«Қаһарман қызы қазақтың» (Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың100-жылдығына)
Біздің халқымыз өзінің тарихын жадында сақтай отырып, батырларын қастерлей біледі. Сол жағалау саябағының Әскери кешен аумағындағы Жеңіс павильонында, кітапхана қызметкерлері М.Мәметованың 100 жылдығына арналған «Қаһарман қызы қазақтың» атты еске алу шарасын ұйымдастырды. Ұйымдастырылған көрмеге қызығушылық танытқан балаларға, олардың ата-аналарына фашизмге қарсы күрестегі батылдығы мен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атты жоғары атаққа ие болған, қазақ халқының ержүрек қызының ерлігі туралы айтылды. Қатысушыларға Мәншүктің өмірі мен ерлігі туралы деректер ұсынылып, оған арналған өлеңдер оқылды, кітап көрмесінде ұсынылған әдебиеттермен таныстырылды. Шара барысында оқырмандар Мәншүктің отбасы, оның шын есімі, әскери мамандығы, соңғы ұрыста жойылған фашистердің саны, қыздың ерлігіне арналған көркем фильм туралы дайындалған викториналарға жауап беріп, білімдерін нығайтты.
Мәншүк Мәметова біздің есімізде Отанын соңғы демі қалғанша қорғаған қайратты, жанқияр, нағыз патриот ретінде қалады. Ол ерлікпен қаза тапты: жаудың қиян-кескі шабуылына тойтарыс беріп, 72 фашистің көзін жойды. Мәншүк небәрі 20 жаста еді, ол біздің есімізде мәңгі қалады.