Ф. М. Достоевскийдің әдеби–мемориалды мұражайы орыс жазушысы Ф.М. Достоевский туғанына 150 жыл толуы қарсаңында 1971 жылы құрылған. Мұражай жартылай ашылған кітап пішінінде бұрынғы жазушы тұрған (1857-1859) екі қабатты ағаш үйге жапсарлас ғимаратта орналасқан. Мұражайдың кіре берісіне Достоевский мен Ш. Уәлихановтың достығын бейнелейтін қоладан құйылған мүсін қойылған.
Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалды үй-мұражайының тарихы ХІХ ғасырдың екінші жартысында басталады. Сол жылдары Ф. Достаевский М.Д. Исаевамен некелесіп, ескі ағаш үйді жалдап тұрған.
Жазушы бес жылын Семей қаласында өткізген. Ұзақ жылдар бойы қысымда жүрген жазушы тыныштық тауып әдебиет әлеміне қайта оралғандай болады. Осы қалада П.П. Семенов-Тян-Шанский, А.Е. Врангель сияқты танымал адамдармен жүздесіп, қазақтың атақты ғалымы әрі саяхатшысы Ш.Уәлихановты асқан ілтипатпен еске алады.
Ш.Уәлихановтың досы Ф.М. Достоевскийдің «Өлілер үйінен табылған хаттар», «Қылмыс пен жаза», «Ойыншы» романдарында қазақ халқының еркіндікке деген құштарлығы бейнеленген. Мәселен, «Қылмыс пен жаза» романында «Раскольников сарайдан шығып, жағалауға келді, сарай жанындағы бөрене үстіне жайғасып, жалпақ та бос өзенге көз салды. Биік жар басынан бар маң айқын байқалады. Арғы алыс беттен талып ән естіледі. Ол жақта күн шұғыласына малынған сайын дала төсінде қараң-құраң етіп көшпелілердің киіз үйі қараяды. Онда бостандық самалы еседі және мұндағыларға ұқсамайтын мүлде басқа адамдар мекен етеді…». Мұражайдың басты мақсаты – әлем әдебиетінің алыбы Ф.М.Достоевскийдің шығармашылығын қазақтың кең байтақ елінде насихаттап, сақтау. Мұражай жанында «Ф.М.Достоевский мен Ш.Уәлихановтың» ескерткіші бар (1977 жыл, сәулетші Д.Элбакидзе).