ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына және «Балалар әдебиетін қолдау» жылына орай, Тарбағатай ауданы Ақсуат орталық кітапханасында аудан кітапханашыларына әдістемелік күн ұйымдастырды. Кітапханашылар биылғы «Балалар әдебиетін қолдау» жылына орай онлайн және офлайн форматтағы шараларды өткізу әдісімен танысты.
Атап айтсақ конференциялар, кітап көрмелер мен сайыстар, челлендждер, акциялар, онлайн-кездесулер талқыланып, әр кітапханадан келген кітапханашылар өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісті. Дүниежүзін дүр сілкіндірген пандемия уақытындағы кітапханалардың жұмысы, кітапханашылардың жаңа форматта жұмыс істеуге қалай дағдыланғаны жайлы сөз қозғалды. Сонымен қатар «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында оқырмандарға оқуға ұсынылған отыз кітаптың қатарына енген «Балалар әдебиеті» бөліміне баса назар аударылды.
Кітапхана қызметкерлеріне «Балалар әдебиеті жылы» аясында атқарылған көлемді жобалар, бағдарламалар, акциялар туралы баяндалды.
Сергіту сәтінен басталған семинардың екінші бөлімінде екі топқа бөлінген кітапханашылар шығармашылық тапсырмаларды орындады. Балаларды оқуға тартуға бағытталған практикалық жұмыстар жасай келе, бейнематериал құруға арналған «Movavi» бағдарламысымен танысуға мүмкіндік алды.