Аудандық, облыстық, республикалық әдеби конкурстардың жеңімпазы, Қазақ-венгр балалар әдебиеті жобасының мүшесі Нұғыманова Кәмшат Абылғазықызымен «Ғажайыпты шынайы өмірден іздейік…» атты кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында жерлес жазушының ертегілері венгр тіліне аударылып, екі елдің ортақ платформасында жарияланғаны жайлы сөз болды. Балаларға арналған «Жоғалған ұйқы» кітабының тұсауын өлкеміздің ақындары Ихсанова Нұржанат Бақытқызы мен Оразай Жеңісұлы кесті. Сондай-ақ, кездесуге жинақтың мұқабасын безендіріп, ертегілерге өз қиялымен сурет салған жас суретші, 6 сынып оқушысы Лензатова Жансая Бақытбекқызы да қатысып, оқырман назарына «Жансаяның ғажайып әлемі» атты сурет көрмесін ұсынды. Кездесудің құрметті қонақтары ретінде өлкеміздің дарынды жазушылары, жазушының аяулы анасы мен алғашқы ұстазы қатысты. Кездесудің көркі Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының қызметкері, әнші Дархан Рахатұлының қара домбырада салған арнауы болды. Кездесу барысында Кәмшат Абылғазықызы балаларға арналған әңгімелері, ертегілері, өлеңдері жайлы әңгімелеп, қонақтардың сұрақтарына жауап беріп, алғашқы туындысы «Жоғалған ұйқы» кітабын өз қолтаңбасымен кітапханаға сыйға тартты.
#жоғалғанұйқы
#вкодюб
#vkolibrary
#НұғымановаКәмшатАбылғазықызы