Қуат Қиықбай

Қуат Қиықбай 1990 жылы 13 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Үшбиік ауылында туған. ХVI Халықаралық шығармашыл жастар «Шабыт 2013» фестивалінің «Үздік әдеби шығарма номинациясы» бойынша «Жынды» әңгімесі үшін Гран-при жүлдесінің иегері. Республикалық «Аңсар-2014» проза байқауында «Жылдың жас жазушысы» номинациясында «Екі кемпір» әңгімесі үшін Бас жүлдеге ие болған. 2016 жылы республикалық «Үркер Үміт» бәйгесінде «Тәуелсіз тоқал» әңгімесі үшін проза номинациясының лауреаты атанған.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің түлегі. «2011 жылы жарық көрген проза-поэтикалық Көктемдегі көлеңке», «Бейуақыт» кітаптарының авторы.

Қуат Қиықбайдың әдебиетке деген құштарлығы балалық шақтан бастау алған.  Студент кезінен әңгімелер мен прозалық шығармалар жазуға əуестенеді. Студенттік шақта жазған ең алғашқы көлемді туындысы – «Көктемдегі көлеңке» деп аталады. Содан бері қаламы шыңдалып, проза жанрына біржола ден қоя бастаған.

2013 жылғы «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің жүлдегері, жас ақын, жазушы, прозашы Қуат Қиықбайдың «Бейуақыт» кітабының тұсаукесер рəсімі бүгін Қалалық Мəдениет сарайында өтті. Бұл кітаптың шығуына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсеткен. Кітап 5500 данамен жарық көрді.

Айтулы шарада жаңа кітаптың тұсауын кесу мәртебесі Абайдың “Жиделі-Бөрілі” мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының директоры Болат Жүнісбекұлына берілді. Әдеби кешке жазушылар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері қатысып, өздерінің аталмыш кітап туралы келелі ойларын ортаға салды. Сондай-ақ шара барысында кітап мазмұнына шолу жасалып, «Энтузиаст» жасөспірімдер театры Қуат Қиықбайдың «Қалада жүрген қар қызы», «Орал», «Тоты құс» әңігемелері желісінде құрылған шағын қойылымдарды сахналады.

«Бейуақыт» еңбегіне қазақтың маңдай алды қаламгерлері Қабдеш Жұмаділов, Несіпбек Дәуітайұлы, Асқар Алтай сынды ағаларымыздың батасын алған, талдауына, талқылауына түскен таңдаулы прозалық әңгімелері еніп отыр.

Шығармасы:

  • Қиықбай, Қ. Бейуақыт [Мәтін] : әңгімелер жинағы / Қ. Қиықбай. – Алматы : Жалын баспасы, 2017. – 192 б. – (Жас толқын).

Мақаласы:

  • Қиықбай, Қ. Абайдың және айналасы пайдаланған ер-тоқымдар [Мәтін] / Қ. Қиықбай // Абай. – 2019. – №6. – Б. 41-50.
Share