Кітапханада дарынды актер, сазгер, режиссер Сахан Әкелеевтің 65-жылдығына арналған «Сахна әлемінің сайыпқыраны» атты еске алу кеші өтті.
Келелі шараның мақсаты – өлкемізден шыққан талантты тұлғаларды жас ұрпаққа танытып, дәріптеу.
Кездесуге Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының актерлері, Сахан Әкелеевтің жұбайы Арай Мұхтарханқызы, жақын таныған көз көргендер қатысып құнды естеліктерімен бөлісті.
Шара барысында театр актерлерінің орындауында авторы Болат Ұзақовтың «Жандауа» психологиялық драмасынан және Бек Рамазанның «Шырмауық» әлеуметтік драмасынан қойылым сахналанды. Қос қойылымдағы айтар ой қазіргі таңда өзекті тақырыпты қозғайды.
Әріптесі Мәдениет саласының үздігі Гүлбақыт Бахтыбаева естелігімен бөлісті. Режиссерлігімен қатар, кино саласында үздік рөлдерді сомдаған Сахан Долдиұлы ойнаған фильмдерден үзінділер ұсынылды. Сондай-ақ, Сахан Әкелеевтің сазгер ретінде шығарған әндерін Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының қазақ труппасының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Мәдениет саласының үздігі Лақаева Шолпан Кеңесханқызы нақышына келтіре орындады.
«Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің» студенттері, «Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледж» студенттері шығармашылық тұлға иесінің талантына бас иіп, ыстық естеліктерден келелі ой түйгендерін жеткізді.
Кеш соңында Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұжымы кешке қатысушыларға алғыс айтып, болашақта жерлестеріміздің игі істерін өскелең ұрпаққа таныта беру мақсатында қызмет ететіндіктерін атап өтті.