Қоңыр әулие үңгірі (ШҚО)

Жаз шыға Абай ауданы, Тоқтамыс ауылынан 18 шақырым жерде орналасқан Қоңыр әулие үңгіріне ағылушылардың қатары бір толастамайды. Бірі сонау жердің түбінен Қоңыр әулие үңгіріне жанын қинаған дертіне дауа, еміне шипа іздеп келсе, тағы бірі осынау таңғажайып мекенді өз көзімен көріп, тамашалауға асығады. Абай ауданына барған сапарымыз кезінде осынау киелі де, қасиетті жерге біздің де жолымыз түскен болатын.

Табиғаттың жұмбағы таусылған ба? Бір қарағанда жақпар тасты осынау бір таудың қуысында үңгір бар, ол үңгірдің астында көздің тамшысындай мөлдір көл бар деп еш ойламайсыз. Алла тағаланың өзі сырт көзден жасырған сол көлдің емдік қасиетін жергілікті халық ертеден-ақ білген екен. Көктем туып, көк шығысымен-ақ ауырған-сырқаған, бір перзентке зар болған жандардың Қоңыр әулие үңгіріне ағылуының себебі де осында көрінеді. Ені 80 метр, биіктігі 1,5 метрдей болатын жіңішке дәліз арқылы үңгірге кіріп, көлдің мұздай суына бір сүңгіген жанның бойы сергіп, санасы серпіліп сала беретін көрінеді. Қаншама жүздеген, тіпті мыңдаған адамдар осынау көлден дертіне дауа, еміне шипа да тауыпты. Оны үңгірдің аузында жатқан балдақтар да растағандай. Ең бастысы, сенсеңіз болды. Қоңыр әулие үңгірінің шырақшысы Жанысбек есімді азамат та осыны айтады.

– Бұл жерге келгеннен соң, ақ ниет, ізгі оймен келу керек. Тіпті, үңгірдің ішіндегі көлдің суына түспей-ақ, жанында отырып ауруынан айығып кеткен адамдар бар, – дейді ол бізбен әңгімесінде. Оның айтуынша, мұндағы көлдің суы өте шипалы. Әсіресе, аяқ-қолы тартылып, сал болып қалғандар мен көзі ауыратын жандар үшін таптырмайтын ем екен.

Жалпы, Қоңыр әулие үңгірі туралы халық аузында аңыз да, әңгіме де өте көп. Оның ішінде ауыз әдебиетінде сақталған деректердің дені жоңғар шапқыншылығымен байланысты. Қоңыр әулие үңгірі атауы «Қабанбай батыр» мен Шәкер Әбеновтің «Тоқтамыс батыр» дастандарында да кездеседі.

Сонау 1750-ші жылдардың ортасында болған Шаған соғысы кезіндегі бір шайқаста қазақ жасақтарының саны айтарлықтай ойсырап қалады. Сонда Абылай хан:

– Енді жауға өктеп шабуға болмайды. Қарамыздың аз екенін жоңғарлар байқап қалды. Қаша ұрыс саламыз, – дейді. Осы кезде топ ішіндегі жас батыр Тоқтамыс суырылып шығып, ханның алдына келіп дат сұрайды.

– Жау беті қайтып тұрғанда санымыз аз деп жасқанып қалғанымыз жарамас. Аттың құйрығына қараған, шеңгел, бұта байлап жауға қарсы ұран сап шапсақ, қалың шаңнан жоңғарлар қолдың санын байқай алмайды, – дейді. Сонда Абылай:

-Япыр-ай, мынау Қозыке баланың сөзінің жаны бар екен. Нар тәуекел, аттың құйрығына байлайтын шеңгел, қараған, бұта шауып әкеліңдер, – деп бұйырады. Айтқандай-ақ, осы шайқаста жау жағы қалың шаңнан қазақ қолының аздығын білмей дүркірей қашады. Сол қашқаннан Шаған тауының бір тас үңгіріне барып тығылса керек. Сол үңгір – Қоңыр әулие үңгірі екен. Ал бұл шайқас кейіннен «Шаңды жорық» немесе «Қалмаққырған» деген атпен тарихта қалыпты.

Шынында да қазақ, қалмақ кезек паналаған үңгір маңында зираттар да көп кездеседі. Тіпті, олардың бірінің басы көтеріліп, ескерткіш тақта да қойылыпты.

Share