Сақ орталығы

Сақ орталығы

Тарихи жады мықты, өзінің этникалық негізінің қайдан бастау алатынын білетін сұңғыла халық заман ағымы, қоғам бағыты қалай өзгерсе де ата-баба салтын, мәдениетін ұмытпақ емес. Бабалар жолымен жүру мүмкін болмай қалғанның өзінде арғы дәуірдің мәдени мұраларын заманға сай жаңартып, жаңғыртып отырады. Қазақ халқының арғы дәуірлердегі мәдениетін ұмытпай, ұлттық болмысын қалыптастырған құндылықтарды лайықты дәріптей білудің көрінісі ретінде біздің облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Сақ – этно-мәдени орталығы» ашылды. Бұл орталық – түркі халықтарының тарихынан, оның бір тармағы болып келетін қазақ халқының ұлттық ойындарынан, мәдениетінен, өнерінен хабар беріп, балаларды ұлттық салт-дәстүрге сусындатпақ. Тек қана ұлттық ойындармен шектелмей, таным көкжиегін кеңейтетін кітаптар насихатталып, әр түрлі пікірталастар ұйымдастырылады, ғылыми жобалар жазылып, оқырман алдына жетеді деген ойдамыз. Шара Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің тілшісі, ақын Қызырбек Дүргінбайұлы мен Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Сәрсенбаева Гүлжан Әлібекқызының лентаны қиып, жаңа орталықтың ашылуына ізгі тілектерін білдіруімен ашылды. Сонымен қатар шежіреші, қолөнер шебері Дүйсен Шөкенұлы өзі жасаған заттарды көрмеге әкеп, қамшы өру мен ертоқым, киіз үйдің жасалу жолдарын көрсетті. «Қоңыр: үн, тіл, діл» атты инсталляциялық көрмесі арқылы қатысушылар бағзы замандағы қазақ халқының сыр мен мұңға толы әуездерін тыңдап, әншілер мен күйшілер туралы толық мағлұмат алды.

Бұл орталықтың басты мақсаты – балаларды бағзы замандағы қазақтың теңдессіз салт-дәстүрімен, жылдамдық пен шапшаңдыққа тұнып тұрған ойындарымен, күйлі, нәрлі тағамдарымен, оралымды ойға бай мақал-мәтелдерімен таныстыру. Адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, төзімділікке, адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған ұлттық ойындарды, мәселен, садақ ату, ләңгі тебу, асық ату, т.б. ұлттық ойындарды құмары қанғанша ойнату. Сонымен қатар, «Сақ» этно-мәдени орталығы қазақ халқының ғана емес, бауырлас түркі халықтарының тыныс-тіршілігі мен салт-дәстүрінен мол мағлұмат береді. Тарихтың жан серігі – әдебиет те балалардың санасына құйылып, зердесіне тоқылмақ. Кітапханамызда ашылып жатқан «Сақ – этно-мәдени орталығы» қоғамда орын алып жатқан бала тәрбиесіне қатысты олқылықтардың орнын толтырып қана қоймай, рухани азық алады деген ойдамыз. Орталықтың жұмысы 16 мамыр айынан бастап үздіксіз жұмыс істейтін болады.

 

 

Share