Америкалық фантаст-жазушы Фрэнк Герберт «Құмбел хроникаларымен», әсіресе оның алғашқы романы «Құмбел» циклімен әйгілі болған. ХХ ғасырдың 60-жылдары алдымен АҚШ-та, одан кейін бүкіл әлемде дүмпу тудырған фантастикалық роман адамзат дамуының біздің заманымыздан да бес мың жыл ілгері болашағын болжап бергендей. Роман оқиғасына адамзаттың эволюциялық даму барысында аман қалуы, экология проблемалары, діндердің, саясат пен биліктің өзара әрекеттестігі сияқты маңызды мәселелер арқау болған. Мұндай көпқатпарлы, күрделі романды зерттеп, жазып шығуға автор өмірінің 6 жылын сарп еткен. Шын мәнісінде, ғылыми фантастиканың жауһары саналатын бұл роман көптеген талантты жазушылардың осы жанрдағы шығармашылық ізденістеріне игілікті ықпалын тигізді. «Құмбел» (Dune) романы қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып отыр.