«Читающие дома» жобасы

Бұл жобаның бағыты – көп балалы отбасыларды (ана, әке және бала)  олардың мәдени және зияткерлік бос уақытын ұйымдастыру арқылы қолдау (Әл-Фараби көшесі, ЖМК, Өскемен қаласы бойынша жаңа ғимараттарда тұратын отбасылар).

Жұмыс формалары – әр түрлі тақырыптағы акциялар, фестивальдар, ойындар және т.б. мәдени шаралар өткізіледі. Шараға арнайы кітап көрме ұйымдастырылады. Оған орта есеппен 25-тен 30-ға дейін кітап қойылады. Апта сайын балалар мен ата-аналардың өтініштері бойынша оларды қызықтыратын кітаптарды оқуға ұсынылады. Көптеген отбасыларда «Отбасылық оқу формулярлары» бар. Мұндай іс-шара көшпелі кітапхана аясында жүргізіледі. Жоба жұмысындағы жеке бағыт-көп балалы аналарды қолдауға арналған: (отбасылық жанжалдардың алдын алу бойынша іс-шаралар өткізу; кітапханашылардың қатысуымен ата-аналар мен балалардың бірлескен іс-шараларын ұйымдастыру арқылы отбасылық қатынастарды нығайту; ақпараттық, ұйымдастырушылық, бос уақытты өткізу, құқықтық, психологиялық көмек).


15.09.2025

Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы елімізде Отбасы күніне орай «Читающие дома» әлеуметтік жобасы аясында Жібек маталар комбинатындағы Әл-Фараби көшесі 32,34 үйде тұратын көпбалалы отбасыларға арналған «Отбасы – ынтымақ ошағы» атты  мерекелік шара өткізді. Өскелең ұрпақтың кітап оқуына, зияткерлік-рухани дамуына ықпал ету мақсатында кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Шара барысында отбасылық тәрбиеге қатысты қызықты сұрақтар қойылып, ойын-сауық және түрлі эстафеталық жарыстар өтті. «Әнмен өрілген…»  атты  алаңда   балаларға арналып музыкалық ойындар мен билер ұйымдастырылды. Барша қатысушылар орындаған «Отбасылық флешмоб» көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Кеш соңында  демеуші «Эмиль балмұздақтар фабрикасы» ЖШС атынан балаларға балмұздақтар таратылды.

Бұл мерекенің басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, олардың қоғамдағы маңыздылығын арттыру.


15.08.2025

«Читающие дома» жобасы аясында оқырмандармен кездесу ұйымдастырылды. Жаңа оқу жылына дайындықтың маңызды кезеңінде  «Балапан әлемі» журналының 1,2,3-сандары оқырмандарға таныстырылды. Журналдың «Суретті сөз жұмбақ», «Ертегі айтуды үйренеміз», «Сен білесің бе?», «Ойлан тап!», «Жаңылтпаштан жаңылма» айдарлары бойынша балалардың оқу жылдамдығын арттыруға, зейінін шоғырландыруға және балалардың қиялын, шығармашылық ойлауын, сондай-ақ, сөйлеу дағдыларын арттыру мақсатында жұмыс жасалды. Сонымен қатар, «Сурет салып үйрен» айдары шығармашылық қабілетті дамыту арқылы ұсақ қол маториканы жетілдіру және балалардың эстетикалық талғамдарын қалыптастыруға өз үлесімізді қостық. Сондай-ақ «Кім жылдам?», \«Тыныш тренд», «Биле, тоқта», «Шеңбер Спринті» ойындары ойнатылып, сыйлықтар үлестірілді.

Шара соңында журналдар сыйға таратылды. Мазмұндық әрі тәрбиелік мәні зор бұл журнал балалардың білімге деген қызығушылығын оятты, зеректік пен танымдық қабілеттерін жетілдіруге сеп болды.


27.06.2025

27 маусымда  «Читающие дома» жобасы аясында балаларға арналған «Таза ел – ортақ мақсатымыз» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің мақсаты – жас буынның табиғатқа сүйіспеншіліктерін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға баулу.  Әдебиеттерге шолу барысында балаларға арналған экологиялық бағыттағы, табиғат туралы кітаптар мен суреттер ұсынылды. Атап айтсақ Х. Кюбра «Табиғат», С. Қалиұлы «Орманда», С. Гүл  «Табиғи апаттар», Х. Исмайл «Жер бетіндегі өсімдіктер», «Тірі табиғат» және тағы да басқалары.  Сондай-ақ қызықты экологиялық ойын барысында топтарға бөлініп «Қалдықты сұрыптау», «Табиғатты қорға» тапсырмаларын орындады. Аталмыш шара экологиялық мәдениет дағдысын қалыптастыруға ықпал етеді.


21.06.2025

21 маусымда «Читающие дома» жобасы аясында балаларға арналған әдебиеттерді насихаттау мақсатында «Ертегілердің сиқырлы үні» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде кітапхана қорына жаңадан келіп түскен, түрлі тақырыптағы қызықты танымдық әдебиеттер таныстырылды. Жас оқырмандардың назарына Б. Ғұбайдуллиннің «Ғалам» ғылыми-танымдық еңбегі, «Жиһанкез Ақкербез» шытырман оқиғалы ертегі, Э. Триустың «Жақсы ой жақсылыққа бастайды» мотивациялық ертегісі, «Дәрігер жануарлар», «Жабайы жануарлар» сияқты түрлі жанрдағы шығармалар ұсынылды.  Қатысушылар көрмедегі кітаптардың мазмұнын ашуға көмектесетін қызықты тапсырмаларды бірлесе орындап, білімдерін көрсетті. Көрме балалардың рухани дамуына, бос уақыттарын пайдалы өткізуіне, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.


16.05.2025

16 мамырда Отбасы күніне орай «Читающие дома» жобасының оқырмандарына «Отбасымның сүйікті кітабы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.  Кітап көрмеде қатысушылардың назарына отбасы құндылықтарына байланысты кітаптар ұсынылды. Атап айтсақ Б.Айменов «Отбасы», А.Сапакова «Ата мен немере әңімесі», А.Тоқманбетова   «Менің отбасым», «Менің әкем» атты шығармалар. Балалар «отбасы» сөзінің мағынасын жан-жақты ашып, өздерінің ойларымен бөлісті. Әркім өз жанұяларының құндылықтарын атап айтты. Сондай-ақ, «Менің отбасым» ойынында ата-аналарымен бірге берілген суреттерден отбасы мүшелерін анықтады. Шараның мақсаты – оқушыларда отбасы мүшелеріне құрмет, ата-анаға деген сүйіспеншілік, отбасындағы өзара сыйластық қасиеттерін дамыту.


13.06.2025

13 маусымда «Читающие дома» жобасы аясында ұйымдастырылған «ЖурналLAND» атты кітап көрмесінде оқырмандарға кітапхана қорындағы танымдық журналдар таныстырылды. Атап айтқанда «Балақан», «Балалар әлемі» «Айгөлек», «Бала би», «Ақ желкен», «Смишарики», «Весёлые уроки» және тағы да басқа.

Кітап көрмесіне шолу барысында балалар түрлі танымдық тапсырмаларды орындады, сөзжұмбақ шешті, математикалық амалдарға байланысты пазл құрастырды, «Кім тез табады?» ойынына қатысты. Балалар берілген тапсырмаларды белсене орындап, мерзімді басылымдар бос уақытты өткізудің жақсы баламасы екенін түсінді.


30.03.2025

«Оқитын үйлер» жобасы аясында 30 наурыз күні Наурыз мерекесіне арналған мерекелік шара өткізілді. Бұл шараның басты мақсаты – қатысушыларды осы жарқын мерекенің дәстүрлері мен мәдениетімен таныстыру, сондай-ақ жылы әрі достық атмосфера қалыптастыру. Қонақтарға Наурыз мерекесінің дәстүрлі тағамы – Наурыз көже ұсынылды. Қатысушылар қазақтың дәстүрлі ойындарына қуана қатысты: Асық ату – дәлдік пен ептілікті талап ететін ойын, жастар арасында ерекше қызығушылық тудырды. Арқан тартыс – командалық арқан тарту, ұжымның бірлігін және күшін білдіреді. Қол күрес – қолмен күресу, қатысушылар өз күштері мен төзімділігін көрсетті. Мереке соңында құрметті ақсақал бата берді – дәстүрлі батасын, барлық қатысушыларға бейбітшілік, бақыт және игілік тілеген тілекпен.


 

Share