Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай 5 қыркүйек –Қазақстан халқының тілдері күні деп айшықталды.
Аталмыш мерекеге орай Өскемен қаласы Зәки Ахметов атындағы №16 орта мектебінің 7 «Б» сынып оқушыларымен бірге «Тілі байдың – ойы бай» атты сөзмерген сайысын ұйымдастырды.
«Мықты болсаң, тауып көр!», «Жүйрік болсаң, шауып көр!», «Ойлы болсаң, озып көр!», «Алғыр болсаң, айтып көр!», «Зерек болсаң, шешіп көр!» атты бес кезеңнен тұратын сайыста оқушылар тапқырлықтарымен танылды. Тапсырмаға сәйкес суреттерден мақал-мәтелдер айтып, берілген ұйқастардан өлең жолдарын құрастырған қатысушылар жаңылтпаш айтудан да өз алғырлықтарын көрсете білді.
Сайыс нәтижесі бойынша «Тапқырлар» тобы I орынмен марапатталса, «Алғырлар» тобы II, «Білгірлер» III орынды иеленді. Сондай-ақ кітапхана қорындағы Ахмет Байтұрсынұлының бүгінгі оқушы үшін берері мол өзекжарды өлеңдері, мақалалары және аударма мысалдары да таныстырылды.