте қызықты, онда жаңа қызмет түрлері меңгеріледі, кітапханашылар болашаққа сенімділікпен қарайды.

Share