Қазақстанның қиыр шетінде орналасқан Берел қорғандары бүгінгі күні көпшілікке жақсы таныс.
Берел қорымы – сақ дәуірінен сақталған тарихи ескерткіш.
Қорым Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Бұқтырма өзенінің оң жағалауында Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7-8 ш. жерде орналасқан. Ол солтүстігінде Берел және Бұқтырма өзендерінің қосылған жерімен, оңтүстігінде Қансу өзенімен, ал батысы мен шығысында таулармен шектелген Бұқтырма өзенінің оң жағасындағы алаңда орналасқан.
Қорымдағы ең ерте обалар б.з.д. 4-3 ғасырларда үйілген (2400-2300 жылдары бұрын), ал кейінгілері көне түркілер дәуірімен мерзімделеді – б.з. 7-8 ғасырларда (1200-1300 жыл бұрын). Алғаш 1865 жылы В.В. Радлов, 1959 жылы С.С.Сорокин зерттеді. 1998 жылы Халықаралық қазақ-француз экспедиция (жетекшісі З.Самашев) қорымның жаңа жобасын болжап, бірнеше қорғанды зерттеді. Қорым 3 қорғандар тобынан тұрады. Бірінші топтағылары таудағы кертпеш ортасына орналасқан. Ол солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа созылған 6 қорғаннан тұрады. Екінші топ солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай тізбектеліп созылған 12 қорғаннан тұрады. Ол кертпештің батыс жағында орналасқан. Үшінші топты 9 қорған құрайды. Ол кертпештің шығысында орналасқан. Осы топтағы ең үлкен қорған ғылымға Үлкен Берел қорғаны деген атпен белгілі. Обалар таудың жақпар тастарымен араласқан өзеннің ұсақ малта тастарынан үйілген. Шұңқырда ағаш қимасы бар, оның сыртында әлеуметтік мәртебесі жоғары адамдардың қабіріне бірге қосып көметін жылқы қаңқаларының жатуы, қарағайдың жуан діңгегінен қақ жарып қашап жасаған астау–табыт ертедегі Алтай көшпелілерінің ескерткіштеріне тән. Қазба кезінде қорғандардың ішінен 2–3 м тереңдікте ағаштан жасалған қима, оның бет жағынан бірнеше жылқының қаңқасы мен әбзелдерімен тоңда сақталған жылқы мумиясы, сыртына алтын жалатылған ағаш әшекейлер, адамның қаңқасы мен адам мумиясы алынды. Заттай деректер Берел қорымы Пазырық мәдениетінің орта (б.з.б. 5 ғасыр) және соңғы (б.з.б. 5–4 ғасырлар) кезеңінде салынғанын дәлелдейді.
Берел қорымындағы тоң басқан обалардың беретін мәліметтері де ерекше. Берел қорымындағы үлкен обаларда табиғат пен климаттың және обаны үйген материалдар мен ескерткіш құрылысының үйлесімінен пайда болған тоңның нәтижесінде органика, яғни киім, ат әбзелдері, ағаш бұйымдары, ер тоқым, тері мен киізден жасалған заттар шірімей жақсы сақталған. Жерлеу ғұрыптарына қарап, наным-сенімдері рухани дүниесінен мол хабар алуға болады. Онда табылған мифтік жануарлар, бұғы, пырақ, тәуешкі, т.б қазірде еліміздің маңызды нышандары болып отырған бейнелер. Еркіндікті бейнелейтін «қос мүйізді пырақ» пен «самұрық» құсы – тәуелсіз Қазақстан үшін мәңгілік өмірдің белгісі. Ежелгі мәдениеттердің бастауы болған, саяси-идеологиялық, этно-мәдени тұрғыдан Алтай өңірі сақтар, түркілер, қазақтар үшін киелі, қасиетті орын.