Есенберлин, Ілияс. Мұхиттан өткен қайық : роман / І. Есенберлин. – Алматы : Книжный клуб, 2021. – 368 б.
«Мұхиттан өткен қайық» – Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінде ең көп (17) роман жазған қаламгер Ілияс Есенберлиннің көп қырлы жарқын шығармасы. Ол 1960 жылдардың аяғында бір демде жазылғанымен, әрі қарай… отыз жылға жуық уақыт жарияланбады. Бақытсыз сәбидің өз әке-шешесінің сүйікті перзентіне айналғаны тәрізді, өзекті өртер үміті іспетті шығармасында жазушы өзінің өмірге құштарлығы мен халқын қалтқысыз қалай сүйгенін жасырмай жайып салған екен. Есенберлин көбінесе маңызды кейіпкерлерінің бейнесін ойша тірілтіп, олардың тағдырларын жүрегінің сүзгісінен өткізіп, олар бастан кешкен тарихи оқиғалар ортасында өзі жүргендей, алыста қалған өткен замандарға жи-жиі еніп кететін. Бұл оған сол замандар жайлы өзінше ой түйіндеуге мүмкіндік берді. Бәлкім сондықтан жазушының соңғы романы – «Мұхиттан өткен қайық» соншалықты адамгершілікке толы, әрі нәзік те айқын жазылса керек. Бұл басылым – тек авторды еске алу және талантына тағзым ету ғана емес, сонымен қатар, қазақ әдебиетінің бір тұлғасына қатысты әділдікті қалпына келтіру жолының жалғасы десек те болады.