Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мазары (ШҚО)

Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазары – 10–11 ғасырларда тұрғызылған сәулет өнері ескерткіші. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Таңсық ауылына таяу, Аягөз өзенінің оң жағалауында орналасқан. Мазар туралы алғаш жазған академик И.П. Фальк (1771). 19 ғасырдың 30-жылдары В.Федоров, 40-жылдары А.И. Шренк, Ш. Уәлиханов(1856), Н.А. Абрамов (1858), М.Путинцев (1863), Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетек. Ә. Марғұлан) зерттеген (1952).

Қозы Көрпеш–Баян сұлу мазары – қос ғашықтың қайғылы махаббатына арнап соғылған махаббат некрополі. Ескерткіш адырнасы оншақты шақырымға кере тартылған алып садақтың атылуға даяр тұрған жебесіне ұқсайды. Садаққа ұқсаған иін жиырма шаршы шақырымға жуық жерді алып жатыр. Бабаларымыз некропольды тұрғызғанда оның меңзейтін ойын қоса ойластырыпты. Қашанда жебенің жауды нысанаға алатыны белгілі. Мына ескерткіш-жебенің нысанаға байлағаны жауыздық.

Кесененің құрылыс материалы – жалпақ тастар пирамидалық үлгіге сәйкестене қаланған. Төрт жағының бірінде симметрияның сақталмауынан ойыс пайда болған. Қалаушы ол ассиметрияны сыртқы сәулемен некропольдың биоөрісінен бөлінетін рух ұшқынының қосылуынан туындайтын энергетикалық құйынның тұрағына айналдыру ниетімен әдейі ойыс етіп қалдыруы мүмкін. Осы фокуста жиналған энергетикалық құйынның қоршаған ортаға тигізер әсері мол болады деп болжаған шебер садақтай иілген өзен иінінің үстіне төрт қырлы жебеге ұқсаған некропольді тұрғызды. Қозы мен Баян некрополі Египет пирамидаларының жебе бейнесіндегі бір түрі. Бұл да төрт қырлы, бұл да сүйір. Мавзолейдің авторы өз қолымен өрген құрылыстың өскін ұрпаққа қалдырар өнегесі мен өсиетінің келер заман құндылықтарымен жымдаса қабысуын жан-жақты ойластырғандай. Жырдың тереңіне үңілсек, мавзолейден тарайтын энергетиканың адамды ізгілікке үндейтінін аңдауға болады. Осыдан кейін сәулет өнерінің ғаламатын танудағы бабалар көрегендігіне таңқалмасқа шара қалмайды.

Аңыз бойынша оны тұрғызуға Сарыбайдың інісі Тайлақ би Тобыл өзені бойынан қырық мың кісі жіберіп салдырған. Біткен соң ас беріп, той жасаған.

Қозы Көрпеш-Баян сұлу ескерткіші – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу қабіріне тұрғызылған кесене. Семей өңіріндегі Аягөз өзенінің сол жағалауында орналасқан. Осы ескерткіштің жанында тас мүсіндер болған. Онда қасиетті құты ұстаған үш әйел мен бір еркектің бейнесі суреттелген. Халық аңызында үш әйелдің бірі – Баян сұлу, екіншісі – сіңілісі Айғыз, үшіншісі – апасы, ер адам – Қозы делінген. Қазір тас мүсіндер жоғалып кеткен.

Ескерткіш өткен күннің жәй жаңғырығына ғана емес, рухани өнегесінің толғаныс-күйзеліске толы темпераментін бүгінге салқындамаған қызуымен жеткізді. Түн-түнегінің ызғарын да, күн-күнесінің шуағын да, киелі кейпін де кейінгі ұрпақ зердесіне аманаттапты. Ондай текті құндылықты қайта безбендеп, рухани кәдеге айналдыру аманатқа адалдық болар еді.

Қос ғашықтың жалындаған, қайғылы махаббаты ақындарды, драматургтерді, этнографтарды нәсіліне, тегіне қарамай, сан ғасырлар бойы шабытқа жетелеп келеді.

Share