«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені

Абай Құнанбайұлы – дүние жүзіне танымал ақын. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша әлемдік деңгейде атап өтілді. Сәулетті «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында 1995 жылы ашылған.

Селеулі сайын дала кеңістігінде жолаушы көзіне ақшаңқан қос күмбез көрінісі шалынады. Биікке, көгілдір аспанның шыңырау көгіне ұмтылған бұл күмбездер адам рухының өршіл күш қуатын көрсеткендей. Абай-Шаһкәрім мавзолейі Жидебай жерінде орналасқан.

Бүгінде Жидебай – әдеби Меккеге айналған, үлкен тағзым етер орын.

Кешеннің құрылысы 1993 жылы басталған болатын. Жоба авторлары -КСРО Сәулетшілер одағының мүшесі, Жапония мен Болгариядағы Халықаралық конкурстардың лауреаты Бек Ибраев басшылық еткен сәулетшілердің шығармашылық тобы. Мемориал тұжырымдамасының негізіне қазақтардың дүниетанымын толыққанды да барынша білдіретін дәстүрлі космогониялық түсініктері алынған. Сәулетшi өз идеясында, тұтас кесене Сарыарқаның кең даласының төсiнде поэзия айдыныда баяу жүзiп бара жатқан Абай мен Шәкәрiмнiң қос желкендi кемесi сынды болып көрiнуi керек деген шешiмге келген болатын. Бұл кесененiң кеме сияқты жақсы көрiнiс беретiнi, күн қатты ысыған кезде далада сағым көтерiледi. Көрген адамға осы сағымда алыстан теңiз толқығандай болып тұрған заматта, Абай-Шәкәрiм кесенесi сол сағым-теңiздiң үстiнде үлкен бiр ой құшағында қалықтап тұрған, ойдың алып кемесi сияқты әсер етедi. Кесенелердің келбеті мұнара тәрізді, бір-бірінен пластикалық қасбетімен және күмбездерінің қалай біткендігімен ерекшеленеді. Абай мұнарасының биіктігі 32,5 метр, ал Шәкәрім мұнарасының биіктігі 31,5 метр.

Кесененiң iргетасының ұзындығы – 200 метр. Көлденеңі (енi) – 65 метр, биіктігі – 5м, қабірлер арасы – 140 м.

Бұл – қазiр әлемде үлкендiгi жағынан бiрiншi орында тұрған алып космостық құрылыс. Өйткенi, жер бетiнде мұның ауқымындағы ескерткiш-зират жоқ екен.

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын көре білуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуде, туған халқына түзу жол көрсетуде Құдайбердіұлы Абай бағытын ұстанды. Қазақ рухани дүниесін жаңғыртуда ерекше орны бар бірегей ойшыл.

Share