Маусым айындағы «кітап мейнстримі» зайсандық ақын және журналистер Павел Васильев пен Ғалым Байбатыровқа арналды. Олардың шығармалары оқырманға бұрыннан белгілі: Ғ. Байбатыровтың «Арман дүние», «Достар дауысы», «Шежірелі Шығыс өңірі», «О дүниенің табалдырығы», «Жүрегімнің жанары» тб болса, ал Павел Васильевтің «Раненая песня», «Верю в неслыханное счастье», «Стихотворения и поэмы», «Лирика» кітаптары.
Көрмеге келген оқырмандар жерлес ақындарымыздың өмірі мен шығармашылығымен танысып, Ғалым Байбатыровтың өлеңдерінен адалдық, тазалық, лиризмді танып қана қоймай, оның тамаша аудармашы, сондай-ақ өлке тарихын зерттеуші болғанын да білді.
Ал Павел Васильевтің әлем мойындаған майталман, арыны бөлек ақын Қазақ Даласының Тумасы екенін біліп, ақынның екі ұлттың дәстүрін, болмысы мен бояуын тең сіңірген ешкімге ұқсамайтын феномен болғанынан хабардар болды. Батыс пен Шығыс мәдениеттерін, Славян мен түркі өркениеттерін байланыстыра алған Алтайдың алтын көпірі еді ол!
Ақын қазақ аңыздарын, ертегілер мен жырларын өз өлеңдеріне сіңіріп жіберіп, миллиондаған орыс тілді оқырманға жаңа бір әлемді,… Қазақ руханиятын, Дала дүниетанымын көрсетті! Ол өзін: «Мен орыстілді қазақ ақынымын» – деген екен. Егер туындыларын айтар болсақ: «Азиат», «Серке жайлы жыр», «Жолдас Жорабай», «Дала жыры», «Лагерь» тб.
Осындай құнды ақпараттардан хабардар болған оқырман көрмеден өз керектерін алды деген ойдамыз.