Бүгін кітапханамызда жас ақын, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Оразай Жеңісұлымен «Қайырымы аздау қараша, келемін десең, кел енді» атты әдеби кездесу өтті. Кездесу қызықты ойынмен басталып, кеш қонағының шығармашылығы мен өмір жолына арналған бес кезең бойынша жүргізілді. Ақын кітапхана оқырмандары мен кеш қонақтарына балалық шағындағы, оқушы кезіндегі қызықты оқиғаларымен бөлісіп, оқырмандардың қойған сауалдарына жауап берді. Әр кезең бойынша Оразайдың өнердегі, шығармашылық жолындағы ұстаздары – қазақтың аяулы ақын қызы Бақытжан Раисова, университет қабырғасындағы ұстазы Гүлмира Бекбосынова, республикамызға белгілі журналист Олжас Керейхан және «Шабыт» ақындар мектебінің жетекшісі Қызырбек Дүргінбайұлы, сондай-ақ, әріптестері мен курстас-замандастары сөз сөйлеп, өз лебізін білдірсе, кітапхана оқырмандары мен «Шабыт» ақындар мектебінің мүшелері Дәулетберді Жекей, Естай Жаңабай, Балауса Мэлсқызы, Құндыз Тасқынбектер ақын өлеңдерін оқыды. Облысымызға белгілі журналистердің бірі, әуесқой сазгер Мәдина Қайнарова ақын өлеңдеріне жазылған әндерін орындады. Әсерлі әңгіме мен ыстық лебіздерге толы болған бұл кеш көңілді әуенмен аяқталды. Ақынға шығармашылық табыс, зор денсаулық тілейміз!