«Оқитын қала балалары»

«Оқитын қала балалары»

Жүздерінен нұр шашқан, көңілдері аппақ қардай таза, қылықтары тәтті біздің бүлдіршіндер үшін бүгін ерекше күн. ШҚ облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұжымы  «Қазақстандағы Балалар жылы» аясында қолға алынған жобалар мен үйірме жұмыстарының және ең үздік  оқырмандардың жыл бойында көрсеткен жетістіктерін қортындылау мақсатында   «Оқитын қала балалары. Город читающих детей» атты республикалық кітап фестивалін ұйымдастырды. Кітап фестиваліне  5-13 жас аралығындағы 80-ге жуық талантты балалар қатысты. Кітап фестивалі  «Ертіс концерт» ғимаратының залында оқырмандардың сұранысына ие  болған танымал кітаптарды келушілер назарына таныстырудан басталып, «Сиқырлы бояулар», «Шебер қолдар» үйірмесінің балалары бейнелеген көркем сурет пен қолөнер заттары көпшіліктің назарына ұсынылды. Өнерпаздарды балалар ақындары, журналист Қуат Адис пен Олжас Қасым және «Дружные ребята» республикалық газетінің редакторы Ольга Николаевна, сондай-ақ ШҚО «Звено Алтая» әдеби бірлестігінің өкілі Елена Липилина құттықтап, балаларға жылы лебіздерін білдірді. Оқырмандар мен қонақтарға керемет көңіл-күй сыйлаған шарада «Кішкентай таланттар»,  «Шебер қолдар», «Керім-ай», «Сиқырлы бояулар», «Библиоша» оқу академиясы, ағылшын орталығындағы «Play and learn English» үйірмелерінің қатысушылары өз өнерлерімен талайды тәнті етті. «Altyn Uya» білім беру орталығының бас директоры Ерлан Байжігіт құнды сыйлықтар тарту етіп, балаларға қуаныш сыйласа, жеке кәсіпкер Талғат Рашитұлы да түрлі сый-сияпаттармен демеушілік көрсетті. «Кішкентай таланттар» жобасының дарынды бүлдіршіндері ән шырқап, мың бұрала билеп, төгілте күй орындап нағыз талантқа сай екендіктерін көрсете білсе, бимен шұғылданып жүргендеріне аз ғана уақыт болған «Керім-ай» би тобының үлкен, орта, кіші топтары да «Балауса», «Аққу», «Қуыршақ» билерімен көрерменнің көзайымына айналды. Ал «Bastay» үйірмесінің балалары қазақ тілін жетік меңгере білгендерін өлең оқу мәнерлері арқылы көрсете білді. «Библиоша» оқу академиясы мен ағылшын орталығындағы «Play and learn English» үйірмесінің бүгінгі шараға арнайы дайындаған сахналық қойылымдары да жоғары деңгейде орындалып, көпшілікті тәнті етті. Үздік оқырмандардың өнері бәрінен ерекше. Талаптанова Талшын  домбырада да шебер ойнайтындығын көрсете білсе, Аружан Қайдарқызы бірнеше тілде ән салып, кештің көркін қыздырды. Кітапхана қабырғасында тек ғана кітап оқумен ғана шектеліп қалмай, айтулы мерекелерде қалыс қалмай, үнемі өз өнерлерімен тамсандырып жүрген кітапхана оқырмандары мен үйірме қатысушыларына ризашылығымыз шексіз!  Кітапхана ұжымы шараға қолдау көрсетіп, балаларға қуаныш сыйлаған демеушілерге алғысын білдіреді!

Share