«Құлыншақ» және «Балапан»

«Құлыншақ» және «Балапан»

Шығысқазақстандық авторлардың шығармаларын насихаттау бойынша «Ғажайып оқу сәті!» атты облыстық бір мезгілде кітап оқу акциясы аясында кітапхана қызметкерлері Өскемен қаласы әкімдігінің №106 «Қарлығаш» балабақша-бөбекжайына қонақ болып қайтты. «Құлыншақ» және «Балапан» топтарының 4-5 жастағы балдырған-бүлдіршіндеріне жерлесіміз, қаламгер, балалар жазушысы Камшат Нұғыманованың «Жоғалған ұйқы» кітабынан алынған «Кітап пен планшет» атты шығармасының желісінде түсірілген көлеңке театры бүлдіршіндер назарына ұсынылды. Шығарманы тамашалау барысында кішкентай бүлдіршіндер ұялы телефонның зиянының да бар екенін және кітаппен дос болудың қаншалықты пайдасы бар екенін білді. Кішкентай бүлдіршіндер көлеңке театрынан алған әсерлерін куана айтып, кітапхана қорындағы балаларға арналған суретті кітаптарды да қызыға тамашалады. Өздеріне берілген кітаптарды таласа қызықтаған балалар кітапқа деген қызығушылақтарының бар екендіктерін байқатты. Сондай-ақ, балалардың сүйікті кейіпкелері ақылды Күлдіргі мен тентек Бүлдіргі де осы айтулы күні балабақшада болып, балалардың тапқырлықтарын танытатын «Кім көп біледі?», ептіліктерін білдіретін «Кім жылдам?», «Ту кімде?» ойындарын бүлдіршіндермен бірге қызыға ойнады. Кітапханашылар жас бүлдіршіндерге ата-аналарымен бірге кітапханаға келіп, өздері ұнатқан және қалаған кітаптарын үйге алып оқуға болатынын айтып өтті.

Кітаптар мекенінде жүздескенше жас дос!

 

Share