“Шығыс бұрымдысы” байқауы

“Шығыс бұрымдысы” байқауы

Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.

Ақын Абай қазақ қызының жарасымды болмысын осылай өлеңмен өрнектеген. Қыз баланың биязылығы мен сымбатының көрінісі бұрымынан байқалады. Қазақ қызының қасиетін айшықтап, болмысын бағдарлау мақсатында 6 наурыз күні Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Достық үйінде “Шығыс бұрымдысы” байқауы өтті. Аталмыш байқаудың мақсаты – тән сұлулығы мен жан көркемдігінің астасуын меңзейді. Өткенді жаңғыртуға бағытталған бұл байқаудан теңізге тамған сәуледей тамшы байқаймыз. Сұлулар сайысында барлығы жиырмаға жуық қатысушылар бақ сынады. Төрт кезеңнен тұратын байқауда арулар алдымен «Ақыл-ойдың кемелі» бөлімінде білімдерін ортаға салса, «Өнерлі өрге жүзер» шартында таланттарын көрерменге паш етті. “Кім пысық, кім ісмер” бөлімінде нағыз шебер екендіктерін көрсете танытса, “Шаштарын бес күн тарап, он күн өрген” кезеңінде  әдемі шаш үлгілерін көрсетті. Олардың талаптарынан қазақ қызының қандай  керек деген сауал төңірегінде жауап іздегені байқалады. Әсем әнмен әрленіп, сұлулықпен сәнделген сайыс қортындысында 8-11 жас аралығында бақ сынағандар арасынан III орынды Қарақат Думанқызы жүлделі  II орынды Амина Досжанқызы, ал жүлделі I  орынды Малика Бейбітқызы иеленді. 12-15 жас аралығындағы арулар арасынан III орынды Диляра Қуат, II орынды Сафинұр Алиакбарқызы, жүлделі I орынды Ақбота Ерікқызына бұйырды. 16-25жас аралығындағы сұлулар  арасынан III орынды Қорғаубек Арна, II орынды Ерболатова Таңсық I орынға Бірғаным Бақытқызы лайық деп танылды. Ал төрт кезеңде де дара шығып, қожеметке бөленген Әсем Рахымова көрермен көзайымы атанды. Жеңімпаздарды жеңісімен құттықтай отырып, қатысушыларға демеушілік жасаған “Аipara” сұлулық салонына, “Дети” сауда үйіне, “Sofi” сауда дүкеніне алғыс білдіреміз! Кештің сәнін көркем билерімен бөлеген кітапхана қабырғасынан құрылған «Керім-ай» би тобының бүлдіршіндері «Қуыршақ»,  «Ұйғыр» «Рух» билерімен өнерлерін паш етті. Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларды құттықтап “Қазақ тілі қоғамы” қоғамдық бірлестігінің әншілері ән шашуын арнады. Осылайша қазақ қызының биязы болмысын айшықтаған тәлімді шара мәресіне жетті.

Share