Ағылшын жазушысы Артур Конан Дойл әлемдік әдебиетте, бірінші кезекте, барлық заман мен халықтың Ұлы Тыңшысы Шерлок Холмс есімді кейіпкер арқылы танылды. Шерлок Холмстың актерлік қабілеті, әртүрлі ортаға тез бейімделгіштігі, қиыннан қиыстыратын тергеу-барлау амалдары, әлбетте, тәнті етпей қоймайды. Зұлымдықпен күресуші, мейірбан, қайсар, ержүрек, алғыр ой мен өзгеше барлап-бақылау қасиетіне ие тыңшының қылмысты ашу жолында небір қанқұйлы, шым-шытырық жағдайды өзінің дедукциялық әдісімен оңай ашып, әділдік орнататыны оқырманды еліктіріп әкетеді.