Семей ядролық полигоны – әлемдегі ең қасіретті орындардың бірі. Семей ядролық полигонында өткен сынақтар саны – 456. Олар ядролық және термоядролық жарылыстар болатын. Олардың 116-сы ашық болды, яғни жер бетіндегі немесе әуе кеңістігінде жасалды. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. Семей ядролық полигоны ауданында 456 жер үсті және жер асты ядролық сынақтарының өткізілуі нәтижесінде атмосфераға, гидросфераға және литосфераға өте үлкен мөлшерде радиоактивті материалдар шығарылды. Тек Семей ядролық полигонының ғана емес, соған жақын жатқан орасан үлкен аумақтар да (Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жезқазған облыстары және Ресей Федерациясының Алтай өлкесі) радиоактивті ластануға ұшырады. Соның нәтижесінде сол аумақтағы көптеген тірі ағзалар және тұрғын халықтар зардап шекті. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. Шынайы бүкілхалықтық күш-жігердің нәтижесінде 1989 жылы Семей полигонында жоспарланған 18 ядролық сынақтың 11-і тоқтатылды
Бас біріктірген қазақстандықтар ондаған жылдар бойы осында тұтас халыққа өз эксперименттерін жосықсыз жүргізген сойқан тоталитарлық аппаратқа қарсы күресте жеңіске жете алды.
Қазақстан тарихындағы соңғы ядролық сынақ 1989 жылғы 19 қазанда болды. 1991 жылдың 28 тамызында Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарды. Бұл еліміз үшін әлем тарихындағы маңызды оқиға болды. Ядролық сынақтарды тоқтатуға Олжас Сүлейменов басқарған “Невада-Семей” қозғалысының белсенді қызметі көп жәрдемдесті.
Полигон орнына қойылған мемориалдық ескерткіш бейбітшілікті, соғыстың болмауын, береке мен бірлікті, өткен күннің қаһарлы қасіретін білдіреді.