Көпшілік алдында ойдағыдай сөйлеу үшін тілге шешен, сөзге бай болу керек. «Маленькие таланты» жобасының бүгінгі қонағы осы қасиеттерге ие. Ол небәрі 9 жаста болса да көшбасшылық қабілетімен көзге түсіп үлгерген, бірнеше халықаралық, республикалық байқаулардың гран-при иегері, жас спикер, оратор – ШҚО ББ Глубокое ауданы бойынша білім бөлімінің “Опытное поле орта мектебі” КММ 5 “А” – сынып оқушысы Кәрімова Диляра Дулатқызы. Кездесу барысында Диляра өзінің шешендік қабілетін көрсетті: “Жетім қыздың мұңы” атты монологын оқыды, ұсынылған түрлі-түсті шарлардың ішінен біреуін таңдап, “Дос” тақырыбында спикер болды, сондай-ақ балалардың сұрақтарына қуана жауап берді. Диляраның ұстазы Альбина Жомартқызы оратор болу үшін өзіңмен қалай жұмыс жасау керектігін түсіндіріп, жетістікке жетудің құпияларымен бөлісті. Кездесуге келген оқырмандар талантты қонаққа қызығушылық танытып қана қоймай, ұсынылған логикалық ойындарға белсенді қатысты.