Еліміз үшін жыл сайынғы саяси оқиғаларға толы маңызды жаңалықтардың бірі – ел Президентінің жолдауы. Осыған орай кітапханамызда «Президент жолдауы – ел тағдыры үшін маңызды» тақырыбында отырыс болып өтті. Іс-шараға арнайы шақырылған спикерлер Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры, қалалық мәслихат депутаты Төлеген Мұхтар Әділбекұлы және белгілі абайтанушы ғалым, Абай институтының директоры, профессор Картаева Айжан Маратбекқызы кездесу барысында биылғы жолдаудың ерекшелігі, осы уақытқа дейін жүзеге асқан іс-шаралар, алға қойылған жаңа мақсат-міндеттер туралы және өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуі үшін қандай жұмыстар атқарылуы тиіс екендігі жөнінде сөз қозғады. Кітапхана әкімшілігі тарапынан С.Аманжолов атындағы ШҚУ-мен бірлесе атқарылатын жұмыс жоспары ұсынылып, жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, шара қонақтары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан Халқына Жолдауын арқау еткен «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты шашыраңқы көрмемен де танысты. Кездесу соңында қонақтар «Абайдың құқықтық көзқарастары және Қарамола ережесі», «Дананың сөзі – ақылдың көзі», «Әдеби өлкетану» кітаптарын, «Таулар ұйықтамайды» атты «Шығыстың Мұқағалиы» атанған белгілі ақын Хамит Балшабеков өлеңдер топтамасын сыйға тартты.