Шығанақ қалыпты қаламгер

Шығанақ қалыпты қаламгер

«Біз екеу едік. Қойтастың қалың бұйратын қақ жара, Қонай шоқысын бетке алып, жүріп келеміз, жақын жерде ел болатын сиқы жоқ. Ұры-қарыдан да қауіпсіз емеспіз. Қарайған көрінсе, жүрегіміз өрепки бастайды. Ат қатты пысқырып қалса да, жолдасым жамандатқырлап шаужайға қағады».

Құрметті оқырман, өзіңіз де оқыған шығарсыз, бұл – Ғабиден Мұстафиннің жас кезінде жазған «Қан» әңгімесі. Бұл әңгіме – автордың қаламгерлік ұзақ жолындағы шығармашылық жөн-жосық, жоба-жоспарын айқындаған алғашқы әдеби қадамы саналады. Суреттеу, бейнелеу тілі шұрайлы, сөзі нығыз, сөйлемі ықшам, іс-әрекеті анық. Модерн стилінде жазылған. Шығармада пафос жоқ, қаһармандары сендіреді, ойландырады.  

 «Тұрғандардың ортасында екі жігіт қатарынан сұлап жатыр. Екеуінің де басы қып-қызыл қан, бауырдай боп қатып қапты. Аяқ жақтарында жатқан қос ақтабан сойылға дейін қызыл қанмен бояулы, оның үстіне біреуінің аяғы сынып, жинап ала алмай жатқандай көрінді».

«Ахмет екеуміз Талдының аяқ жағында отырған нағашыларға бұрылдық. Жеткенше екі жігіттің судай аққан қаны көзіме елестеп, «кім үшін төгілді? Не үшін төгілді?» деген ой есімнен кетпеді. Байлардың малы үшін қырқысқан екі жалшыны аяп та, қарғап та келе жаттым… Ой аяқтағанша ауылға да жетіп қалған екенбіз…»

Автор – сөз зергері. Екі заманның алтын көпірі. Мерген, ділмар шешен. Сөзінде – салмақ, ойында сауалы бар. Соққыға жығылған бай малшыларын аяйсыз, екеуіне жабылған жігіттердің қатігездігіне таңырқайсыз. Әділдікті ту еткен жас қаламгердің өзі ұстанған бағыт-бағдардан ауытқымай өткенін кейінгі туындылары айғақтайды.

Ғабиден Мұстафин – 1902 жылы 26 (кейбір деректер бойынша аталған айдың 29 жұлдызында) қарашада Қарағанды өңірі, Бұқар жырау (Тельман) ауданына қарасты Сарытөбе етегінде туған. «Жол үстіндегі сыр» атты очеркінде Ғ.Мұстафин былай деп жазады: «Мен есімді білер-білмес кезімде жерімізді переселенец алып, алпыс үй Елібай Жауырдан көшеді. Спасск заводының шығыс жағында он жеті километр – «Көкталжарық» деген жерге келіп орналасады (1907 жылдары). Атамекенінен айырылған елдің зары, жермен қоштасқандары, келімсектер мен тұрғын ел арасындағы ұрыс-жанжал, кісі өлімдері менің көңіліме өлмейтін ғажап суреттер қалдырып кетті». Бұл очерктен-ақ бала Ғабиденнің туған жұртының зар-наласын, мұң-мұқтажын жан дүниесімен сезгені анық. 

Ізденімпаз, әуесқой бала әуелі ауыл молдасынан оқып сауатын ашады. «Басқа оқу жоқ еді» дейді ол кейін, жастық шағын қынжыла еске алып.  Білімге құштар бозбала 1916 жылы зауыттағы орысша — қазақша мектептің төртінші сыныбына түсіп, бір жылдан кейін бітіріп шығады. «Қайтып оқуға мұрша болған жоқ» деп кейінірек өкінген екен. Бірақ ғұмыр бойы ізденісте болған ол қазақ және әлем әдебиетінің жауһарларымен таныс болғаны шығармаларынан көрінеді. Әлем әдебиетін білмей, төрт тарабы тең жазушы болу – ешкімнің қолынан келмесі хақ.

1930 жылы қаламгер Қарағанды қаласындағы қайнаған еңбек майданына араласып кетеді – үш жыл шахтада жұмыс істейді, жер қазады, токарь мамандығын игереді. «Мен келгенде, — дейді ол, — Қарағандыда бес — алты жаман барак қана, 30 — 40 жұмысшы ғана бар еді. Олар көмірді қайламен қазып, сыртқа темір шелекпен қол бұрау арқылы шығаратын. Шахта дегендері – бір ғана құдық».

1933 жылы Ғ. Мұстафин «Қарағанды пролетариаты» газетінің жауапты секретары қызметіне тағайындалды. Бірақ көп кешікпей қазақ тілінде «Қызыл ту» атты жаңа газеттің ашылуына байланысты Новосібір қаласына ауыстырылады. Өмірлік тәжірибесі байыған, журналист ретінде қаламы төселген Ғ. Мұстафин 1938 жылы газет жабылысымен Алматыға көшіп келеді. «Бұл менің тоғыз жыл бойы жазушылықтан қол үзіп кеткен, қайта оралған шағым», — деп жазады Ғабең.

Астана жазушыға көп әлеуметтік — қоғамдық жағдайды жаңа биіктен бағалауына, әдеби — мәдени өмірмен етене араласуға мүмкіндік береді. Сол бір идеология майданы шиеленіскен таптық тартыстың қызу жылдарында қаламгер, өзі айтқандай, күресші өнердің шебінде болды. Дәл осы жылдары әдебиетті көп оқып, көп үйренді. Жаңа өмірдің әсерімен философиялық, эстетикалық көзқарасы қалыптасып, әдеби талғамы биіктей береді. Көптен көңілін қобалжытқан етене жақын тақырыбы – Қарағанды шахтерлерінің өмірінен «Өмір мен өлім» атты тұңғыш романын жазады (1939). Бұл – үлкен жолдың бастауын аша түскен кітап еді.

Ғабиден Мұстафин шығармаларынан көшпелі мәдениетті тықсырып, ығыстырып келе жатқан өркениет дабысы естіледі. 1945 жылы жазылған «Шығанақ» шығармасы ұжымдастыру науқаны қызған тұстан басталады. Бұл НЭП дәуірі еді. Бай-шонжар Олжабек күллі мал-мүлкімен колхозға енуден бас тартып, жаңа заман кұрығынан қашып құтылу үшін туған елінен басқа жерге қоныс аударады. Басы ауған жаққа кетіп бара жатқан көш алда не күтіп тұрғанын да білмейді. Негізгі қаһарман – отызыншы-қырқыншы жылдары тарыдан мол түсім алған Шығанақ Берсиевтің өзі. «Трудовому подвигу этого замечательного колхозника, после выхода романа Г.Мустафина, посвятил свою поэму и прогрессивный немецкий поэт Бертольт Брехт («Казахская советская литература» атты 3-томдықтың 3 томы , 543-бет, «Наука» баспасы, Алматы, 1971 жыл)».

ХХ ғасыр қазақ даласына ауқымды өзгерістер алып келді. Әр түрлі техника – сайын дала, құла дүз, қыр-жота – жықпыл-жықпыл бұйра толқынды тау-үстірт үстінде қаптай бастады. Капитализм көмір, темір, мыс рудаларын үйіп-төгіп артқан ырдуан арбаларды қинала сүйреген машина күйінде, аузынан от шашқан зеңбіректер түрінде көрінді. Жауды толық жеңіп бітпеген жұрт қаруын тастап үлгермей жатып, жаңа күрес басталды: бесжылдық еңбек майданы ашылды. Көміршілер құдық санын көбейтуді мақсат тұтты. Қарағанды-Теміртау бір өндірістік цикл құрды. Жан-жақтан мамандар ағылды. Осыған орай, қазақ даласында өндірістік роман жанры пайда болды. Н.Лейдерман пікірінше, өндірістік роман дегеніміз – бас қаһармандар образы жұмыс орнында, қызмет бабында ашылатын, күллі сюжеттік желі ірі өндіріс ошақтарына қатысты уақиғалар төңірегінде өрбитін әдеби жанр түрі. Ғабиден Мұстафин шығармалары өз уақытындағы өндіріс ошақтарының тірлігін дәл көрсетеді.  

 «Шығанақтан» соң «Миллионер» (1948), «Қарағанды» (1952), «Дауылдан кейін» (1960), «Көзкөрген» (1963) туындылары дүниеге келеді. Шоқтығы биік ең үлкен шығармасы – мемуарлық үлгіде жазылған «Көзкөрген» романы. Көп кешікпей орыс тілінде жарияланған бұл шығармалар қаламгер есімін кеңінен танытады. Мұстафин шығармалары шет тілдерге де аударыла бастайды.

Жазушы Д. Амантайдың пікірінше, «Қарағанды» романы Ғ.Мұстафин шығармашылығы ғана емес, қазақ және әлем әдебиеті шеңберінде кезінде ұрандатып келген жаңа жанрдың көрінісі. «Қарағанды» романы адамзат тарихындағы тағы бір ұлы көштің тоқтағанын паш етеді. Әлем халықтары біртіндеп көшпелі өмір салтын артқа тастап отырықшы елге айналып келеді. Бірақ, бәрібір, қазақ тарихында «Қарағандыдан» асқан өндірістік роман жоқ: себебі алғашқы кәсіпорындарды тұрғызып, кен қазып, шикізат күреп, қарапайым еңбек қаруымен қаруланып, өнім өндірген қым-қуыт заман туралы, ерекше атмосферасы жайлы шыншыл, шынайы, басқа шығарма енді жазылмайды, тап туралы – қазақ бастан кешкен ұжымдастыру науқаны өндірістендіру тақсыретіне ұласқан қасіреті қақында – қалам тартар ешкім жоқ, тіпті, ғылыми-техникалық революцияның мамыражай уақыты өтті.

«Арқан бір тулап, шерте қалды да, зулай жөнелді. Жер асты күнше күркіреді. Әлібек қабырғаға жабыса қалғанда, қабырғадағы ыстық бу трубасын ұстай алып, қолын тартып алды. Көмір тиеген үш-төрт вагонетка ағызып өте шықты. Бұрын қолмен бұрап, ат-арбамен шелектеп тартатын көмірді енді вагонеткалап тартып жатыр. Бұл тек будың күші. Электр станциясы біткенде не болмақ?!»

Бұл өндірісті бейнелеген мәтін. Автор циклдар мен процестерді кейіптегенде қысқа жазуына тура келеді. Модернизм классиканы ықшамдамағанда зауыт-фабрика жұмысын дәл суреттей алмас еді. Сөйтіп, біз модернизм мен капитализм (социализм) арасындағы байланысты табамыз. Ұзын сөйлемдер қайтіп шағын жер асты ұясында, тар құдықтарда көмір қазғандарды кеңінен сипаттар еді?

Өндіріс тақырыбына Ғабиден Мұстафиннен кейін Әмен Әзиев («Жез таулар» немесе «Мыс ошағы») пен Медеу Сәрсекенің (Қаныш Сәтбаевқа арналған еңбектері) шығармалары баспадан жарық көрді.

Совет жылдары С.Сейфуллиннің «Жемістері» (повесть, 1935), Ә.Әбішевтің «Завалы» (әңгімелер жинағы, 1936), «Жас түлектері» (роман, 1945 жыл), С.Ерубаевтың «Менің құрдастарымы» (роман, 1934-1935 ), Ғ.Слановтың «Жанартауы» (роман, 1945) тәрізді шығармалары жазылды.

Ғабиден Мұстафин шығармашылығы – әлі де болса толық ашылмай жатқан алтын көмбе, адамзаттың аса қымбат асыл қазынасы. Жазушы Ғабиден Мұстафин өз шығармашылығы жолында әлем әдебиетінің тарихи даңғыл жолын жүріп өтті. Әңгіме, хикаяттарын, эссе, романдарын оқығанымызда көз алдымызға Қарағандының түтіні будақтаған алып зауыттарымен қатар, кіп-кішкентай құдық – шахталары да елестейді.

 

Share